№ 35 (364) 


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЛ БІРЛІГІ ДОКТРИНАСЫ

CONSENSUS · 171 рет қаралған

Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер мен лайықты тіршілік жағдайын туғызуға ұмтылу, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын мойындау, ұлт тағдырына жауапкершілікті сезіну, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда, мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілгендей байырғы қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілік құру мен нығайту және де басқа қағидаттарды негізге ала отырып, қоғам мен ұлтқа Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасы ұсынылады.

Толығымен…

ҚАҢЛЫНЫҢ АҒАШ АРБАСЫ

CONSENSUS · 678 рет қаралған

Әлемдік өркениеттің өкше ізі қазақ даласынан бастау алғандығын алдымен өзіміз мойындауымыз керек

«Қаңлыдан ұл туды дегенше,
ағаштан күн туды десеңші»
(Қазақ халқының ежелгі мәтелі)

Қаңлылар VІ ғасырда әлемде бірінші болып, төрт дөңгелекті арба жасап, өз тұрмыстарына кеңінен пайдалана бастады. Сол кездегі өркениеттегі өнертапқыштық дүниежүзінің төрт бұрышына тарап, бүкіл адамзат игілігіне айналды. Бұл жаңалық бүгінде жан-жақты дамыған көлік құралдарының алғашқы қарлығашы болатын. Дүниежүзіндегі бірінші мектеп біздің дәуірімізге дейін V ғасырда тарихшы Тит Ливийдің ұйымдастыруымен ежелгі Римде дүниеге келгендігін жақсы білеміз. Ал, Қазақстанның оңтүстігіндегі Отырар жерінде Қаңлы мемлекетінің жазу графикасы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда пайда болғанына әлі де күмәндана қараймыз.
Күмәнданатын ештеңесі жоқ. Бұл нақты деректі Ресейдің белгілі ғалым-тарихшысы Л.А.Коханова және басқа шетелдік беделді ғалымдар растап отыр. Қытай тілінде шыққан «Қазақ мәдениеті тарихы» кітабын оқысаңыз, көптеген тарихи шындыққа көзіңіз жетеді. 643-712 жылдары өмір сүрген қаңлы Шайхы ном кітабын қытай тіліне аударып, хан елінің ұлы ұстазы атанады. Қаңлы шайхылары мен монахтарының Қытайға будда дінінің әкелінуіне зор үлес қосқандығын осы елдің белгілі ғалымы Су Беи хай және басқа тарихшылары жан-жақты жазды. Дін тақырыбы қозғалған соң айта кететін тағы бір ақиқат пен шындық бар. Қаңлылар 777 жылы түркі тілдес тайпалардың арасында бірінші болып, ислам дінін қабылдаған ел. Олардың ислам дінін уағыздауды таратуда, мойындатуда сіңірген еңбегі, негізгі ислам дінін таратушы қожалардан кем емес.
Әлемдегі ұлы ғұламалардың бірі әл-Фарабидің туған жері – Отырардағы кітапхана – әлемдегі ең үлкен екінші кітапхана болғандығын бүкіл дүниежүзі жақсы біледі. Негізінен қаңлылар тұрған бұл қалада сәулетті мешіттер, медреселер, күмбездер болды, жер асты су құбырлары жұмыс істеді. Алтын, күміс, мыс қорытылып, ақша шығарылып, сауда жұмысы жақсарды. Сол кездің өзінде ауылшаруашылық саласы мен өнеркәсіп кеңінен дамыды. Қаңлылар дүниежүзінде алғашқылардың бірі болып шарап жасаудың үздік технологиясын ойлап тапты. Осы игі істермен қатар, ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет, сәулет өнері, медицина салалары өркен жайып, Отырардың атағы дүниенің төрт бұрышына белгілі болды. VІ ғасырда Отырар қаласының маңындағы Қарабие қорғанынан табылған бір адамның бас сүйегіне операция жасалғаны туралы деректер бар. VІІ ғасырға жататын бір қорымнан табылған қаңқаның бір аяғы тізеден төмен кесілгендігін, бірталай жыл ағаш аяқ пайдаланғандығын ғалымдар дәлелдеп берді. Яғни, қаңлылар ХІІІ-ХІV ғасыр бұрын адам бас сүйегі мен аяғына операция жасауды меңгеріп, жүзеге асыра бастаған. Ерте дәуірдің өзінде Қаңлы мәдениетінің қарыштап дамығанын қолдағы бар деректер дәлелдей түседі. Қытай тілінде жазған Қаңлы ақыны Потодын 10 томдық шығармаларымен тұтас хан еліне танылған ғалым, ақын, сазгер болған. (Батыс өңір аз ұлт жырларынан таңдамалар, Қытайша 4-бетін қараңыз). Біздің заманымыздың 232-348 жылдары жасалған, ақын 117 жыл ғұмыр кешіпті. Ол үлкен оқымысты ғұлама адам болған. Зерттеу жұмысымен бүгінгі Кашмир, Үндістан өңірін аралаған, ақынның көптеген өлеңдері сол кездегі Қытайдан шыққан атақты «Гаузуннама» деген кітабында жарияланды.
Сондай-ақ, Қаңлы Хату әрі ақын, әрі сазгер, әрі ғалым болып, 589 жылы 10 томдық шығармасы жарық көрген. Оның көптеген өлеңдері, ғылыми еңбектері өз дәуірінде жоғары баға алды. Оның «Чаң-Ән аймағы» деген өлеңі алыстап кеткен заманды көз алдыңа елестетеді.

Чаң – Әннің жолы тар, иір-қиыр,
Бұтақталып жан-жаққа таралады.
Кестелеген қорамсақ ернеуінде
Дөңгелектер шиқылдап ән салады.
Улында (жер аты) көп тақуа,
сөзуарлар,
Топ-тобымен жасақтар жар салады.
Жастар қалай түсінсін қарт сардарды,
Тек ашумен толады бар шанағы…
Ақынның бұл өлеңінен жасақ басқарған сардар екендігі, қаруларын арбаға тиеп, соған ән салдырып, шеру тартып жүргендігі айтылады. Өлеңнен қаңлылардың жауынгер халық болғандығын аңғаруға болады. Қытай тілінде жарық көрген Батыс өңірі аз ұлт жырлары таңдамалар кітабында 1255-1300 жылдары өмір сүрген қаңлы ақыны Бұқым туралы деректер көптеп кездеседі. Ақынның Бұқымның «Умашан бастауынан өткенде» деген өлеңі былай басталады:

Кәусар бұлақ бастаудың суы тұнық,
Сусындайды жолаушы бетін жуып.
Баяндайды ол жүргінші халайыққа,
Әлмисақтан бергіні тарих қуып.
Қытай деректеріне сүйенсек, қаңлы Сәрсен 1295-1345 жылдары өмір сүріп, соңында көп әдеби мұра қалдырған ақын. Қаңлы Бұқұмның ұрпағы Сәрсен-Зсан, Наунау деп те атанған. Ғұлама небәрі 51 жасында Пекинде қайтыс болады. Өмірінің ақырында қатты жоқшылық тартып, жерлеуге кебін табылмаған. Ол сондай-ақ, өз дәуірінің белгілі хаткері, көркем жазу шебері болған зиялы жан. қытай көркем жазуының негізін салып, ережесін жазып кеткен сан қырлы өнерлі жанды қытай халқы осы күнге дейін ұмытпай, есімін қастерлейді. Солтүстікте Сәрсен – Зсан, оңтүстікте Жаумынжау – екі дегдар, қос гауњар атанған.
Қаңлылардың мәдениеті өте жоғары дамығанын көне деректер жан-жақты дәлелдей түседі. Қаңлы қыздарының «Арыстан биін» билегеніне арнап, қытайдың Таң дәуіріндегі ақыны Бай Жуй-и «Биші бикеш» жырын:

Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап.
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып шарықтап, –
деп бастайды.
Қытай қаламгері Лу Ян біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ғасырда Жанчян хан патшалығының астанасы Чаң Әнге Кусаннан қобыз, барабан, били (түтікше музыка аспабы), пипа (бес ішекті аспап) сияқты музыка аспаптарын ала барған. Таң дәуіріндегі тоғыз бөлімді би музыкасының бір бөлімі осы Кусан би музыкасы болатын. Ол хан ордасында ойналудан тыс ауыл-қыстаққа дейін таралып, осыған орай арнайы тартымды жырлар, өлеңдер жазылады. Осының өзі қаңлылардың қобызды бұдан 3-4 мың жыл бұрын музыкалық аспап ретінде пайдаланғанын айғақтап тұр. Біздің дәуірдің ІХ-Х ғасырында, ұйғырлар Шыңжанға келіп қоныстана бастайды. Одан бұрын мұнда њұндар, қаңлылар, ұлы йуздер мекендеген.
Хан елінің тарихын жазған қаңлы Теміртасты, Бояутайдың баласы ғалым Тайбұханы, қаңлы Калел, Таутұн, Бұқаларды үлкен мақтанышпен айтамыз. Калел, Тайбұха сияқты шеберлер тұтас Шыңғыс хан патшалығының мәдени-ағарту, ғылым-техника жұмыстарын басқарғаны жөнінде деректер көптеп кездеседі. Ляу, Жин, Сун хандықтарының тарихын осы ғұламалардың жазып шыққанынан қытай ғалымы Су Бейхай қытай тілінде шыққан «Қазақтың мәдениет тарихы» деген кітапта жан-жақты талдап жазады. Қаңлылардың өркениетке қосқан үлесін қосқанда әлемдік ғылым мен мәдениеттің шоқтығы белесіне көтерілген Әбу Нәсір әл-Фараби, Ғаббас Сайд әл-Жауњари, Ысқақ әл-Фараби, Сымайыл әл-Жауњари, Ахмет әл-Фараби, Ахмед Яссауи, Әбілқасым әл-Фараби, Әлбіүгнеки, Смаил әл-Отырариді ерекше атап өткен жөн. Отырардан шыққан Қаңлы Әбу Нәсір әл-Фараби әлемдегі екінші ұстаз, ғұлама ғалым екенін қайталап жазып жатудың қажеті жоқ. Қаңлылардың тарихы туралы біздің жыл санауымыздың 500-ші жылдары өмір сүрген қытайлық Жан Шан шынайы дүниелер жазып, баға жетпес деректер қалдырды. Ол сол кезде Үйсін мемлекетіне елшілікке жіберіліп, Ауғанстан арқылы өтіп, Қаңлы мемлекетіне келеді. Қаңлылар Қытай елшісін көршілес Үйсін мемлекетіне жеткізіп салады. Елші осыдан 2000 жылдан астам бұрын жазған жолжазбасында Қаңлы мен Үйсіндердің мемлекеті бөлек болғанымен, діні, тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бір екендігін жазады. Сондай-ақ, грек жињангері Геродот өзінің «Тарих» деп аталатын еңбегінде 490 жылдарғы қаңлылардың өмірі мен тарихы туралы көптеген тың деректер жазып, құнды дүниелер қалдырды. Жапонның белгілі тарихшысы Ширатори да қаңлы тарихын көп зерттеген оқымыстылардың бірі. Ол өзінің ғылыми еңбегінде: «Хан патшалығы кезінде қаңлылар мекендеген жердегі елдің салт-дәстүрі қазіргі қазақтардың салт-дәстүрінен ешбір алшақтамайды. Бұдан байырғы қаңлылардың қазақтың түп ата тегінің бір бұтағы екендігіне ешбір күмән тумаса керек. Өкінішке орай, қазақ ұлты ХV ғасырда ғана қалыптасты, соған сәйкес аталған дәуірдің алды-артында ғана «Қазақ» деген ұлт аты өмірге келді дейтін жаңсақ пікір бар», – деп өте құнды пікір жазды. Қытайдың көрнекті тарихшысы әрі жазушы Су Би Хай да қаңлы тақырыбына көп қалам тартып, тұжырымды зерттеу жүргізген белгілі оқымыстылардың бірінен саналады. Ол «Юан хандығының тарихы» кітабында жарияланған Қытай патшасы Узонның баяндамасын негізге ала отырып, сол кездегі империя гвардиясының ішінде арнайы «қаңлы қолы» болғандығын, бұл жасаққа қаңлы батыры Асабұқа басшылық еткендігін, олардың батырлығы мен ерлігін жан-жақты жазды. Ал, қытай жињангері Жан Чян біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда Қаңлы мемлекетіне саясат жасап, шынайы тарихи деректер жазды. Осының бәрі бүгінде баға жетпес тарихи құндылықтарымызға айналып отыр. Рим империясын талқандап, көп ғасырлық тарихы бар Константинопольды басып алған Осман түріктері өздерінің арғы тектері Орта Азия екендігін жақсы біледі. Осындайда қазақтың ұлы ақындарының бірі Шәкәрімнің: «…1219 жылы Шыңғыс ханның әскері Орта Азиядағы елді шауып, быт-шыт қылғанда, қаңлының Қайыхан деген ханы елу мыңдай қаңлыны алып, Рим жеріне барады. Соғыс өрті басылып, Қайыханның баласы – Сүлеймен елін алып, қайтып келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң, Сүлейменнің баласы Тоғрұл төрт жүздей үйімен Арыз маңында қалыпты… деп жазғаны еріксіз ойға оралады. Ал, түрік тарихын жан-жақты зерттеуші ғалым Зеки Уәлиди Тоған өзінің көптомдық тарихи зерттеуінде XІІІ ғасырда Осман империясын құрған Осман сұлтанның тегі – қаңлы тайпасынан шыққан қаңлы руы екенін атап көрсетеді. Жоғарыда аталған деректерді қазақтың алғашқы тарихшыларының бірі М.Тынышбаев, орыстың көрнекті ғалымы Н.Аристов, француз ғалымы К. Д’осстон және басқа да ғалымдардың жазған еңбектері нақты дәлелдейді. Бұл пікірді Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ә.Қайдаров және басқа да көрнекті ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Осы деректі осыдан біраз жыл Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің проректоры, түріктің көрнекті ғалымы Ю. Әбірахманның аузынан да есіткеніміз бар. Яғни, Осман түріктерінің түпкі тегі қазақ халқының көне тайпаларының бірі – қаңлылардан шыққандығы туралы айғақтар көп.
Ыстамбұлда арғы тегі қаңлы Осман империясының тұрғызған таңғажайып ғимараттары көптеп саналады. Бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған, Ыстамбұлға ерекше көрік пен айбат беріп тұратын Сұлтан Ахмет мешіті – түркі және ислам әлеміндегі ең атақты ескерткіштердің бірі. Мешіттің сыртқы көрінісі қандай сән-салтанатқа бай болса, іші де әдемілік пен сұлулыққа толы. Сонау алыстап кеткен 16 ғасырда өмір сүрген түріктің ұлы сәулетшісі Мехмед Аганың қас шеберлігіне бас иіп, таңғажайып сұлулық әлеміне еніп жүре бересің. 1661 жылы біткен Сұлтан Ахмет мешіті қайталанбас архитектуралық шешімімен, сән-салтанатымен, әсемдігімен – бүкіл әлем жұртшылығын осы күнге дейін таңқалдырып келеді. Топкары сарай мұражайы да туристердің ең көп келетін тарихи орындарының бірі. 600 жыл бойы салтанат құрып, көп мемлекетті билеген Осман империясының сұлтандары осында тұрған. 1453 жылы римдіктерді жеңіп, абыройы асқақтаған Фетих Сұлтан Мехмед Осман императордың қасиетті тәжін осында алып келіп, бүкіл әлемге танылады. Бүгінде мұражайға айналған сарайда 4 аула, бірнеше бөлім бар. Олардың бәрі жер бетіндегі ең ұзақ өмір сүрген Осман империясының күші мен құдіретін, сәні мен салтанатын паш етеді. Алып патшалықтың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жан-жақты көрсететін теңдесі жоқ, құнына баға жетпейтін жәдігерлік дүниелерді Топкары сарайынан көре аласыз. Түрік президенті Ататүріктің жарлығымен сан ғасырдың куәсі болған, небір ұлы сұлтандар мен ғұламалардың ізі қалған салтанатты сарай 1924 жылы мұражайға айналып, алғаш рет түркі халқына, шетелден келген қонақтарға есігін айқара ашты. Бүкіл адамзаттың рухани астанасының алғашқы ірге тасын Қия Қаңлының ұрпақтары – Осман империясының қалағандығын ұмытпауымыз керек.
Соңғы кездері адамзат өркениетінде ерекше орын алатын Шумерлер мемлекеті, шумерлер туралы көп жазылып, көп айтылып жүр. Итальян, ағылшын, неміс, еврей және басқа халықтар да өздерінің түбін, теңдесі жоқ мәдениеті мен рухани байлығын шумерлерден іздейді. Дегенмен, дүниежүзінің ең беделді, білікті деген, қара қылды қақ жаратын ғалымдары шумерлердің түркі тілдес халықтарға туыс екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Жақында «Ана тілі» газетінде «Шумерлер – түркілермен тектес халық» атты көлемді мақала жарық көріп, оқырмандардың назарын өзіне аударды. Сөз жоқ, белгілі жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов шумерлердің тарихын, олардың адамзат өркениетінде алатын орнын, түркі тілдес халықтарға туыстық жақындығын жан-жақты зерттеп, талдап жазған. Тарихшылар мен лингвистер үнсіз қалып, аша алмай жүрген сырды жан-жақты ашуға белгілі ғалым, қаламгер батыл қадам жасайды. Өкінішке қарай, шумерлер мен түркілерді байланыстыратын маңызы зор, тарихи құндылығы терең, кейбір деректер мақаладан тыс қалыпты. Қалың оқырманға оны жеткізуді жөн, жөн емес-ау, парыз санап отырмыз. Ефрат пен Тигр алқабында қалыптасқан көне (б.д.д. ІV-ІІІ ғ.ғ.) Шумер мемлекетінің мәдени дәстүрі қатар жатқан қос өзен Сейхун мен Жейхун аралығында дәуірлеген Құшан, Канғюи-Қаңха Хорезм мемлекеттерінің дәстүрімен байланыста болғандығын кезінде орыстың белгілі ғалымы С.П.Толстов жазған еді. Ал, Еуропаның белгілі ғалымдары Ф.Хоммел және А.Фалькенштеин өткен ғасырдың өзінде шумерлердің арғы аталары қаңлы болды деген пікір айтқан еді. Шумерлердің ежелгі тарихын көптен бері зерттеп жүрген қазақтың талантты ақыны О.Сүлейменов пен белгілі ғалым С. Аманжоловтың бұл туралы пікірлері ашық айтылмаса да, жоғарыда аталып өткен әлемдік өркениетте өзіндік орны бар шетелдік ғалымдардың тұжырымдарымен тұспа-тұс келіп жатады.
Біз бұл бір жақты пікір дегеннен аулақпыз. Оны жан-жақты түбегейлі зерттеуді ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Шынайы пікірге толы талас әрқашан да шындық пен ақиқатты тудырып жатады. Ал, қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйтқы болған негізгі тайпалардың бірі – Қаңлылардың Шумерлер сияқты адамзат өркениетінің өркендеуіне қосқан үлесі шексіз екені бәрімізге де белгілі ақиқат.

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ,  профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент – мүшесі.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры.

Н2O

CONSENSUS · 575 рет қаралған

1980 жылдарға қарай оқымыстылардың басын қатырған фантастикалық болжам шындыққа ұласты. Ол – адам айтса нанғысыз жайтты көлденең тартады: судың ес-жадысы бар екен. Әлемнің көптеген елдерінде жүргізілген сынақтың нәтижесі көрсеткеніндей судың кез-келген әрекетті қабылдап, есінде ұстап қалатыны дәлелденген. Қоршаған ортадағы құбылыстардың барлығын жадына тоқиды. Бір нәрсенің не екенін білу үшін оған бар болғаны тиіп кетсе жеткілікті, бүге-шігесін әп сәтте ажыратады. Және осы ақпаратты мүлтіксіз сақтайды. Бұл қасиетін ата-бабаларымыз ежелден аңғарса керек. Қарапайым суды күміс құтыға құйып, дем салып, емге ішкен.
ЕС-ЖАДЫ
– Кіршіксіз таза күміс су – бүгінде ең керемет дәрі, – дейді Пенсильван университетінің профессоры, АҚШ-тың Халықаралық Ғылым академиясының мүшесі Рустум Рой. – Оның шипалылығы сондай Ауғанстандағы, Ирактағы Америка әскері осы суды ғана пайдаланады. 100 миллионға арналған бір атом жарадағы барлық микробты өлтіріп, залалсыздандырады. АҚШ Президенті дизенфекция үшін қолын осы сумен шаяды. Бұл судың не ғаламаты бар деген сауал еріксіз көлденеңдейді. Ақпаратты бойына сақтай отырып, су жаңа бір қасиетке ие болады. Бірақ, соған қарамастан оның химиялық құрамы бастапқы қалпында қала береді.
– Күні бүгінге дейін ғылымда судың химиялық құрамы маңызды деген тәңіри ұғым қалыптасқан. Ендігі сенсациялық жаңалық – судың химиялық құрамы түкке тұрғысыз екен. Бар құпия құрылымында болып шықты, – Р.Ройды осы қызықтыра түсті.
Судың құрылымы тек қана молекулалар жиынтығынан тұрады. Молекулалар жиынтығы өзара бірігіп топ құрады. Бұны – кластерлер деп атайды. Ғалымдардың пайымдауынша, дәл осы кластерлер – ес-жады ұяшығы. Олардың өзіндік ерекше қасиеті арқылы су магнитофонның таспасындай көргенін, естігенін, сезінгенін қалтқысыз жазып отырады. Тіпті, шам жаққанда судың құбылатынын адамдар білмейді. Тексеру кезінде байқалғанындай технологиялық ықпалдылықтың күшімен, яғни, жоғары вольтты электр өрісінен өзгереді. Әрине, су – су күйінде қалады. Бірақ оның құрылымы, образды айтқанда жүйке жүйесі кез келген болымсыз әсерге бой алдырады. Заманауи аспаптар әрбір ұяшықта 440 мың ақпараттық жолақтар бар екенін анықтады. Қоршаған ортада оның әрқайсысы өзіндік әрекетке жауап береді.
Егер кластерді молекулалардың тобы десек, онда оның өмірі ұзақ емес. Құрылым ретінде қарасақ, молекулалар белгілі бір уақыттарда ыдырап, орнына жаңа молекулалар кірігіп отырады. Мұндай жағдайда кластер тиімді де ұзақ өмір сүреді. Дәл осы құрылымның тұрақтылығы судың жадына тоқып, есіне сақтап қалатын қабілетін дәлелдеп берді.
– Мүмкін, су – бітімі бөлек, құн жетпейтін жалғыз компьютер шығар. Бәлкім, ақпараттар қорын жинайтын ес-жады. «Мұндай құдыреттіліктің сыры неде?» дейсіз ғой, – Рустум Рой жұмбақ жымиыс кейіпте үзіліс жасады. – Бұл кәдімгі әліп-би сияқты. Әріп танымасақ, әліпті таяқ деп білмейміз. Сөзді ұғынып, сөйлемді оқи алмайсыз. Сондықтан, молекулярлық құрылым – судың әліп-биі. Оны оқи алсаңыз сөйлем құра аласыз, өзгерте аласыз.
– Біз суға әртүрлі факторлармен әсер етіп, эксперимент жасап көрдік. Магнит пен электр өрістері қолданылды. Басқа да нысандар сыналды, соның ішінде адамды да араластырдық. – Ресей Жаратылыстану Ғылымы академиясының академигі, профессор, Константин Коротков жаңа бір істің шетін шығарды. – Адамның әшкере құлқын пайдаланып, байқастадық. Көзіміз жеткен нәрсе – жағымды, жағымсыз эмоциялар бәрінен де ықпалды күшке айналды.
Бір топ кісіге алдарында тұрған колбадағы суға ең жағымды сөздерді – мейірім мен сүйіспеншілік, қайырымдылықты іштей жұмылдыра айтқызады. Содан кейін шыны құтыны айырбастап, енді, керісінше тасжүректік пен қатыгездік, жеккөрушілік сияқты жағымсыз ниеттерін бағыштайды. Бұдан соң ізінше тексергенде мейірім шуағы төгілген судың энергиясы артып тұрақтанған да, лағнет алған құтыдағы судың құнары төмендеп кеткен.
– Мен судың ес-жадысы бар деп есептегеннен кейін, жұртшылыққа оның дәл солай екенін көрсетуге тырыстым. – Токио ғылыми – зерттеу институтының жетекшісі Масару Эмото әңгімесін байсалды бастады.
Ғалым Эмотоның зертханасында қилы-қилы әсерге ұшыраған судың түрлері зерттеледі. Түршіккен тамшының реакциясы криогендік камерада қолма-қол қатырылып, жазылып алынады. Микро толқынды пеште қызған су – үзік-үзік жіңішке ақшыл қоршауы бар сыны бұзылған күңгірт шеңбер; қалта телефонынан табылғаны – үзік-үзік бозғылт қоршауы бар қара таңба; рахмет айтылғаны – әдемі алты тармақты хрустальды қылау; кешірім сұрағаны – түзу де ашық алты қыр; жеккөрініштік білдірілген судың молекулалар тізбесі әр алуан нышанға енген – қоп-қоңыр, нобайсыз кристалл. Әрине, жақсы лепес естігенінің формасы эстетикалық жағынан көз тартады. Балағатқа ұшырағаны ешқандай нобайға келмейді.
Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегеніне қарап, бабаларымыз мұндай тәжірибені әлденеше ғасыр бұрын жасап, көз жеткізген бе дерсің. Заманауи технология жасанды жолмен судың құрылымын түзуге, яғни, энергиясын арттыруға жол ашты. Зертхана жағдайында бүршік жарған соя дәнін әлгіндей сумен суғарғанда, оның фотондық сәулеленуі 6 есе жоғарылаған. Тәжірибе көрсеткеніндей құрылымы түзілген сумен бапталған көкөніс мерзімінен ерте пісіп және оған ешқандай тыңайтқыш заттар қосылмағанның өзінде микроэлементтері мен белогы мол, құнарлы болады. Бір қызығы, теңдей көлемдегі алқапты суарғанда ол жай суға қарағанда 20 пайыз аз жұмсалған. Екі түрлі судың да химиялық құрамы – Н2О. Тек, біріншісінің құрылымы өзгертілген.
Бірдей судың нәрі неліктен екі түрлі нәтиже беретініне бүгінде ғылым тарапынан жауап жоқ.
(Жалғасы бар)

Тоқтасын АМАНҒАЛИ.

МҮЙІЗДІ ӨТЕГЕН КІМ, ТҮКТІ ӨТЕГЕН КІМ?

CONSENSUS · 389 рет қаралған

АЙТЫСҚА АРҚАУ БОЛҒАН АТТАС БАТЫРЛАР МА, ӘЛДЕ…

Еліміздің аға газеті «Егемен Қазақстанның» 2009 жылғы 25 ақпан күнгі санында менің «Үш Өтегеннің біреуі» атты мақалам жарияланған еді. Бұл мақаланың сәл-пәл толығырақ нұсқасы одан бұрынырақ Алматы облыстық «Жетісу» газетінде де (14 ақпан, 2009 ж.) «Өтеген батыр» деген атпен жарыққа шыққан болатын. Мұнда Ұлы жүзден, жалайыр елінің мырза тайпасынан шыққан Өтеген батыр Сәбден баласының қайбір ерлік істерін баяндауға күш салғанмын. Алайда, көп ұзамай-ақ бұған қарсы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде екі бірдей мақала жарияланды. Алғашқысы «Бәйдібек баба қашан өмір сүрген?» деп аталатын мақала (3 наурыз, 2009 ж.), авторы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ҒЗО директоры, белгілі жазушы-журналист Бақтияр Әбілдаұлы, ал екінші «Баба әруағымен ойнамайық» деп аталатын мақаланың (14 наурыз, 2009 ж.) авторы, белгілі жазушы – Марал Ысқақбай.

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ, жазушы.

Ең алдымен осылардағы дау-дамайдың негізгі түйіні неде екенін оқушы қауымға ескерте кетелік. Мен өзімнің аталмыш мақаламда сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған қањарлы заманда өмір сүрген жалайыр-мырза Өтеген Сәбденұлының ерлік істерін баяндаумен қатар ол аруақты бабаның сол заманда қазіргі Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Шеңгелді ауылының қасында, Іле өзенінің оң жағалауында жерленгенін айтқан едім. Алайда, көп уақыттан бері біраз ағайындар ол жалайыр емес, Ұлы жүздегі дулат-жаныстан шыққан Өтеген Өтеғұлұлының моласы деп атап жүргенін білетінмін. Тіпті сол дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлының біраз ұрпақтары Қапшағай су қоймасы салына бастаған кезде батыр моласы теңіз астында қаларынан қауіптеніп, 1973 жылдың шілде айында сол Шеңгелді түбіндегі бейітте жатқан сүйекті алып кетіп, Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Өтеген» ауылына (бұрынғы атауы «Кеңес») апарып, қайта жерлегені де ақиқат.

Иә, ол солай. Міне, осындай шатасулар қайдан шығады? Бұрынғы бір мақаламызда айтқанымыздай қазақ тарихында аттас тұлғалардың көптігінен олардың өмірін, ерлік істерін зерттеуде әрқилы қиындықтар туып келеді. Әрине, шынайы зерттеу жұмыстары жүргізілсе, ондай қиындықтарды жеңуге болады. Алайда, біздің қазақтың табиғатындағы бір ерекшелік – бір жерден бірдемені көре қалса ат басындай алтын тапқан адамша еліріп шыға келеді, мәселенің байыбына бармай оны аспандата көтеріп, жалпақ жұртқа, жариялап, тіпті «ас та төк» той жасауға дейін барады. Тек сабыр сақтап, шынайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ғана орашолақ. Бұған мысал ретінде мынаны айтуға болады. Осыдан екі жыл бұрын Астанада болғанымда қаладан шамамен жиырма шақырымдай қашықтықта атақты Қаракерей Қабанбай моласына қойылған үлкен мазарға барып, сонда ұлы батырдың аруағына тәу еткенім бар. Басындағы шырақшы бұрынғы партия-кеңес қызметкері, Қабанбай туралы кезінде бірнеше мақала жариялаған, талдықорғандық азамат Камал Әбдірахманов екен. Алайда, ресми түрде Қабанбай моласы сонда делінгенмен өзге біреулер басқа бес жерден осы батырдың моласын тауып, олар әлі күнге күңкіл сөзді жалғастырып келеді. Бұған себеп, әрине, шынайы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоқтығы. Бізде әрі кейбір ғылыми зерттеулердің өздері де оңып тұрған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын республикалық «Ақиқат» журналындағы «Шанышқылы Бердіқожа» деген мақаланы өзіме керек деректер бар шығар деп, мұқият оқып шықтым. Авторы жап-жас тарихшы аспирант қыз екен. Бұл жас талапкер тарихшы өз мақаласында қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалар Барақ сұлтан Тұрсынхан ұлы мен Көкжарлы Көкжал Барақ екеуін бір адам етіп жіберген. Міне, сөйтіп аттас адамдарды тарихшы мамандардың өздерінің шатастырып жүрген жағдайы да бар. Міне, осындай жағдай дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлы мен жалайыр-мырза Өтеген Сәбденұлы төңірегінде де қалыптасып отыр.

Жоғарыда аталған маған қарсы жазылған екі мақаланың алғашқысының авторы Бақтияр Әбілдаұлы Іле өзенінің жағасында, Шеңгелді ауылының түбінде жерленген екі Өтегеннің қайсысы екенін анықтау үшін бүгінгі ғылым мен техника жетістіктерін пайдаланып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтады. Мен бұл пікірге толық қосыламын. Себебі, ғылым деген дами беретін нәрсе. Ал екінші мақаланың авторы Марал Ысқақбай олай емес, бәрін біржола өлшеп-пішіп болғандай, түпкілікті шешім мынау дегендей тым өктем сөйлейді.

Мақтанғаным емес, шындығы, мен бұл мақаланы жазуға Марал Ысқақбайдың пікірін оқығасын бірден отыра кеткем жоқ, осы Алматыдан сол жалайыр Өтегеннің тікелей ұрпақтарын іздеп тауып, дидарласып, сосын Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Шеңгелді атты мекенге (бұл Шеңгелді қазір Қапшағай қаласының құрамына енгізілген екен), Қаратал ауданына қарасты Елтай, Сарбұлақ (бұрынғы атауы Қаражиделі) ауылдарына арнайы сапар шегіп, онда да қыруар ізденіс жұмыстарын жүргізіп, сосын ғана қолға қалам алдым. Кәне, осы сапар үстінде және одан бұрын да тапқан деректерімді пайдалана отырып, Марал Ысқақбайдың жазбасына талдау жасап көрейік.

Әу бастан байқағаным, бұл Марал туысқанымның мақаласында үстірттік дегенің аяқ алып жүргізбейді. Мысалы, салған жерден автор былай дейді: «Ұзақбай інім бұл кісі туралы біраз мәлімет жинапты… 1741 жылы Абылай тұтқынға түсіп, Қалдан Сереннің ордасында екі жыл тұрғанда, қасында Өтеген Сәбденұлы бірге болыпты, осы кісінің ақыл-кеңесінің арқасында пенделіктен құтылыпты». Ау, ағайын, мен осылай деп пе едім? Өз мақалаңнан өзіңнің цитата келтіруің ұяттау сияқты, бірақ мына жерде мен солай етуге мәжбүр болып отырмын. Міне, менің сөздерім былайша түзілген еді: «Абылай сол Қалдан-Сереннің туған күйеу баласы, әйгілі қолбасы Шарышты сонау «Аңырақай шайқасында» жекпе-жекте өлтірген ғой. Сол үшін де қалмақ қонтайшысы бұған жаман ызалы еді. Алайда, Абылай сұлтан тұтқында жатып, үлкен ұстамдылық көрсетті, шешендік өнердің де шыңына көтерілді. Міне, осындай күнде Абылай қасындағы Барақ сұлтан Тұрсынханұлы, жалайыр Өтеген Сәбденұлы, басқа да көрнекті адамдардың күнбе-күнгі ақыл-кеңесінің орасан зор роль атқарғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Соның арқасында, әрі Ресей патшасының ықпалымен Абылай сұлтан тобы босанып шықты. Тіпті қонтайшы оларды мол тарту-таралғымен, салтанатпен шығарып салды».

Бұл екі мысалды салыстырып, ежіктеп жатқым келмейді, себебі, зерделі оқырман өздері-ақ салыстыра оқып, М.Ысқақбайдың менің пікірімді қалай бұрмалағанына көз жеткізер деп үміттенемін. Жарайды, мұндай ауытқулар ұсақ-түйек нәрсе, енді негізгі мәселеге көшейік. Біз ең алдымен мынадай сұраққа жауап берейік. Менің мақалама арқау болған жалайыр-мырза Өтеген Сәбден баласы тарихта болған адам ба, жоқ па, әлде кейбіреулердің айтып жүргеніндей жалайыр Өтеген мен дулат Өтеген – екеуі бір адам ба? Марал Ысқақбай да өз мақаласының басында жалайыр-мырза Өтегеннің тарихи тұлға екенін мойындаған болып, соңында екеуі бір адам-ау дегенге саятын пікірлер қоздырады. Ең дұрысы осы мәселенің дұрыстап басын ашып алайық. Ол үшін Марал Ысқақбай мақаласының ең бір түйінді тұсы осы-ау деген жерден бір цитата келтірелік. «Ұмытпасам, сонау 1992 әлде 1993 жылы болу керек. Талдықорған облыстық газетінде Мүйізді Өтегенге қатысты бір мақала жарияланды. Сонда Қаратал ауданының Абай атындағы ауылында Өтегеннің қалмақ әйелінен туған Тоқтарбай, Төке дейтін балаларының ұрпағы саналатын жиырмашақты үй бары айтылған екен. Мен оны елдегі ағайындарға жеткіздім. Батырдың 300 жылдығын кең көлемде атап өту үшін даярлық жұмыстары басталған кез. Егер шынында да бабамыздан қалған ондай ұрпақ бар болса, алдағы жиынына шақыру парыз деп есептелініп, аталмыш ауылға қордайлық төрт кісі – Болат Оңғарбаев (марқұм), Қуаныш Нұртаев, Сағын Жәпеков (марқұм), тағы біреу – әдейі ат ізін салған. Бәрі де Өтеген Өтеғұлұлының ұрпақтары-тұғын. Алыстан арнайы іздеп келген ол ағайындарды қараталдық азаматтар қой сойып, қол қусырып дегендей қарсы алады. Жасы үлкен бір қарияның үйіне бас көтерер туыстары жиналып, ауылдың басшы азаматтары да қатыса отырып, әңгіме-дүкен құрды. Олар өздерін Мүйізді Өтегеннің тұқымы санағанмен, жалайыр мырзаға жатамыз деп есептейтін көрінеді. Әрине, Мүйізді Өтегеннің жалайыр емесі белгілі, қордайлықтар соны айтып түсіндіреді. Амал жоқ, екі жақ отырып шежіреге жүгінуге мәжбүр болады. Сонда анықталғаны – қордайлық Өтегендер мен қараталдық Өтегендер ата таратқанда, ата саны Өтегенге дейін бірдей болып келіп, ал Мырзаға дейінгі бірнеше ата үзіліп қалыпты. Олар бұған дейін Өтегенді бірден Мырзадан шығарады екен. Әңгіме ішінде бірге болған өзге жалайырлар өз аталарын Мырзаға дейін үзбей санап бергенде, бұлар олай ете алмапты. Содан кейін Абай ауылындағы Тоқтарбай, Төке ұрпақтары қордайлықтарды өздерінің бауырлары санап, мырза ішіндегі дулат екендеріне көз жеткізген сияқты болады. Соның әсері шығар, маған олар өздерінің шежірелерін де берген-дія. Мен оны әуелі «Мүйізді Өтеген» кітабына, кейіннен «Жаныс шежіресіне» қостым. Жаңылыспасам, Төкенің тұқымы болу керек, Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің география факультетінде сол кездегі деканның орынбасары болып істейтін жас жігіт «Мүйізді Өтеген» кітабын шығаруға қаржылық көмек ретінде маған 100 доллар ақша бергені есімде. Әттең, қайтып хабарласпай кетті де, есімін ұмытып қалыппын. Бұл енді мен дәлелдейтін, мен шеше аталатын мәселе емес. Кімнің тұқымы екенін әркім өзі анықтап, өзі шешуге тиіс. Ал Ұзақбай бауырым «шаш-етектен дәлелін» айтып сестеніп, текке «шошытқанша», осы мақаласында-ақ өзге деректерін де санамалап отырып ұсынуы керек еді». Бұл ұзақ үзіндіні текке келтіріп отырғанымыз жоқ. Мұндағы пікірлердің бәрі де алда айтпақ сөздерімізге мұрындық болғалы тұр. Біз тек жалайыр-мырза Өтеген Сәбден баласы тарихи тұлға екендігін дәлелдейтін дәйектерімізді алға тарта пікірімізді жалғастырайық. Жоғарыда осы мақаланы жазуға кіріспес бұрын Алматы қаласында көп адамдармен кездесіп, одан соң Шеңгелді, Елтай-Сарбұлақ елді мекендеріне сапар шеккенімізді ескертіп едік қой. Міне, сонда осы Алматыда ең алғаш дидарласқан адамдарымның бірі – осы үзіндіде Марал Ысқақбай атаған, бірақ анық ныспысын есіне түсіре алмаған, Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің жаратылыстану-географиялық факультеті деканының орынбасары, елтану және әлеуметтік география кафедрасының доценті Талғат Ошанұлы Уәлиев.

Бұл жерде мынаған назар аударыңыз. Марал Ысқақбай зерттеу мақала жаза отырып, өзімен бір қалада тұратын, қызмет орны белгілі адамды тауып дидарласуға мойны жар бермегенін ашық мойындайды. «Әттең… есімін ұмытып қалыппын» дейді. Апырау, шын зерттеушілер шаң басқан архивтерді ақтарып, неше ғасыр бұрынғы оқиғаларға, адамдарға қатысты деректерді тауып жатқанда М.Ысқақбайдың мұнысы несі? Мақаламыздың кіріспесінде айтылғандай: бұл кісінің менімен дау-дамайға бара отырып, мәселеге тым үстірт, жеңіл-желпі қарағанына тағы бір мысал осы.

Оның үстіне бұл Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің доценті Талғат Уәлиевтің қос Өтеген жөніндегі пікірі М.Ысқақбай пікірлеріне мүлдем қарама-қарсы. Ол ең алдымен мені өзінің үйіне апарып, 92 жастағы әкесі Ошан Уәлиевпен таныстырды. Менің қуанышыма орай, әкелі-балалы екеуі де құймақұлақ шежіреші адамдар болып шықты. Бұл әкелі-балалы жандар ең әуелі жалайыр-мырза Өтеген Сәбденұлы мен дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлы екеуі екі басқа адамдар, жай аттас, әрі замандас болғасын жұрттың шатастырып жүргені дегенді кесіп айтты. Әрі Өтеген Сәбденұлының осыдан үш ғасыр бұрын, қалмақ шапқыншылығы кезінде жалайыр көсемдері Ескелді Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан жырау (Қабылиса) сияқты тұлғалардың үзеңгілес серігі болғанын дәлелдейтін біраз аңыздарды көлденең тартты. Дулат-жаныс Өтеген Мүйізді Өтеген атанса, жалайыр Өтегенді елі Түкті Өтеген дейді екен. Себебі, соңғысының екі құлағының сыртында екі шоқ шаш желкілдеп тұрады екен. Сосын әкелі-балалы Уәлиевтер Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыры ауылының тұрғыны, осыдан бір-екі ай бұрын ғана өмірден озған ақсақал Рахметолла Толқымбекұлы құрастырып, жарыққа шығарған «Жалайыр: он екі ата» атты шежіре кітабын (Алматы «Дәуір» баспасы, 2000 ж.) көрсетті. Бір қолмен әрең көтеруге болатын үлкен басылым екен. Атақты Диқанбай батыр, басқа да ғұлама шежірешілердің жиған-тергені, басқа да қосалқы мәліметтер іздестіру негізінде құрастырылған мұнда он екі ата жалайырдың бір тайпасы Мырзаның үрім-бұтақтары жайлы егжей-тегжейлі деректер бар. Олардың бәрін келтірсек мақала көлемі тым қампиып кетеді, ал Мырза мен Өтегенге дейінгі жалаң тізбе бойынша былай: Мырза – Жаппарберлі – Аман – Қожаназар – Сәбден – Өтеген. Ал бұл жерде әкелі-балалы Сәбден мен Өтегеннің неше ағайынды екенін төменде айтпақ пікірлерімізге қажет болғасын толық келтірмекпіз. Сәбденнің Алтынай атты бәйбішесінен – Өтеген, Темірбек, Қайыр атты үш ұл, екінші әйелі Мападан – Бекен, үшінші, төртінші әйелдерінен Тоқсары, Баба, Абыз атты тағы үш ұл туған. Ал Өтегеннің осы Жетісу өңіріндегі негізгі шаңырағының астында Төке, Тоқтарбай, Өгізбай атты үш ұл ғана (қыздарды қоспағанда) қалған. Ал мына Уәлиевтер Марал Ысқақбай айтқандай Өтегеннің үлкен ұлы Төкенің емес, екінші ұлы Тоқтарбайдан тараған ұрпақ екен. Талғат әкесі Ошанның көзінше өзінің жеті атасын қағазға былай түзіп берді: Сәбден – Өтеген – Тоқтарбай – Қосақбай – Бастаубай – Уәли – Ошан – Талғат. Қарап отырсаңыз, атақты Өтеген батыр Ошан ақсақалдың бесінші әкесі, ал Талғаттың алтыншы әкесі екен. Ал бұларды жеті атасын дұрыстап таратып бере алмайтын адамдар деп атауға аузым бармайды. Ал мына үлкен шежірені құрастырғандардың білігін теріске шығару тіптен әбестік. Доцент Талғат Ошанұлы Уәлиев мұны ғана емес, өз атасы Тоқтарбайдың өзге балаларын, сондай-ақ Төке мен Өгізбайдың да үрім-бұтақтарын рет-ретімен сол шежіре бойынша қағазға мұқияттап түсіріп берді. Бірақ, қазір оған жүгінгім келмейді, сол үрім-бұтақтардың бүгінгі өкілдерімен ауызба-ауыз сөйлескім келіп еді.

Осы Алматыдан, сондай-ақ Сәбденнің тағы біраз ұрпағын таптым. Олардың бірі – Алматы қалалық мал дәрігерлік-бақылау инспекциясының бас маманы Ақан Әділханұлы Байшоранов еді. Ол өз жеті атасын қағазға былай түсіріп берді: Сәбден – Тоқсары (Өтегеннің төртінші інісі) – Жетен – Алдасүгір – Қапсалам – Байшора – Әділхан – Ақан. Бұл Ақанның екі інісі – Алматы Газ шаруашылығында басшылық қызмет атқаратын Ерғалық пен жай шаруа адамы Айқан да бұл жазбаны бас шұлғи мақұлдады. Ал Сәбденнің Темірбек (Өтегеннің өзімен тетелес інісі) атты баласынан тарайтын Болатбек Әбдірәсілұлы да сол Сәбденге барып тірелетін өз аталарын тізіп берді. Бәрі де Сәбденнен, не Өтегеннен, не оның інілерінен тарайды. Бәрі де жалайыр Өтеген туралы әңгімеге келіп тұр. Мұндай Сәбден – Өтеген ұрпақтарын бұл Алматыдан іздей берсең тағы да табуға болады екен. Алайда, мен олардың қалың ортасына, Талдықорған өңіріндегі Елтай – Сарбұлақ ауылдарына асықтым. Жоғарыда аталған доцент Талғат Уәлиев екеуміз солай арнайы сапарға шықтық. Онда бұл Талғаттың маған көп қолқабысы тиді. Себебі, ол өзі сонда туып-өскендіктен Сәбден – Өтеген ұрпақтарының қайсысы қай үйде тұрады, қайсысы шежіреге жетік, білімдар, сол жағын алдын-ала ескертіп, жұмысымызға нақтылы бағыт беріп отырды.

Біз ең алдымен осы Талғаттың туған інілері – осы Елтай – Сарбұлақ ауылдарының әкімі, мамандығы агроном Ғалым Ошанұлы Уәлиевпен, мұғалім-географ, көп жыл мектеп директоры қызметін атқарған Марат Ошанұлы Уәлиевпен дидарластық. Бұлар да өте білімдар, әкелері Ошанға тартқан шежіреші жандар екен. Ата таратуда әкелері мен үлкен ағалары Талғаттың пікірлерін айна-қатесіз қайталады. Газетте жарияланған менің мақалам мен оған қарсы жазылған Марал Ысқақбайдың мақаласын да мұқият оқып шығыпты. Соңғы мақаланың бұл ауылда біраз адамның күлкісін келтіргенін жеткізді. «Біздің бәрімізді жеті атасын дұрыстап таратып бере алмайтын топас етіп көрсеткені несі, бізді апарып дулаттармен шатыстырғаны тіпті ерсілік қой», – десті.

Осы тұста мен оқырман қауымға жоғарыда Марал Ысқақбай мақаласынан келтірілген үзіндіні қайта бір оқып шығу жөнінде өтініш білдірер едім. Онда дулат-жаныс Өтеген ұрпақтарының бір тобы кезінде осы Алматы облысы Қаратал ауданына қарасты Елтай-Сарбұлақ ауылдарына арнайы келгені айтылған ғой. Міне, солардың түскен үйі, жалайыр Өтегеннің тікелей ұрпағы Сейсенғали Смайыловтікіне асығып едім. Бірақ ағайынды Уәлиевтер ең алдымен осы Сейсенғалидің шешесі, он бір бала өсіріп Ер-Ана атанған, ауылымыздың ақсақалы есепті, анау-мынау әулиелік қасиеттері де бар Мәкен Есжанқызы Смайылованың шаңырағының астына кіріп, сәлем беріп шығуымды қалады. Қонақ қойдан жуас, мен келістім. Сейсенғалидің өзі Өтегеннің үлкен ұлы Төкеден тарайды екен. Сәбден – Өтеген – Төке – Есімбек – Есіркеп – Смайыл – Дүйсенбек – Жексенбі – Сейсенғали болып келеді. Жеңгеміз Мәкен Есжанқызы Сейсенғалидан кейінгі балаларының бірі осы ауылда жалайыр-Өтеген ата атындағы мешіт тұрғызғанын, әрі осындағы бір көшеге сол кісінің есімі берілгенін мақтанышпен баяндады. Сосын өз басында болған бір қызық жайтты жеткізді. «Тоқсаныншы жылдардың басында-ау деймін, осында бір көшеге Өтеген атаның есімі берілді. 1992-жылы күйеуім Жексенбінің әкесі, менің қайын атам Дүйсенбек өлді. 1993 жылы Алматыда, сондағы бір баламның үйінде қонақтап жатқанмын. Сонда түсімде өлгеніне бір жыл толған қайын атам Дүйсенбек үйге еңгезердей біреуді ертіп келеді. Атамның өзі де ұзын бойлы, аса денелі адам еді. Ал ертіп келгені өзінен де биік, мұрны дәу, қарасұр, құлағы қалқиған, әрі құлағының сыртында жүн өскен біреу. Бір ғажабы, кескін-келбеті бір жайдан қайынатамның өзі құралпылас. Бұл түсімнің мәнін алғашқыда ұғыныңқырамадым. Сосын ауылға оралғасын, біраз уақыттан соң, осында Жақан Бәлшенов деген бір туысқанымыз болған, өзі де қара жаяу емес, мақала жазатыны бар, қазір марқұм, сол біздің үйге бір сурет әкеліп, «мынау атамыз Өтеген Сәбденұлының ел аузында сақталған сипаттамасы бойынша салынған суреті» деді. Суретке қарап, талып түсе жаздадым. «Апырау, мынау менің анада Алматыдағы баламның үйінде түсімде қайын атам Дүйсенбек ертіп келген адамның тап өзі ғой» деп салыппын. Жақан Бәлшенов қайным: «Ендеше саған аруақ қонды», – деді. Ол кезде Өтеген атаға ас береміз деп, бұл ауылда мәселе көтеріліп жүруші еді, мен оған қарағам жоқ, ауыл-аймақты шақырып, өз үйімде ас бердім. Мүмкін аруақтың қонғаны да шығар, он бір баламның бәрі аман-есен, тұрмыстары да жақсы. Ал жаңағы сурет осындағы Рысбала деген қайын сіңлімнің үйінде, барып көрерсіздер», – деп әңгімесін аяқтады.

Ал Сейсенғали Жексенбіұлы Смайылов бұрын кеңес дәуірінде осы Елтай – Сарбұлақ бірігіп, «Абай» кеңшары атанғанда соның директоры болған екен. Қазір сол Абай атындағы бірінші шаруа қожалығының төрағасы. Ал оның інісі Алтай Жексенбіұлы Смайылов осындағы екінші шаруа қожалығының төрағасы, әрі қажылыққа барып келген. Сейсенғали үйіндегі бас қосуға осы інісі, әрі Алматыдан менімен бірге келген Талғат Ошанұлы Уәлиев, әрі оның інілері – ауыл әкімі Ғалым, Марат, сондай-ақ осындағы көзіқарақты, білімді саналатын біраз адамдар қатынасты. Былайша айтқанда, осындағы Қожаназар – Сәбден балаларының «төрт көзі түгелдей» дейтіндей әңгіме болды.

Сейсенғали сөзге ағып тұрған адам екен: «Мен бабамыз Өтегенге қатты ұқсап туыппын, маңдайымдағы екі имек сызық, одан төменгі тік сызық, бет-әлпетімдегі басқа да айшықтар соны айтады. Оны Рысбала қарындастың үйіндегі баба суретімен салыстырып көз жеткізерсіздер. Қасиет жағынан да ұқсастығым бар. 1973 жылғы шілде айында түсімде емес, өңімде Өтеген баба «Мыналар мені байлап жатыр ғой», – деп әлдекімдердің атына балағат сөздерді араластырып шағым айтады. Үлкен қара сұр кісі көлденеңінен жатқан күйі маған тағы бірдемелерді баяндайды. Кәдімгідей анық көріп тұрмын. Менің кейбір сөздеріме жауап береді. Кейін білдім, тап сол күндері жамбылдық ағайындар Шеңгелді түбіндегі Өтеген батыр денесін қазып әкеткен екен. Ал, «байлап жатыр» дегені осы жұмыстың барысында олар үнемі дұға оқыған екен. Сол дұғаның күші екен. Ал кейінірек түсімде бір бейіт басына қойылған кесене көрдім. Кімдікі екенін білмеймін, кейін бір інім Қордайда Өтеген басына қойылған кесененің суретін түсіріп әкелгенде мынау тап сол өзім түсімде көрген кесене екенін айттым. Сіздің мақалаңызда жазылғанындай жалайыр-мырза Өтеген Сәбденұлы тек батыр, мәмлегер, жињанкез, діндар ғана емес, көріпкелдігі де болған. Мысалы, мен ат бәйгесінде кімнің аты бірінші келетінін алдын-ала болжаймын. Қабан жырау Асанұлының 300 жылдық тойындағы үлкен аламан бәйгеде Көкен Құсайынов дегеннің аты бірінші келетінін алдын-ала болжап білдім (Сосын осындай көп мысалдарды тізді). Сенбесеңіз мына отырғандар соның бәріне куә. Алматыда албан Райымбек бабаның басында болғанымда бір сұрапыл жел өзінен-өзі дүр ете қалды. Осындағы Ескелді әулие Жылгелді баласының басына барсам үнемі оның сөзін естіп тұрамын. Түркістанға Қожа Ахмет Ясауидің күмбезіне бас сұққанымда оң жақта кенереден кіретін есігі бар бір бөлмеге кіріп, қайта арт жаққа қарағанымда Қожа Ахмет Ясауи моласына қойылған тас өзінен-өзі көтеріліп, ауада дірілдеп тұрды. Қасымда Ескелді әулиенің шырақшысы, өзі де сол әулиенің ұрпағы, жалайыр-сиыршы Бақберген деген кісі бар еді, менің түрімнің өзгеріп кеткенін көріп: «Не болды?» деп сұрады, мен көргенімді айттым.

Бұдан әріде отырғандар Сейсенғали Жексенбіұлы Смайыловтың бұл хикаятын одан әрі дамытып әкетті. Мұның көріпкелдігі, бұрын өтіп кеткен аруақтардың үнемі қолдап жүретіні, кейде олармен тілдесетіні жайында қыруар мысалдарды бірінен соң бірі қоздатты-ау. Әсіресе, соңғы жиырма жылда осы Талдықорған өңірінде, Алматыдағы ипподромда бұлар қатысқан қанша бәйге болды, соның бәрінде осы Сейсенғалидің кімнің аты озып келерін алдын-ала дәл болжағанын айтып, таңдай қағысудан жалықпады. Егер Алматыдан келген қонақ ретінде өзім тоқтатпасам бұл жырдың ұзақ таңға созылар түрі бар еді. Тек бұл жайларды неге келтіріп отырмын, соны ескерткім келеді. Бұл Қаратал ауданында мен дидарласқан адамдардың жерде жатқан ешқайсысы жоқ, бәрі де білімді, шежіреші, құймақұлақ, өз орталарында белгілі, араларында Мекке-Мединеге қажылық сапарға барып қайтқандары да бар, анау-мынау ерекше қасиеттерден де құралақан емес, құдай, аруақтан қорқатын, өтірік айтуға жүректері дауаламайтын, тәрбиелі, кең пейілді жандар екенін атап өтпекпін.

Қордайдан келген, дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлының ұрпақтары осы Сейсенғали үйіне түсіп, шынында да біраз әңгіме болып, шежіреге жүгініскен. Төрт ер адам, бір әйел бар, бәріне басшы Сағын Қыдырмаұлы Жәпеков деген кісі Қордайда Өтеген батырға орнатылған мазардың шырақшысы. Алайда, бұлардың арасында болған әңгіме Марал Ысқақбайдың мақаласында айтылғанға мүлдем ұқсамайды екен. Мысалы, бұлар менің көзімше Маралдың: «Қордайлық Өтегендер мен қараталдық Өтегендер ата таратқанда ата саны Өтегенге дейін бірдей болып, ал Мырзаға дейінгі бірнеше ата үзіліп қалыпты», – деген сөзін қалай түсінеміз деп дал болысты. Ол қос Өтеген өмір сүрген замандағы адамдардың баршасы бүгінгі ұрпақтың жетінші, не сегізінші атасы. Онда тұрған не бар екен? Әлде Марал Ысқақбайдың Өтегенге дейінгі аталар есімдері екі жақта да бірдей дегісі келіп тұр ма? Оған тіпті келмейді. Жалайыр Өтегеннің ұрпақтарын жоғарыда біраз келтірдік қой, ал дулат-жаныс Өтегеннен: Қосағал, Қосдәулет, Бертіс, Асау, Ылау, Аюса, Тарпаң, Базарбай атты сегіз бала туған. Ал олардан тараған ұрпақтар да жалайыр Өтеген ұрпақтарынан мүлдем басқа, шатастырарлық ештеңесі жоқ.

Осы отырыста, әсіресе, Марал Ысқақбайдың қараталдық Өтегендердің шежіре таратуынша «Өтегеннен Мырзаға дейінгі бірнеше ата үзіліп қалыпты» деген тұжырымы кекесінді күлкі тудырды. Біз келген қонақтарға олай айтуымыз мүмкін емес, бәрі М.Ысқақбайдың ойдан шығарғаны, шежіреде «Мырза – Жаппарберлі – Аман – Қожаназар – Сәбден – Өтеген» болып келетінін осындағы бесіктегі балаға дейін біледі десті. «Бәрімізді түк білмес меңіреу етіп көрсеткеннен, бұл жазушы қандай олжа таппақ» деген бағдардағы сөздер әлденеше нұсқада қайталанды. Ал аталмыш автордың мына сөздеріне тіпті шек-сілелері қата күлісті. Жоғарыдағы ұзақ цитатада бар, сонда да қайта келтірейік: «Содан кейін Абай (Елтай-Сарбұлақ. Ұ.Д.) ауылындағы Тоқтарбай, Төке ұрпақтары қордайлықтарды өздерінің бауырлары санап, мырза ішіндегі дулат екендеріне көз жеткізген сияқты болады». Апырау, мынау күлмесіңе қоятын сөйлем бе? Марал Ысқақбай бұл жерде не айтып тұр? Оқырман қауым, сіздер де мұқият зер салыңызшы. Марал туысқанымның айтуынша Жаныс, Ботбай, Сиқым, Шымыр атты төрт атадан тұратын қалың дулат он екі ата жалайырдың Мырза атасынан шыға ма? О, құдайым, өзің жар бола гөр. Одан әріде М.Ысқақбай былай көсіледі: «маған олар (қараталдықтар. – Ұ.Д.) өздерінің шежірелерін де берген-ді. Мен оны әуелі «Мүйізді Өтеген» кітабына, кейіннен «Жаныс шежіресіне» қостым». Бұл деген не? Бұл деген онсыз да шатысып жүрген қазақты одан әрмен шатыстырып-бытыстыру деген сөз. Оның солай екенін мына жерде дәлелдеп жатудың өзі артық. Еш барып, қазақтың бір тайпасының шежіресін екінші бір тайпасының шежіресіне қосақтап жібергені несі? Міне, біздің тарихымыздағы, шежіреміздегі былық-шылықтар қайдан шығады?

Сөз соңында, Сейсенғали Смайылов өз үйінде отырғандарды куә ете отырып, қордайлық ағайындар келгенде жалайыр, дулат шежірелері жайында ғылыми конференцияға ұқсаған үлкен әңгіме болған жоқ, олар да, біз де өз білгендерімізді ортаға салдық, сосын алыстан келген ағайындар болған соң, мал сойып, сыйлап қайтарғанымыз рас деді.

Ертеңіне жоғарыда аталған Өтегеннің Тоқтарбайынан тарайтын, мамандығы есепші Рысбала Есбаланованың үйіне келіп едік, ол агроном күйеуі Бақыт екеуі ең алдымен өз үйлерінде сақтаулы, қалампыр гүлінің кепкен дәндері себіліп, ақ шүберекке оралған Өтеген батырдың кісесін көрсетті. Ескіліктің дүниесі екені бірден аңғарылады, бұзау терісінен жасалған, жарты ай тәріздендіріліп, қалта ретінде жасалған бұйымның шет-шетін әлдекімдер кесіп әкетіпті. Сірә, тұмар етіп тағу үшін әкеткен. Біз мұндайлық асыл мұраға «бісміллә» деп, қолымызды әрең тигіздік. Ерте кезде осы Өтеген ұрпақтарының үйінде оның бас киімі, белдігі, қорамсасы, сауыты болыпты, тек сонау бір қиын-қыстау жылдарда әркім әрқайсысын қалап, сұрап әкеткен екен. Мен: «Мүмкін ол бұйымдардың біразы музейлерге өткізілген шығар, солардан іздеп көру керек», деген кеңес бердім. Ал мына кісені Рысбалаға шешесі – жалайыр-сиыршы қызы Гүлдана Нәдірбайқызы берген екен. Ал Гүлданаға енесі – найман қызы Нұрила беріпті. Бұл кісі де осы асыл мұраны арғы өз енесінен алыпты.

Сосын Рысбала қарындас әлгі Сейсенғали айтқан, жалайыр Өтеген Сәбденұлының Алматыда Ғылым академиясында батырдың түр-тұлғасы жөніндегі аңыз-әңгімелерде сақталған деректер бойынша, белгісіз біреудің қолмен салған суретін көрсетті. Екі құлағының сыртында жүн өскен, жүзі сұсты адам болып көрінеді. Мен ол суреттің көшірмесін жасатып, осы мақалаға қосып беріп отырмын. Егер оқырман дұрыстап зер салса батырдың Түкті Өтеген атануы тегін емес сияқты. Ал Мүйізді Өтеген дейтіндей басқа тосын белгісі жоқ.

Сосын осындағы Сейсенғалидың інілері салдырған, жалайыр-мырза Өтеген Сәбден баласы атындағы мешітке келдік, осы заманғы архитектуралық ізденістер негізінде тұрғызылған, алыстан көз тартатын, іші де, сырты да әсем ғимарат. Мешіттің имамы, қажы Мақсат Жақсыбекұлы Қалдыбаев Өтегеннің Баба атты інісінен тарайды екен. Өз ата-тегін қағазға былай түсіріп берді: Қожаназар – Сәбден – Баба – Айтуған – Шалқошқар – Аққошқар – Қалдыбай – Жақсыбек – Мақсат. Осы қажы имамның айтуынша мұның арғы атасы Баба Өтегеннің кенже інілерінің бірі әкесі Сәбден Бабаның бес жасында ақірет сапарға аттанып, өлерінде үлкен ұлы Өтегенге: «Мына бес жасар Бабаны саған тапсырдым» деген екен. Сосын Өтеген Бабаны қасынан тастамай, жастайынан батырлыққа баулыған екен. Имамның тағы бір түйінді сөзі мынау еді: – «Менің әкем Жақсыбек асқан шежіреші, әңгімеші адам еді, Өтегеннің көп ерлік істері, Шеңгелді түбіне қалай жерленгені, оның зиратының қасында тағы да кімдердің жатқаны жөнінде көп жазбалар қалдырған адам, керек жағдайда алдағы күнде ол жазбалардың ең бір құнды тұстарын бөлек қағазға көшіріп беремін», – деп уәде етті.

Ия, осы Қаратал ауданында қанша адаммен сөйлестім, бәрі де өз ата-бабаларын сонау арғы Мырзаға дейін тізе отырып, Түкті Өтеген Сәбденұлының сонау дулат-жаныстан шыққан Мүйізді Өтеген Өтеғұлұлына ешқандай қатысы жоқ, әрі Іле өзенінің Шеңгелді тұсындағы бейітте жерленген жалайыр Өтеген деп, қадап айтады. Оған мынандай дәлелдері бар: Шеңгелді айналасы қалың жалайырдың жері, онда дәл жалайыр Өтегеннің сүйегі жатқан зиратта оның әйелдерінің, басқа да мырза адамдарының молалары бар болатын. Оны сондағы тастардағы жазулардан аңғаруға болатын еді. Онда жалайырдың Мырза ғана емес, Балғалы атасына жататындардың да үлкен бейіті бар, себебі, мырзалар мен балғалылар қатар қоныстанған ел ғой дейді.

Жергілікті тұрғындардың бұл пікірлерін мен өз тарапымнан да дәлелдей аламын. Өткендегі мақаламда айтқанымдай, «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» атты, барлығы төрт томнан тұратын тарихи роман-эпопеямның соңғы тарауларын жазу үстінде атамекеніміз қалмақтардан азат етілген соң қазақтардың босаған жерлерге қалай орналастырылғаны жөнінде деректер жинағаным бар. Сонда көз жеткізгенім – сол жер бөлісі кезінде Малайсары тұсындағы Іле бойын балғалылар, ал Жоңғар Алатауының соңғы бөлігі Шолақ тауын, әрі Шаған тауынан Малайсарының теріскейіне дейінгі аралықты мырзалар иемденіпті. Жетісу географиясынан хабары бар адам бұдан мырза мен балғалылардың қоңсы қонғанын сезер еді. Мырза мен балғалының қалың бөлігі әлі күнге сол орындарында. Көбіне, бұл екі тайпаға қатысты зираттардың қатар болатыны да содан. Бұған қоса айта кететін бір дерек – мұндағылардың айтуынша осы жалайыр-мырза Өтегеннің әкесі Сәбден сонау Шу өзені маңында Шұбарайғыр деген жерде жерленген екен. Демек, ол кісі қалмаққа қарсы соғыс әлі аяқтала қоймаған шақта қайтыс болған.

Енді мына жағдайға назар аударыңыз. Біз Қаратал ауданынан қайтар жолда Шеңгелді ауылына да соғып, Өтеген моласының Іле өзенінің қай жағалауында болғанын дұрыстап анықтадық. Шеңгелдінің байырғы тұрғындары – бұрынғы зоотехник, қазір мұрап Олжабек Қалиақпаров, жұмысшы Ерасыл Иманқұлов, оның тап осы күндері Қапшағай қаласында тұратын әкесі, зейнеткер Молдақұл Иманқұлов және басқалар Өтеген моласы Іле өзенінің осы теріскей оң жағалауында, Іле мен Шеңгелдінің екі ортасындағы Әулиетөбенің етегінде болғанын бірауыздан мақұлдады. Енді бұл фактіні ішке түйейік те, жалпы дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлының осында жерленуі мүмкін бе деген сұраққа тағы бір жауап іздейік. Кәне, біз тарихқа жүгінейік. Белгілі тарихшы-ғалым, кешегі Кеңес дәуірінде ҚазПИ-де көп жылдар дәріс оқыған, бүгінде Ресей тұрғыны Владимир Анисимович Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ–ХVІІІ вв» (Алматы, «Ғылым» баспасы, 1991 ж.) атты аса сүбелі еңбегінің «Борьба ойратских феодалов с Кокандом и позиция казахских владетелей» (161-173-беттер) деген тарауын мұқият оқып шығыңызшы. Мұнда кәнігі ғалым өзі пайдаланған деректерді қай түпнұсқалардан алғанын әр бет сайын нақтылап көрсетіп отырған. Міне, осында қазақтың дулат-жаныстан шыққан ұлы биі Төле Әлібекұлы сол Қоқанның Әбдікерім бек атты басшысымен одақтастыққа барып, он сегізінші ғасырдың қырқыншы жылдарында жоңғар басқыншыларына қарсы бірнеше дүркін соғыс ұйымдастырғаны егжей-тегжейлі баяндалған. Міне, осы соғыстарда қазақтың ата жауы қалмақтар қатты әлсіреген. Жоңғарияның біржола күйреуі осы соғыстардан басталады деп дәлелдейді В.А. Моисеев.

Ал сол заманда қалың жаныс пен шымыр Ташкент қаласының айналасын, Қазығұрт тауының теріскейін, тағы да сол маңдағы кеңістіктерді мекендегені тарихтан да, ауыз әдебиетінен де белгілі. Әрі осы аталмыш соғыстарда дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлы мен дулат-шымыр Қойгелді батыр Сартұлы Төле бидің үнемі қасында болған. Енді қараңыз, Төле би 1756 жылы ақтық сапарға аттанған ғой. Өлерінде өз інісі Өтегенге: «Жаныс болып Ташкентке ие болып тұрсаңдар жаман емес» деген («Өтеген батыр», Алматы, «Мерей» баспасы, 1994 ж. 11-бет) өсиет айтады. Мұндай деректерді басқа да басылымдардан кездестіреміз. Демек, қалың жаныстың сол маңда тұрғанын, әрі Төле биден соң жаныс еліне басшылық жасаған Өтеген Өтеғұлұлы екенін дәлелдейтін бұл да бір дерек.

Енді мынаған қараңыз: «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 3-томының 555-бетіндегі «Жаныс» атты мақалада «1867 жылғы санақ бойынша (жаныстар – Ұ.Д.) Әулиеата, Верный уездерінде 700 үй, Шымкент, Ташкент, Перов уездерінде 3374 үй болған» делінген. Ғылым тілін түсіне білетін адам үшін бұл жаныстардың қалың ортасы сол Ташкент маңында, яғни Қаратаудың күнгей бетінде болғанына бұлтартпас дәлел емес пе? Ал Қаратаудың теріскейіндегі аз жаныс Төле би, Өтеген замандарынан соң, ел ішіндегі анау-мынау ырың-жырыңның кесірінен бері көшіп келгені аталмыш «Өтеген батыр» кітабында жақсы айтылған. Ал осының бәрін ескерсек, Төле биден он жеті жыл кейін дүниеден өткен Өтеген Өтеғұлұлы өзі басқарған қалың жаныс ортасын тастап, бері Қаратау асып, Шу, Іле өзендерін кесіп өтіп, қалың жалайырдың ішіне келіп өледі дегенге кім сенеді? Ешкім де сенбейді. Өтеген Өтеғұлұлы өлерінде: «Сүйегімді ақ нарға тиеп жіберіңдер, ол қай жерге шөксе сол жерге қойыңдар» деген аманат қалдырғаны туралы аңыз бар. (Мұндай аңыз албан Райымбек батырға қатысты да айтылады). Бұл шындық дегенмен де, түйе жарықтық қанша шыдамды болғанмен ол да арқасындағы жүгімен Қаратау асып, арнасы бүгінгіден бес-алты есе үлкен болған екі бірдей дарияны кешіп өтіп, Жетісуға жетіпті деушілік ақылға сыймайды.

Бұл мәселеде осы айтқандарымыз жетер. Марал Ысқақбай өз мақаласында Шеңгелдідегі сүйекті Қордайға апарғандардың іс-әрекеті, соған қатысты құжат төңірегінде біраз сөзді қобыратқанмен дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлының Іленің арғы теріскей бетінде, жалайыр бейітінде жерленгенін дәлелдейтін бір де бір ғылыми дерек келтіре алмаған. Орыстың «қараңғы бөлмеден қара мысықты табу қиын, әсіресе, ол онда жоқ болса» деген сөзі бар. Ия, жоқ нәрсені іздеп арамтер болғанның не пайдасы бар? Менің ұсынысым – дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлының моласын Ташкент маңынан, Сарыағаш, Төле би аудандарының жерінен іздестірген дұрыс. Тіпті бұл аруақты батыр, өзі өмір бойы пір тұтқан Төле би Әлібек ұлы жерленген, сол Ташкент қаласының өзіндегі Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның кесенесі маңында жатпасын. Ал Күсеп, Сүйінбай, Жамбыл жырлаған «Өтеген батыр» жырындағыдай «Жерұйықты» іздегендердің ішінде қос Өтегеннің де болғаны туралы жалайыр ішінде біраз аңыздар бар. Бірақ, аңыздың аты-аңыз. Сосын да бұл мәселені әзірге ашық қалдырайық.

Менің әріптесім, жазушы-журналист Бақтияр Әбілдаев ұсынғандай, зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін қайталап айтамын. Кезінде белгілі тарихшы-ғалым Болат Көмеков, тағы басқалар: «Ұлы жүз тарихы жөнінде шын мәнінде жаңалық ашамын дегендер парсы тілін меңгеріп, Ташкенттегі сол парсы тіліндегі қыруар ескі кітаптарда, қолжазбаларда бар деректерді тарих ғылымының игілігіне айналдырсын» деген бағдарда ой айтып еді.

Өте дұрыс ой. Демек, қара суды текке сапырғанша ҚР ҰҒА-дағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында екі-үш аспирантты тап осы тақырыпқа отырғызу керек. Ендігіде сол болашақ тарихшылар сөйлесін!

…ТОҚ ЕТЕРІ

…Мақтанғаным емес, шындығы, мен бұл мақаланы жазуға бірден отыра кеткем жоқ, осы Алматыдан сол жалайыр Өтегеннің тікелей ұрпақтарын іздеп тауып, дидарласып, сосын Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Шеңгелді атты мекенге (бұл Шеңгелді қазір Қапшағай қаласының құрамына енгізілген екен), Қаратал ауданына қарасты Елтай, Сарбұлақ (бұрынғы атауы Қаражиделі) ауылдарына арнайы сапар шегіп, онда да қыруар ізденіс жұмыстарын жүргізіп, сосын ғана қолға қалам алдым.

ХЕМИНГУЭЙДІҢ ҚАТЕЛІГІ

CONSENSUS · 297 рет қаралған

Әлем әдебиетінде адам болмысын бейнелеуде көз шағылыстыратын ғажайып та сыршыл Хемингуэй, Гомерден жалғасын табатын әдебиетке шын мәнінде төңкеріс жасаған, заманамыздың заңғары ұлы Хемингуэй, өзін-өзі өлтіре алуға құдіреті жеткен биік Хемингуэй, Куба төңкерісінен кейін сол елдің туын тізерлеп сүйіп ант беріп, онан соң Американың шпионы екені әйгіленіп қалған Хемингуэй… Кісілік болмысына әсте соқтыққан емеспіз, оқырманға керегі оның таңдай қақтырарлық шығармашылығы. Ол прозада бір рет үлкен қателікке барды, арзанқол амалға ұрынып қалды.
«Шал мен теңіз» Хемнің осал тұсын әйгілеп қойды деген пікірмен келісесіз бе? Жалпы, ол «Қош бол, майданнан» соң ештеме де жазбауы керек пе еді? Сантьяго қарттың жансебіл әрекеті туралы аздап қисынсыздау дүниені кез келген ортанқол жазушы сүйкеп тастайды деп бағалауға бола ма? Болады. Әбден болады. Өйткені, бұл шығарма Хемингуэй жазғаннан кейін ғана… әлем әдебиетінен орын алды. Сөйтті.
Шал мен теңіздің арпалысы бастан-аяқ жасанды сюжет желісінде дамып отырды. Автор шалды тағдыр қиындығына айдап салу үшін сексен бес күн бойы балықсыз қалдырады, ауынан өзі күткен балық бой көрсетпеді. Сондықтан да, жеңіл қайық ұшқан құстың бағытына еріп ашық теңізге шыққан. Тозық жеткен қайықпен теңізге шығу оның әлеуметтік ортадан саналы түрде шеттетілуі еді. Мұнан соң оқиғадағы әрекет желісі мен қарама-қайшылықты арттыру үшін бұл сапарды төрт күнге созып, бір қора акулаға торытып, балығын соларға жем етеді. Сюжетті одан әрмен шиеленістіре түсу мақсатында және психологизм тудыру үшін берілген қиындықта шал қисынсыз түрде қањарманға айналып, акулаларды бірде ескекпен соғып, бірде гарпунмен сабап, тіпті темірмен де ұрып өлтіре алған. Мұның барлығы шығарманың шикілігі мен жетімсіз тұстарынан хабар береді. Хемингуэй шалға деген сүйіншісін финалға сақтады. Өзі армандаған жарты тонналық балықты қолға түсіргенде жел де портқа қарай соқты. Оның айдауымен бақытты шал жағалауға қарай зымырап бара жатқан.
Сантьяго шал болмады, Сантьяго адам болмады, Сантьяго шайтан болды. Олай демегенде не дерміз, аласапыран теңізге қалт-құлт еткен қақпақыл қайық пен қуаты қайтқан қария төрт күн төтеп бере ала ма? Бұл төрт күннің төртеуінде де шал алып балықпен алысып, жөндемді көз ілуге де мұршасы келмейді. Бірақ, шал жазушының басына салған қиындықтарына мойымақ емес, келсең кел! Жұрт алып балықты қарумен аулай алмай жүрсе, ол пышақпен-ақ жайратып салған… Шөлдемейді. Ашықпайды. Қањарман. Сойқан. Автордың ойынан шығарған ситуациясы өмірлік шындықпен үйлесе ме? Төбемізден Құдай қарап тұрғанын білсек те, үйлеседі дейміз. Өйткені, мұны Хемингуэйдің өзі жазды емес пе..?
Теңіз тақырыбы туралы мықты шығармалар жетерлік десек, бұл қатардың басында Шыңғыс Айтматов «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетімен» көрінген. Жалпы, бұл екі шығарма бір-бірімен соншалықты сабақтас жатыр. Бәлкім, бір кездері Хемнің қолына қалам ұстатқан ойлар ағысы Шыңғыспен де ұшырасып қалды ма?..
…Бала күнімде біздің ауылда қолдан-қолға тимей бір кітап оқылып жатты. Бажайлап қараған адам сұрғылт түсті кітаптың бастапқыда ақ болғанын аңғарар еді-ау, бірақ, оның бетіндегі авторын айқындайтын Шыңғыс Айтматов деген жазуды да, «Ақ кеме» деген кітап атауын да оқи алмайтын. Кітаптың ескіргені соншалықты, бұлар мүлдем өшіп кеткен-тұғын. Ол кітапты кім оқымады екен, әлдекімнің қалаға сапарлаған кезде сатып әкелген күнінен бастап, ауылдың хат танитындардың барлығы, құдалар мен жекжаттар да танысып үлгерген. Қайтармай қойған кітапқұмарлардың қолынан қариялар есегімен тепеңдеп, арнайы барып, алып келіп жүрген жоқ па еді?! Тіпті, аузы арақтан босамай, күнде ішіп мас болып жүретін Жарқын көкем де оқыған жоқ па, оқып алып, бір күн жылап жүрген жоқ па?! Ол шығарманы оқып жылаған жалғыз маскүнем Жарқын емес еді, бәріміз едік… Осы бір көркем шындық, осы бір мөлдірлік автордың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінде» де жалғасын тапты. Жалпы, бұл шығарма жаңалық емес, «Ақ кемедегі» гуманистік ойлардың сәтті қайталануы ғана еді.
Мұндағы басты нәрсе шығарманың шынайылығы. Мұнда да адам жандүниесіне үңілу басым. Бірақ, Шыңғыс шығарманың финалы болатын жайтты оқиға басталар мезетте шешкен. Қалай болса да, Орган сынды қарт тұрмақ, ордабұзар шамадағы Эмрайн да, Мылгун да өмірдің босағасынан кеше аттаған бала үшін мына қайықты босатуы шарт. Сондықтан да олар су түбіне кеткен. Шыңғыс дүниесінің арқауы діннен өрбіген: Кейіпкерлердің түс көруі барысында көрінетін, су перісінің қызы, теңіз бетімен жүре алатын пайғамбар туралы (Бұл деталь Оралханда да ұшырасады) реттер Тәураттан алынған сюжет екендігімен мұнартады. Итбалықтың бауыры шөлді баспақ емес, олар шын мәнінде сусырап өлген. Бұл әуелгі шығармадағыдай жасанды қиындық емес, шындықтың қағаз бетіндегі үлгісі. Олар шын мәнінде теңізге емес, психологиялық иірімге шым батып жоғалған бейнелер.
«Шал мен теңізде» Хем Сантьяго қартты ажалдан алшақ ұстау арқылы «адам – табиғаттың иесі, оны жеңе алмайсың» деген ойдың ұшығын аңғартса, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетте» Кириск баланың өлімнен аман құтылуы – ұрпақ жалғастығы, қандай жағдай болмасын, соңыңда ұрпақ қалсын деген ойға қызмет етеді. Бұл азиялықтарға тән ұлттық тәрбиеге жинақталған рухани тазалық, гуманистік негіздегі моральдық жоғарғы таным мен адамдық қатаң қадағалаудың көрінісі. Сондықтан да ауыр оқиғаны суреттеуде гуманизмді алға шығару арқылы автор адамгершілікті әспеттеп, жан әлемінен гөрі адамдық идеяны насихаттай түскенін көреміз.
Ашық теңізге шыққан кәнігі балықшылардың нақты өмірі. Қоспасыз. Алып мұхитта адам да бір, шабақ та бір. Бұлардың теңізге шығар күнін аңдып тұрғандай-ақ, алапат дауыл басталып, олар шетсіз де шексіз әлемде қайықтың ырғағына ғана бағынып, тағдыр желімен кете барған. Өмір мен теңіз дауылы қосарлана соққанда теңізге алғаш шыққан он бір жасар Кирискті алдан не күтті екен? Шығарма көркем шындығымен құнды. Мұнда психологиялық талдау шындыққа құралады.
Сантьягоның болмысы автордың адамдардың жанына үңілу мен психоаналитикалық тұрғыдан мән бере қарауында жатыр. Батыс Еуропаның философиясында мұны экзистенциальды ситуация деп түсіндіреді. Таратып айтсақ, өмір мен өлімнің бетпе-бет келуі, қайшыласқан майданы. Еуропа мен Американың ХХ ғасырда әдеби мода ретінде қарастырылған модернистік бағыттағы қаламгерлерінің дені – субъектіге мән берді. Осылайша кейіпкердің жан дүниесін еш бүркемей, ойы мен идеясын, яғни, қоршаған әлемді де субъектінің көзқарасымен сипаттау оларға тән дағды.
Лира ҚОНЫС.
P.S.
«Шал мен теңіздің» «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетке» орын босатуы шарт па, солай ма?..