№ 35 (364) 


СОҒЫС БАЛАЛАРЫ

АҚШАМ · 239 рет қаралған

АЙДАРДЫҢ ҚОНАҒЫ – Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман БАЙСЕРКЕҰЛЫ

«Балалар соғысты қалай бастан өткеріп, жеңісті қалай жақындатты», – деп сауал қойыңыз. Жауап берейін. Жалпы «Бостандық» колхозы таулы-тасты жерде қоныс тепкен. Ол кездің тәртібі – бас көтерер адам үйде бос қарап жатпауы керек. Бас көтерері – баяғы балалар мен аналарымыз, шал-шақпыт, кемпір-кепшік. Оқу бітісімен міндетіміз – тайлы-таяғымызбен тауға кетіп, шөп шауып, колхоз малын қыстан алып шығудың қамы. Пай-пай, біздің қарасирақ, қарадомалақ достарымыз-ай. Алты-жеті жасында-ақ, ауылдың отымен кіріп, күлімен шықты ғой. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Таңғы сағат бес-алтыларда көзін тырнап ашып, жайылымнан өгізін алып келуге кетіп бара жатады. Онда сағат қайда? (Басқарманың үстелінде ғана шынжырлы сағат бар). Сәл кешіксең, бригадирдің дырау қамшысы жоныңнан таспа тілмесіне кім кепіл. Жазықтысың, айыптысың. Сонда таң бозында тататын дәмің – жарты кесе қуырған бидай, қара шай. Ал, жұмысымыз таңның атысында басталып, күннің батысында бітеді. «ЧК» деген шөп шабатын шалғы, бар. Таулы жер болғандықтан, еңіске түсіп, қырға шығасың дегендей, оған алты өгіз жегіп, алдыңғыларына кезек-кезек отырып, дұрыс айдауың керек. Сындырсаң, бригадирдың қамшысы төбеңде ойнайды дей бер. Адам, тіпті, жылауға да үйреніп кетеді екен. Сондағы бағыт беріп, жөн сілтейтін кімдер дейсіздер ғой. Он төрт-он бес жастағы мұрты тебіндей бастаған жігіт-сымақтар. Әкелерін сағынғандықтан ба, әлгілер «үлкендер» сапына қосылып, ұқсамаса да ұқсап бағады. Махорканы орап, темекі тартады. Малшы қарттар да, солардың «есейгенін» көргісі келе ме, теріс қылығына мыңқ демейді-ау. Ол кезде сіріңке деген табылмайды. «Үлкендер»:«тұтатып әкеліңдер»,– деп ауылға, қала бере пішеншілер қосына жұмсайды. Зыр жүгіріп, барып қайтамыз. Әрине, біз де «жігіт» атанбақ болып, темекіден сорып, жырғап қаламыз. Баланың істегені білінбейтіні рас. Жеген кебегіміз тырнап, түнімен ұйықтамай есіміз шығып жүрсе де, үлкендерді алмастырып, шындығында жеңісті жақындатуға үлес қостық. Шынымды айтайын, мен нанды Сталин өлгеннен кейін ғана тойып жедім. Не деген мықтымын десеңші. Өзім жайдақ мінген өгіздердің терісінің жүні түсіп қалушы еді. Қаракөже ішкен шағымыз әлі де есімнен кетпейді. Әкелеріміздің көбі майданнан оралмады. Ал, аналарымыз басқа күйеуге тисек, «балаларымызды сабайды» деп жесір қалды. Қазір әлдекім сұрай қалса: «Біз тылда соғысқандар сапынанбыз» – деп жауап берер ем. Ер жеттім. Оқу бітірдік. Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Алматының Балалар мен жасөспірімдер театрларында бас режиссер болып қызмет еттім. Рүстем Есдәулетов, Қуандық Қасым, Гүлсін Мерғалиева, Әлібек Оразбеков сияқты шәкірттерім менің жолымды қуып, Өскемен, Семей, Ақтау, Қарағанды театрларында еңбек етуде. Сол бір еңбегімнің өтеуі шығар.

БҮРКІТ, әнші

АҚШАМ · 359 рет қаралған

БІР БІЛМЕК: Тараз қаласында N12 мектепті бітірдім. Ол қазақ мектебі болатын. Мені көп адам орыс мектебін бітірген деп ойлайды. Олай емес. Алматыда жұмыс барысында 80 пайыз мөлшерінде орыс тілінде сөйлесеміз. Мен Тараз қаласында Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық мектепте домбыра сыныбын тәмамдадым. Одан кейін музыкалық білім алған жоқпын.

БІР АНЫҚ: Мен киноға түскенде барлық дүниені ысырып тастаймын. Басқа нәрсемен айналыспаймын. Біз «Махамбет» фильмін Қапшағайда түсірдік. Сол жерде шамамен екі аптадай жүрдік. Бірнеше ғасыр кейін шегініп, сол батырдың рөліне кіріп алғаннан кейін Алматыға қайтқанда ерекше қиналдым. Қайтқым келмейтін. Өйткені Қапшағайда айналаңда тек киіз үй, үйір-үйір жылқы, Махамбеттің ғасырындағы адамдардың киген киімдерімен жүрген халық. Таңертеңнен кешке дейін сол әлемде өмір сүресің. Содан кейін, кірген әлеміңнен қайта шыққың келмей қалады екен. Махамбеттің ғасырында өмір сүріп жатқан басыңмен айналдырған бір сағат ішінде ХХІ ғасырды қуып жетуің керек. Киноның құдіретті сыйқыры бар. Өзіне тартады да тұрады. Оның шалығы тисе, адам жазылмайды. Әрі ол жұқпалы аурудай тез жұғады.

БІР ТІЛЕК: Талантты болсаң сенен жұлдыз жасайтын Кеңес дәуірі келмеске кеткен. Қаражатсыз бір қадам алдыға жылжи алмайсың. Ән айтсаң, ақша да санай білуің керек. Қазір келбеті келісті, таланты зор қаншама жас әнші өз деңгейінде тек қаражаттың болмауынан ғана көтеріле алмай жүр. Ендеше, бай болайық!

БОЗ КІЛЕМДЕ БАҚ ЖАНА МА?

Спорт · 232 рет қаралған

ДАНИЯНЫҢ ХЕНРИНГ ҚАЛАСЫНДА КҮРЕС ТҮРЛЕРІНЕН КЕЗЕКТІ ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІ ӨЗ ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ.

Қуанышымызға қарай турнирдің алғашқы күнінде-ақ қанжығамызға қола байладық. 66 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Л. Спиридонов украиналық А. Стадникті жеңді. Ал үлкен үміт артқан Д. Шабанбай мен Ә. Серікбаев алғашқы айналымда сүрінді. Турнирдің екінші күні Ж. Мұхтарбеков пен С. Оспановтың да жауырындары жер иіскеді. Ауыр салмақтағы М. Муталимов та бірінші турдан арыға аса алған жоқ. «Сырттан келген сырттан» деген лақап атқа ие болған Азнаур Аджиев те жартылай финалға жете алмады. Ендігі жерде біздің бар үмітіміз Н. Теңізбаев пен Д. Баяхметовте та екені даусыз. Осы ретте аталмыш біріншілікке білек сыбана аттанған жігіттеріміздің ішінде жүлде алады-ау деген қалған өрендеріміздің мүмкіндіктерін өзімізше саралап, баға беріп көрсек.

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ.
Айта кетелік, Пекинде өткен Олимпиада ойындарында Нұрбақыт күміс жүлдені иеленіп, қазақстандықтың мүмкіндігін тек төртінші орын деп бағалаған мамандардың жорамалдарын жоққа шығарған еді. Алайда, сол дүбірлі додадан бері Нұрбақыт бірде-бір ірі жарыстарға қатысқан жоқ. Сыбысқа сенсек, ол әлем чемпионатына бел жазбай дайындалыпты. Сол мақсатта Азия чемпионатына да жіберілмеген. Нұрбақыт биылғы жылы тек наурызда өткен ел чемпионатында, артынша Түркияда өткен халықаралық дәрежедегі турнирде ғана бақ сынады. Екеуінде де оған жүлде бұйырған жоқ. Дегенмен, үлкен ареналарда тәжірибе жинақтап, талайдың сағы сынатын сынақтардан сүрінбей өткен Теңізбаев Данияның төрінде де аянып қалмас деп ойлаймыз. Қазақ балуанының жеке бапкері Құдайберген Меңлешовтың айтуынша, «Нұрбақыттың жүрегі жұмсақ, сондықтан оны дақпырты болса да, даңқ бермейтін турнирлерге қатыстырып, жанын қинай беруге болмайды».

Дархан БАЯХМЕТОВ.
Бұл жолы дат кілемінде көсілетін палуандарымыздың ішінде Дарханға жүктелген жүк ауыр болмақ. Неліктен дейсіздер ғой? Ең алдымен Дархан өзінің білектілігін Бейжің төрінде танытса (қолда тұрған жүлдені тартып әкетпегенде), артынша Тайландта өткен құрлық бәсекесінде өзіне қарсы тұрған алты қарсыластың барлығын айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің «ең шапшаң, әрі ең әдісқой балуаны» деген атаққа ие болды. Бұдан кейін АҚШ және Ресей жерінде өткен шағын турнирлерде сәтті өнер көрсетті. Біздің пайымдауымызша 66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Дархан дәл қазіргі сәтте өзінің спорттық бабына келді. Одан енді тек бабы мен бағы қатар шабады деп тілейміз. Баяхметов бас бапкері Боранбек Қоңыратовтың пікірінше, бұл жолғы бәсекеде Дархан міндетті түрде алтыннан алқа тағуы тиіс. Ал осы біріншілікке аттанар алдында жас палуан өзінің атақты ағайындасы Дәулет Тұрлыхановтың қарсыластарына қарсы өткізген барлық белдесулерін тамашалап, палуанды пір тұтатынын айтқан болатын.

Асхат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.
Асхат – ел чемпионы. Білуімізше бас жаттықтырушысы Таңат Сағындықов Азия біріншілігіне әдейі апармай, дәл осы әлем чемпионатына ақ тер, көк тер дайындаған екен. «55 келі салмақта дәл осы Асхат бұл жолы қола жүлде еншілейді»,– деген екен отандық бапкерлер. Олардың ауыздарына май. Алайда, Асхаттың да осал тұсы бар. Ол өте жиі жарақат алады. Ал, күресте бұрынғы бабына қайта енуі үшін ары кетсе 3 ай уақыт керек. Осы жолы қалай болар екен, бұл жолғы бәсекеге Асхат аман сау аттанды.

Нұрмахан ТІНӘЛИЕВ.
Негізі биылғы бәсекеге әсте Нұрмахан емес, Оралдағы төл біріншілігімізде үздік деп танылған Тимур Әбесов аттануға тиіс болатын. Құраманың штаб басшылығы өз араларында осы байламға келісіп те қойған. Алайда, Тегеранда өткен жарыста Тимур қараптан қарап алғашқы іріктеуден де өте алмай, ақыр аяғына бас бапкер Мәлік ағамыз соңғы байламын Тінәлиевке тоқтатты. Сөз жоқ, Нұрмахан сақа балуан. Соңғы өткен Олимпиада ойындарында ол қолаға бір табан жақын тұрса да, шешуші кезеңде табандылық таныта алған жоқ еді. Дегенмен Иранда өткен бәсекеде ол қоржынымызға бір қола салып, құрама үшін өзінің әлі де қажет боларын дәлелдеді.

Жоғарыда аталған палуандарымызбен қатар, Данияға бұл жолы — Қазақстан чемпионы. 84 келіде бақ сынайтын Ербол Райымбеков, 74 келідегі талантты жастардың бірі Әсет Әділов аттанды. Екі балуанның арасында әсіресе Ербол Райымбековке «не белбеу кетеді, не бел кетеді» дейтін шақ келген тәрізді. Қалай болғанда ол өздерін айшықты жағынан көрсетуге міндетті. Айта кетелік, осы жолғы әлем біріншілігі жаңа ережелермен толықтырылған. FІLA басшылары арасында Дәулет Тұрлыханов бар.

ЖІГІТТЕРДЕ ТҮСІНІСТІК ЖОҚ…

Спорт · 231 рет қаралған

Павел РОДНЕНОК, Футболдан жастар құрамасының бас бапкері:
– Родненок мырза, шыныңызды айтыңызшы, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Б. Шторк ұстанған саясатқа сіздің көңіліңіз тола ма?
– Шторк, ең алдымен, Т. Нөсербаев, Ж. Көкеев, Ю. Логвиненко, С. Ыбыраев, В. Эрбес секілді талантты аяқдопшылардың өздерін әлемдік ареналарда сынап көрулеріне жол ашты. Бәлкім Шторк Н.Жұмасқалиев, Д. Бяков, М. Байжанов, С. Сымақов, Д. Лория сынды футболшылардың қызметінен бас тартқан да шығар. Алайда, бұл тек неміс маманының ұстанымы. Өйткені, ұлттық құрама ойындарының нәтижесіне өзі ғана жауапты екенін жақсы біледі.
– Яғни, бұл сіздің неміс маманының ұстанымымен келіскен түріңіз ғой?
– Келісемін. Ол сыннан өткен тәжірибе мен жастықты бір арнаға тоғытсам дейді. Өздеріңіз анықтап қарасаңыздар, ұлттық құрамада ойнап жүрген жастар да аса көп емес қой. Бұлардың арасында сырт алаңдарда доп теуіп, шеберліктері толысқан, тіс қаққан Ирисметов (28 жаста), Балтиев (31-де), Карпович (28-де), Тілешов (29-да) сынды ойыншылар да бар. Мысалға, жақында 21-ге толған Жамбыл Көкеевті жастар құрамасында ойнауға тиіс десеңіздер, қатты қателескендеріңіз.
– Қызығы, дәл осы ұлттық құраманың сапына өткесін-ақ Жамбылда өркөкірек пайда бола бастады. Тіпті жастар құрамасы сапында ойнаудан бас тартқан да жайы бар деседі…
– Әрине, бұл өте өкінішті жағдай. Жамбылдың әрбір матчқа алатын қаламақысы өзінің қатарластырымен салыстырғанда өте қомақты. Бәлкім, осы жағдай да оның психологиясына әсер еткен болар. Ең бастысы, Көкеев өзінің футболға деген қызығушылығын, стимулын жоғалтып алмауы тиіс. Ол енді –енді ғана аяқдопшы ретінде қалыптасып келеді. Шынтуайтына келгенде, қазір «ел мақтап, қыз жақтап отырған» қартаң аяқдопшыларымыздың біразының чемпионатқа ғана доп тебуге шамалары жетеді. Олардың төзімділіктері 90 минут бойы жүгіруге жетпейді. Ал Смақов, Лория, Жұмасқалиев сынды ойыншыларымыздың ұлттық құрама сапына алынбай жүргендіктері – бас бапкердің тапсырмасын мүлтіксіз орындай және сенімдерін ақтай алмағандықтан.
– Сонда, талантты жастардың барлығын бас құрама сапына тарту керек дейсіз бе?
– Дұрыс түсініңіздер, мен бұл жерде «доп тебе алатын жастардың барлығын ұлттық құрамаға тарту керек» деген пікірден мүлде аулақпын. Айналып келгенде менің де өз ұстанымым, әрбір ойыншыға деген өз көзқарасым бар емес пе? Қазір жастар құрамасы сапында Дәуітов, Шахметов, Кенетаев, Кенбаев, Қонысбаев сынды талантты ойыншылар бар. Менің мақсатым осылардың жігін жазбай, футболдың әліппесін үйрету ғана. Бүгінгі таңда біздің ең бір әлсіз шебіміз қорғаныс және ойынына қарап тұрып сүйсінетін қақпашының жоқтығы. Қақпашы артындағы қақпаны сезе білуі керек. Ал, біздегі қақпашылар қақпадан сәл ұзап шығып кетсе, алақтап қақпаны іздей бастайды.
– Сіз бір сұхбатыңызда: «Қазақстан жастар құрамасының әлеуеті зор»,– депсіз. Яғни, ел чемпионатын тұрақты түрде қадағалап отыратын болғаныңыз ғой?
– Құрама сапында өнер көрсететін жастардың барлығы ішкі біріншілікте ойнайтындықтан, мен әрбір ойыншыны назарымнан қалт жібермей қадағалауға тиістімін де. Өкініштісі, олардың біразына өзі өнер көрсететін командасынан тұрақты түрде орын табыла бермейді. Өйткені, әлі күнге сырттан келген аяқдопшыларға деген сенім басым. Мысалға, менің білуімше, 2001 жылдары Қазақстан чемпионатында 75 легионер доп теуіпті. Ал, 2004 жылы олардың саны 124-ке жеткен. Қазіргі уақытта ел чемпионатында Украина мен Ресейден келген екінші-үшінші сортты футболшылар ойнайды. Бұның барлығы қазақстандық жас таланттардың көсіліп ойнауына үлкен кедергі.
– Жастар құрамасының 2011 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының топтық турниріне өтуі мүмкіндігін қалай бағамдайсыз?
Чемпионатқа бару мүмкіндігінен ендігі жерде қол үздік деп айта алмаймын. Барлығын ойын көрсетеді. Жігіттеріміздің қимыл-қозғалыстарында әлі күнге ортақ тактика, түсіністік жоқ. Қазір мен ең алдымен осы мәселені жөнге қойып алуға тиістімін.

БОКС: БАС БАПКЕРДІҢ ОРЫНТАҒЫ БОС ҚАЛДЫ
Астанада ҚР Әуесқой бокс қауымдастығының кезектен тыс басқосуы өтіп осы жиында ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбековтың отставкаға кеткені мәлім болды. Ал ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті басшылары боксшыларымыздың әлем чемпионатындағы көрсеткіштерін қанағаттанарлықсыз деп бағалады.

АЛАМАН БӘЙГЕ ӘРУАҚТЫ БАБАҒА АРНАЛДЫ

Спорт · 350 рет қаралған

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ ҚОЛА МҮСІНІ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ

Шаһардың көрікті жерлерінің бірі – Тәуелсіздік көшесінің бойына Һас батырдың ескерткіші орналасқан жерге, әне-міне дегенше қарақұрым халық көп жиналды. Батыр баба ескерткішін Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ашты.
Қазақ тарихында ерекше орны бар Қаракерей Қабанбай батыр – Ерасыл Қожағұлұлы қазақтың бас қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілген, жерімізде жоңғар шапқыншылығына қарсы теңдессіз ерлік көрсеткен, сол дәуірдегі атты әскердің соғыс тактикасы мен стратегиясының ең озық үлгілерін жасай білген.
«Дарабоз« қоғамдық мәдениет қорының төрағасы Сейдахмет Шүрегеевтің айтуынша, бастамашыл топ осы аймақтың игі жақсы азаматтарымен, жасы үлкен ағаларымен кеңесіп, ақылдасып, «Тәуекел!« деп, белді бекем буынып, іс тізгінін қолдарына алады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын« деген емес пе, осы істің басынан табылған Мақсұт Қалажановқа, Болат Бисұлтанұлына, Салауат Сәрсенбаевқа, Төлеужан Ғұмаровқа, Раушан Жәнібековаға аталған қор басшысы жиналған жамағат атынан алғыс айтты.
Бұдан әрі салтанаттың шырайын сурып-салма ақындар ажарландырды. Олардың арасынан сөз өнерімен озған Ақмарал Леубаева бас жүлдені – жеңіл автокөлік пен бір мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, ал бірінші орынға Жандарбек Бұлғақов көтеріліп, «Жигули« темір тұлпарын иеленді. Айнұр Тұрсынбаева мен Балғынбек Имашев жүлделі екінші орыннан көрінді. Бұлардың әрқайсысы екі мың АҚШ долларын олжалады.
Сонымен қатар, «Талдықорған« атшабарында өткен құнан, топ және аламан бәйгелері той көрігін одан әрі қыздыра түсті. «Аламанда» «топ жарған Жамбыл ауданының атбегі Қайрат Таймерденовтың «Дауыл« атты тұлпары алдына қара салмай, оқ бойы озық келді. Сонымен, Қайрат ауылына «Джип« автокөлігін мініп қайтты. Сондай-ақ, баба рухына арналып ас берілді.

Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ.

ҚЫТАЙ СТРАТАГЕМАСЫНАН ЭКО РОМАНЫНА ДЕЙІН

Руханият · 283 рет қаралған

Халық даналығы «Ойды ой қозғайды» дейді. Осы түйінді сөзді бүгінгі заман тілімен нұсқалап айтатын болсақ, кейде әлдекімнен естіп, не әлдебір телехабардан құлағың шалып қалған қарапайым деректің де біршама ізденістерге себепші болып жататыны бар. Осы жолы да солай болды.

Әмірхан БАЛҚЫБЕК

Телеарналардың бірінен еуропалықтардың, яғни, ақ адамдардың Американы қалай жаулағаны, жергілікті үндістерді қандай жолдармен тізе бүктіргені жайлы хабар көріп отырғам-ды. Кенет тосын бір дерек ой-қиялымды селт еткізді. Бұл оқиға 1750-1760 жылдары Канадада болыпты. Ағылшындар тәкаппар үндістермен шайқаста жеңіске жете алмағасын, оларды айламен алдап соғуға тырысады. Қызыл тәнділерге тарту-таралғылар жасайды. Міне, осы сый-сияпаттың арасында жеңіл-желпі жамылғы көрпелер де бар еді. Ақтардың өздеріне деген қошамет-құрметіне бек сеніп қалған үндістер бұл көрпелерді де достықтың белгісі ретінде шынайы қабыл алған. Бала-шаға мәре-сәре болып қуанған. Бірақ олар осы сыйлықтардың арғы жағында сұмдық қатыгездіктің жатқандығын білмеген-ді. Уақыт өте келе тайпаластары бірінен кейін бірі өле бастағанда да ақ адамдардан күдіктене қоймаған. Тәңірінің жіберген зауалы ғой деп үнсіз мойынсұнуға кіріскен. Жаратқанның жазасы екендігіне сенгендері соншалық, тіпті, әлсіреген тұстарын аңдып отырған ағылшындар шабуыл жасағанда да қарсылық көрсетуге тырыспайды. Өйткені, бізді Тәңірі жазалап отыр дейді. Ал, шын мәнісінде бар себеп сол баяғы жамылғы көрпелерде еді. Олар оспамен ауырған адамдардан алынған-ды. Тәңірі емес, осы оспа үндістерді қынадай қырған-ды. Американ деректі фильмшісі бұл оқиғаны биологиялық қарудың тарихта алғаш рет пайдаланылған сәті деп көрсетеді.
Осы пікірді естігенде жадыма Лев Гумилевтің «Русьтен Ресейге дейін» атты кітабынан оқыған бір дерек орала кеткен. (Лев Гумилев. «От Руси к Россий», Мәскеу, 2004, 189 бет) Онда Алтын Орда ханы Жәнібектің Кафа қамалы (бүгінгі Феодосия) берілмей қойғанда, оны обамен ауырған адамдардың өлігімен атқылатқаны баяндалатын-ды. Әрине, қамалда оба ауруы басталып, әбден ығыры шыққан бекініс қорғаушылары ұзамай-ақ тізе бүгуге мәжбүр болған. Бұл – ағылшындардың үндістерді көрпемен жаулауынан төрт жүз жыл бұрын, яғни, сонау ХІV ғасырда болған оқиға еді. Егер уақыт биігінен қарайтын болсақ, бұл деректен биологиялық қаруды тарихта алғаш пайдаланған біздің бабаларымыз екендігіне көз жеткізуге болады.
Әрине, заманауи сипаттағы биологиялық қару деп айтуға болатын болса.
Бірақ біздің айтайын дегеніміз бұл емес-ті. Ағылшын-үндіс қарым-қатынастарына байланысты фильмді көріп отырғанда есімізге бабалар тарихынан сыр шертетін тағы бір оқиға түскен-ді. Сонау ғұндар заманында, Мүде қаған таққа отырған кездері жүз берген оқиға. Ол оқиғада Қытайдың ғұн бекзадаларына жасайтын күріш палау мен жібек шапаннан тұратын тарту-таралғыларының арғы жағында сұрқия саясаттың жатқандығы, осы бір қарағанда бейкүнә көрінетін сый-сияпаттың түбі киіз туырлықты елге тажал болып тиюі мүмкіндігі жайлы әңгімеленетін-ді. Бұл оқиғадан ағылшындардың үндістерге жасаған қатыгездігі тапқырлық еместігі, біздің тарихымызда әлдеқашан болып кеткен жайттардың жаңғырығы іспетті екендігін де аңғаруға болатын.
Иә, Азия, біздің алаулы Азия тарихтан түйген түйіндер көп. Сол өткен тарихтан тағлым ала алған және оны өзінің ішкі-сыртқы саясатында сәтімен пайдалана білген халықтың ғана бағы жанбақ. Бұл жағынан біздің оңтүстіктегі көршіміз–ұлы Қытайдан үйренеріміз көп. Мүде қаған жайлы бабаларымыз даналығынан сыр шертетін оқиғаны бүгінгі бізге бұра тұртпай, тарихымызға көлеңке түсіретін оқиға еді деп кірпиязданбай жеткізген де осы елдің әрбір сәттен сәулелі ой-пікір іздеуге әуес ғұлама шежірешілері болып табылады.
Жақында қолыма осы елдің «36 стратагема» деп аталатын көне жәдігерін жан-жақты зерттеген Батыс ғалымы Харро фон Зенгердің «Стратагемалар» дейтін екі томдық еңбегі түсті. Оқып отырып, ғажайып бір әлемнің ішіне кіріп кеткендей күй кештім. Байқағаным, бүгінгі Қытай тек өз елінің өткеніне емес, бүкіл әлемнің тарихына, оның әрбір сәтіне зер салып отыр. Тек зер салып қана қоймай, олардан пікір де түюлі екен.
Жалпылама айтсақ, қытай стратагемалары жеке адамдардың немесе мемлекеттердің қарым-қатынасында көрініс беретін 36 оқиға және олардың шексіз варианттары (2 милиардтан асады деп саналады) жайлы әңгімелейді және қандай қиын сәтті болмасын өз пайдаңа шешудің жолдарын көрсетеді. Осы варианттардың ішінде қытай ханзадасының түркі қағандарын сый-сияпат беру арқылы өзара қырқыстырып қойғаны жайлы да әңгіме бар. Бұл әңгімені мазмұны жағынан Мүде қаған жайлы әңгіменің қарама-қарсы нұсқасы деп бағалауға болады.Түйіні: «Таспен ұрғанды аспен ұр». Бұл жағынан алғанда, Мүде қаған жайлы әңгіменің тағылымы «Аспен ұрғанды таспен ұр» болып шығады. Бүгінгі Қытай өзінің ішкі-сыртқы саясатында осы екі түйінді де бір-біріне қарсы демей, сәтіне қарай пайдаланып отыр деуге болады.
Рас, біз бүгін қытай стратагемаларының біреуі ғана жайлы әңгімеледік. Әрине, сый-сияпат және оның адамдар мен халықтардың тағдырына қаншалықты әсері болатындығы жайлы толғайтын стратагема жайлы ғана.
Енді Азияны қойып, бір сәт Еуропаға оралайық. 1980 жылы итальян жазушысы Умберто Эконың «Раушанның есімі» деп аталатын романы дүниені дүр сілкіндірді. Әп-сәтте 20 миллионнан астам таралыммен таралған бұл интеллектуалдық романда христиан монастырлерінің бірінде бірінен кейін бірі болған монахтар өлімі және осы өлімдерге себепкер қылмыскерді табу жайлы әңгіме болатын. Барлық өлімге сый ретінде уақытша оқуға берілген кітап себепші екендігі анықталатын-ды. Міне, осы оқиғаны Эко ортағасырлық қытай тарихынан алған болып шықты. Бұл жайлы жоғарыдағы стратагемалар жайлы кітап мынандай оқиғаны баяндайды: Бір көркем өнер туындыларын жинаумен айналысатын бай әлдебір сурет сатушыны өзіне әйгілі картинаның көшірмесін алдап сатқаны үшін амалын тауып өлтірткізеді. Әкесінің өліміне баласы кек алуға бел байлайды. Күндердің күнінде әлгі бай кітапқұмар ретінде атағы шыққан осы жетім ұлдан оқуға кітап сұратқанда, жігіт парақтары уланған кітапты арнайы дайындап, сыйға тартады. Кітаптың әр бетін ашарда сұқ саусағының басын тілінің ұшына тигізіп сулап отырған бай парақтағы зањар бойына жайылып, уланып өледі. (Харро фон Зенгер, «Стратагемы», Мәскеу, 2006, 683 бет).
Міне, Умберто Эко, бар болғаны, осы оқиғаның Еуропада, ортағасырлық Италияда болыпты-мыс делінетін жаңа әдеби нұсқасын жасап шыққан. Мұны Еуропа әдебиетшілері де мойындайды.
Солай, қытай «Стратегемаларында» арғы-бергі адам баласына айтары бар тарихтың ең үздік оқиғалары жинақталған. Онда болашақтың кілті ғана емес, ғажайып романдар мен хикаяттардың мазмұндары да жасырулы.
Сый-сияпатқа алданған үндістердің халін кешкіміз келмесе, саясатта шахмат ойнап үйренген Қытаймен деңгейлес болуға ынталансақ (Стратагемалардың 2 миллиардтан астам комбинацияны қарастыратынын жоғарыда айттық), Конфуцийдің ғұлама інілері сан ғасырлап жинаған бұл жәдігерге де бір сәт ой көзін жүгіртіп қойғанымыз жөн-ау.

Бесінші бұрыш

Руханият · 275 рет қаралған

МАРАФОН – МАҒЖАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясының ауқымында Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» атты поэтикалық марафон өтті.
Ақындар Мұхтар Шаханов, Серік Тұрғынбеков, жазушылар Дүкенбай Досжан, Рақымжан Отарбаев және Мағжан Жұмабаевтың ағасы Мүсілімнің немересі Сәуле Мүсілімовалар қатысқан алқалы жиында ақынның түпнұсқадағы және шетел тілдеріне аударылған өлеңдері оқылып, өміріне қатысты жаңа деректер ортаға салынды.
Қатысуға жүзден астам өтініш түскен марафонға тарту ретінде «Олжас» баспасы «Сен сұлу» атты ақынның лирикалық өлеңдерінің жинағын шығарып әкелсе, марафон қарсаңында журналист-зерттеуші, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің «Асыл кітап» баспасынан шыққан «Мағжан әлемі» кітабының тұсау. кесер рәсімі – Мағжан поэзиясының ХХІ ғасырда да оқырман жүрегінен орын таба беретіндігін аңғартқандай.

ЗАҢДЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ, ТЕАТРҒА БАР
Тәжікстанда елдің құқықтанудағы сауатын көтеруге театр ұжымдары да жұмылдырылып жатқан көрінеді. Олар өмірде кездесетін заң жолымен шешілуге тиіс әрқилы жайттарды сахналай отырып, қарапайым халықты өз құқықтарын қалай қорғауға болатындығына тәрбиелейтін болады.
Әйел құқы, сыртта жүрген азаматтар білуге тиіс заң негіздері, пәтер мәселелері, қазірге осындай тақырыптарды қойылымға айналдырып отырған ел театрлары қазан айының басында алыс түкпірлердегі ауылдарға гастрольдерге шықпақ.

КІТАП МЫҚТЫ МА, КИНО МЫҚТЫ МА?
Кезінде «Жүз жылдық жалғыздығын» фильмге айналдыруға рұқсат беруі үшін 2 миллион доллар қаламақы ұсынғанда да, кино кітаптай бола алмайды деп келісімін бермей қойған Гарсиа Маркестің романдары соңғы кездері жиі-жиі көгілдір экранның қонағы болып жүр.
«Оба кезіндегі махаббаттың» кинолық нұсқасын теледидардан тамашалағанымыз жақында ғана секілді еді, енді кинеметографистер жазушының «Көңілсіз салдақыларымды еске алғанда» атты романын және экрандауға кірісіпті. Мексика, Испания және Дания бірігіп түсіретін фильмге 8 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсалатын көрінеді.

ҚОЛМЕН ЖАЗСАҢ, КӨҢІЛІҢ ТОЛАДЫ
Атақты итальян жазушысы, орта ғасырлар тарихының білгірі њәм белгілі семиотик Умберто Эко жастарды мәтінді қолмен жазуға шақыратын мақала жариялапты.
Қаламгердің пікірінше, қазіргі компьютер мен ұялы телефондар арқылы хат жазысатын жастардың рухани жандүниесі жадау тартқаны аңғарылады. «Бұрын, қауырсын қаламды сия сауытқа малып алғасын хат жазушы ұзақ ойланатын-ды, ойын әдемі, қатесіз және нақты жеткізуге тырысатын, ал қазір жауапсыздық белең алып тұр. Компьютердегі немесе ұялы телефондағы мәтіннен адамның жаны да, стилі де, адами тұлғасы да байқалмайды» дейді әйгілі «Раушанның есімі» романының авторы.
Жазушы қолмен жазу шәкірттің зейінін ғана жетілдіріп қоймай, буындарының қатаюына, көру қабілеті жақсаруына игі әсер беретіндігін де атап өтіпті.

«АФАЛИНАНЫҢ ҚАРҒУЫ»

Руханият · 334 рет қаралған

Ел назарына қазіргі Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың сценарийі бойынша түсірілген «Афалинаның қарғуы» атты көркем фильм ұсынылды.
Негізгі сюжеттің өрбуі былай: Ресей мен Қазақстанның арнаулы қызметтерінің екі офицері бейтаныс сауда өкілінің өлімін зерттеп жүргенде, саяси айналымның бір сырына қанығады. Криминалды тұлғалар осы екі ел басына қастандық жасамақ оймен, Каспийге демалуға барған ізін аңдып, афалинаның (дельфиннің түрі) денесіне бомба жасырады. Бірақ Елбасының оққағарлары афалинаның тек Қара теңізде мекендейтінін біліп, оның Каспий теңізіне қалай келгендігін анықтай бастайды. Міне, дәл сол мезетте фильмнің қызығы басталып, астыртын әрекеттер мен қастандықтың беті ашылып, ақ пен қараның арасындағы мәңгілік күрес өрбіп, оқиға шиеленісе түседі…
Басты рөлдерді Дарья Мороз, Михаил Жигалов, Константин Милованов, Константин Стрельников, Фархат Аманқұлов, Азиз Бейшеналиев, Байкал Белбаев, Ерік Жолжақсыновтар сомдаған. Түсірілімі Ақтау, Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында, сонымен бірге Мәскеу мен Анапада өткен киноның тұсаукесері Астана қаласында жасалды. Айта кету керек, «Афалинаның қарғуы» фильмінің бюджеті 8 миллион долларды құрады. Арнайы эффектілер мен «экшнге» толы детективті триллерді кино мамандары қазақ кинематографиясындағы жаңа эраның басталуы деп мадақтап жатыр. Көзайым болыңыз!

«Мың бір түн»

Руханият · 1,415 рет қаралған

«Дала мен Қаланың» аймақтағы оқырмандарынан «Қазақстан» арнасында көрсетілген «Мың бір түн» телетоптамасының басты кейіпкерлерін сомдаған актерлар туралы толыққанды жазумызды сұраған бірнеше хат келген екен. Демек, түріктің сериалы қазақ көрерменінің көз құрышын қандырып қана қоймай, көңіл құртын да оятты деуге болады. «Талғам туралы таласпайды», біздікі тек хан көңілді оқырманның өтінішін шамамыз келгенше қанағаттандыру…
Сонымен, өткен аптада соңғы сериясы көрсетіліп, кейіпкерлерінің бақытты болуымен аяқталған «Мың бір түннің» басты қањармандары болып саналатын Онур Аксал мен Шехризат Евлиаоглуны сомдаушы актерлардың шынайы өмірде де ерлі-зайыпты екендігін, біліп алыңыз! Олар үш жылға созылған осы топтама түсіріліп біткесін тойларын жасапты.
Халит Ергенч (Онур Аксал) 1970 жылдың 30 сәуірінде туған. Ыстамбұлдық. «Халит Мимар Синан» университеті опера және музыка факультетін театр ойыншысы мамандығымен тәмамдаған. Ол – музыка, опера және балет саласында да танымал. «Кездейсоқ махаббат», «Ажал жазуы» фильмдерінде, «Қара періште», «Атам Гофрет және мен», «Тор қаланың тұрғындары», «Зерда», «Әлия» сериалдарында басты рөлдерде ойнаушы ретінде Түркия ғана емес, әлемнің біршама елінде үлкен беделге ие актер.
Бергузар Корел (Шехризат Евлиаоглу) 1982 жылдың 2 қыркүйегінде Ыстамбұлда дүниеге келген. Әкесі мен анасы түрік өнерінің жұлдыздары – Танжу Корел мен Хулия Дарджан. Мемлекеттік консерваторияның театр бөлімінде оқыған. Актерлық жолы қазақ көремендеріне «КТК» арнасы арқылы таныс «Зәйтүн ағашы» сериалымен басталған. Бергузар, сондай-ақ, «Көкжалдар мекені. Ирак», «Сен бар бол, Ургуп», «Сынған қанат» топтамаларында басты рөлдерді сомдаған.

ОН ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ОҢ ҮРДІС

Низам · 398 рет қаралған

Прокуратура органдары – еліміздің құқық қорғау жүйесінің темірқазығы болып қала береді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Құқық кеңістігінің одан әрі даму жолын айқындаған бұл стратегиялық құжаттың аса маңызды мемлекеттік мереке – Конституция Күні қарсаңында қабылдануының өзі тегін емес.

Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры

Жаңа стратегиялық құжатты – 2002 жылдан бері қолданыста болып келген осындай тұжырымдаманың заңды жалғасы болып табылады десе де болады, ал ол кезеңнің құқық саясатының басты нәтижесі – ұлттық заңнаманы түбегейлі реформалау, оны озық әлемдік стандарттарға жақындату болғаны белгілі. Бұл кезеңде елімізде зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет пен қоғамның нормалары, барлық құқық қолданушы жүйені, әсіресе қылмыстық жазаны қолдану мәселелерін ізгілендіру қағидалары заң және іс жүзінде орнықты. Бұл ретте отандық қылмыстық кодексте өлім жазасы қарастырылған санкцияларды елеулі қысқартып, жазаның осы түріне мораторий енгізуді еске алсақ та жеткілікті сияқты. Сонымен бірге 2002 жылдан бастап барлық нормативтік базаны жүйелеу жөнінде кең көлемдегі жұмыстар жүзеге асырылып, еңбек, бюджет, жер, экология, салық сияқты республикамыздың аса маңызды кодекстері жасалып, бекітілді. Сондай-ақ, еліміз үшін соны жаңалық болып табылатын Адам құқықтары жөніндегі өкіл институты жұмысын сәтімен бастап, сот реформасы түбегейлі жүргізілді.
Алайда өмір бір орнында тұрмайды. Барлық құқықтық саланың одан әрі дамуы, әртүрлі мемлекеттік және құқыққорғау органдарының қызметтерін үйлестіріп отыру, сот жүйесін жетілдіру – елімізде құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдау қажеттігін алға тартты. Және де оны 2020 жылға дейін он жылға бірақ жасау керек болды. Осы стратегиялық құжатты бекіткен кезде Мемлекет басшысы бәрінен де бұрын жалпы мемлекет пен оның азаматтарының игілігін көздегені анық. Тұжырымдама барлық норма жасау үдерісінің сенімді қағидаттарын қарастырған. Қолданыстағы заңдарды жүйелеу, оларды топтастыру, ескірген және қайталайтын нормалардан арылту жөніндегі жұмыстар да, сол сияқты сілтеме нормаларды неғұрлым азайтып, тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау тәжірибесін кеңейте отырып, ішкі қарама-қайшылықтарды жою да осыған жатады.
Бұл үдерістегі соны жаңалықтың бірі азаматтар мен бүкіл қоғамның мүддесін неғұрлым толық қамти алатын, нормативті құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандартын енгізу болмақ. Сондай-ақ, жаңа тұжырымдама заң техникалары деңгейін көтеріп, құқықтық реттеу механизмін жетілдіруді де, озық ақпараттық технологиялардың құқық шығармашылығы және құқық қолданушы үдерісін енгізуді де қамтамасыз етті. Құқықтық саясатты бұлайша кешенді түрде қарастыру – еліміздің жалпы дамуы барысында, оның бүкіл нормативтік-құқықтық базасын жетілдіріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып, нәтижелілік, шынайылылық пен есеп беріп отыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалық үлгісін жасауға мүмкіндік береді.
Бұл арада мынаны атап айтқан жөн: ұлттық құқықтық жүйенің іргетасы болып конституциялық құқықтың өзі алынған. Ал, өзінің аса мол қуатын үйлестірілген құқықтық жүйе арқылы жүзеге асыратын, тікелей қолданыстағы негізгі заң ретіндегі еліміздің конституциясының қағидалары мен нормаларын толыққанды жүзеге асыру – таяудағы жылдардың аса маңызды міндеті болмақ.
Тұжырымдамада мәселелердің кең ауқымын реттеп отыратын әкімшілік құқық саласының дамуына ерекше көңіл бөлінген. Онда барлық тіркеу және рұқсат беру – лицензиялық рәсімдерді одан әрі оңайлату, нақты стандартты нормалар негізінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке заңсыз араласуына сенімді тосқауыл жасау қажеттілігі атап айтылған.
Әкімшілік іс жүргізу кодексін жасау – әкімшілік құқықтың өзекті мәселесі болып отыр. Қазақстан үшін жаңа үрдістегі құжат болып табылатын оның қабылдануы әкімшілік сот өндірісінің, сот істерінің дербес бір саласы болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Құқықтық саясат тұжырымдамасында, сондай-ақ, азаматтық, азаматтық іс жүргізу, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу құқықтарының нақты бағыттары да, сондай-ақ, қаржылық, табиғат қорғау заңдарының, құнды қағаздар, сақтандыру қызметтері нарығы мен қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің, басқа да салаларының аса маңызды қырлары да көрініс тапқан.
Жаңа тұжырымдамада Қазақстанның құқыққорғау органдарын жетілдірудің таяудағы он жылға арналған базалық басымдылықтары айқындалған. Осы құжатта жазылғандай, прокуратура органдары бұрынғыдай, – оның темірқазығы, барлық құқыққорғау органдарын байланыстырып отыратын буыны болып қала береді. Бұл ретте прокуратура органдарының негізгі қызметі болып табылатын қадағалау тәжрибесінің тиімділігін арттыру міндеті қойылып отыр. Біздің қызметіміздің іс жүргізу негіздері де одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Прокуратура органдарының елеулі қоғамдық қауіп туғызатын қылмыстар бойынша қылмыстық істерді тергеу ісімен қоса, прокурорлардың сотқа дейінгі өндірістегі ролі мен жауапкершілігін одан әрі көтеру бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы шілде айында қол қойған «Жедел-іздестіру қызметі мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы прокуратура органдарына тергеу жүргізу құқығын қайтып беретінін еске сала кеткеннің артықшылығы жоқ. Алғашқы кезеңде бұл ерекше өзекті қылмыстық істер, сондай-ақ құқыққорғау органдары қызметкерлері жасаған қылмыстарды тергеу болмақ. Ал, одан әрі басқа да қылмыстық істер жатқызылатын болады.
Тұжырымдамада, сондай-ақ, прокуратура органдарының құқыққорғау саласының жалпы жүйесіндегі үйлестірушілік қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты да нақты тапсырмалар айтылған. Оның ішінде бұл қызметті тиісті құқықтық реттілік арқылы жүзеге асыру да бар. Мемлекет басшысының осы жылдың сәуір айында берген тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, Бас прокуратураның үйлестірушілік қызметін күшейтіп, құқыққорғау органдарының азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау, елімізде заңдылық пен құқық тәртібін нығайту ісіндегі өзара іс-әрекеттерін неғұрлым табысты жүргізу бойынша қазірдің өзінде нақты шаралар қабылданды.
Мәселен, Құқыққорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің тұрақты қызмет ететін хатшылығы құрылып, сыбайлас жемқорлықтың неғұрлым елеулі фактілерін уақытылы анықтап, тергеу жөніндегі штаб ұйымдастырылды. Ал, кеңес мәжілістерінде Мемлекет басшысының еліміздегі заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған тапсырмалары қаралып, қылмыспен күрес бойынша қосымша пәрменді шаралар қабылданды. Бірлесе талқылаудың нәтижесінде мемлекетіміздің құқыққорғау қызметін көтеру, азаматтардың өмірін, денсаулығы мен меншігін қандайда бір қылмыстық қол сұғушылықтан мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар айқындалды. Алдағы уақытта, тұжырымдама қағидалары талап етіп отырғандай, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, прокуратураның үйлестірушілік ролін көтеру Үйлестіру кеңесінің мәртебесін заңды түрде бекіту арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Егер, түптеп айтар болсақ, 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы барлық құқыққорғау органдарының жұмыстарының тиімділігін едәуір арттыруды, олардың қылмыстың кез келген көрінісіне шапшаң да, лайықты ықпал етуін, құқық бұзушылықтардың үнемі алдын алуды, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді, бизнес үшін қауіпсіз жағдай туғызуды, олардың қызметіне негізсіз араласуды болдырмауды – басты мақсат тұтқан.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы бекіткен жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасына байланысты Қазақстан Республикасының құқықтық дамуы жаңа кезеңге аяқ басты. Енді осының негізінде құқық саласы жетілдіріліп, еліміздің одан әрі дамуының құқықтық негізі ретінде қазақстан заңдарының жаңа легі қалыптасатын болады.
Жақында, қыркүйектің басында өткен Парламеттің біріккен бірінші сессиясында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осы мәселеге ерекше назар аударып, оның негізгі қағидаларын түйіндеп кетті.
Бас прокуратура басқа да мемлекеттік органдармен бірге қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған жаңа заң жобасын жасауды бастап та кетті.
Сол сияқты Бас прокуратура тергеуге дейінгі тексерісті, оның шегін анықтап, тұтқындаудың кепіл түріндегі баламасы сияқты бұлтартпау шараларын кеңейте отырып, заң шығарушылықты реттеу мәселелерін де белсенді түрде жүргізуде. Бақылау-қадағалау органдары жүйесін оңтайландыру, мемлекеттік қаржыны бақылау саласын жетілдіру бойынша да жұмыстар басталды.
Құқық саясаты тұжырымдамасы, таяудағы он жылға арналған бағдарламалық құжат ретінде, оны барлық мемлекеттік органдардың мақсатты да мүлтіксіз жүзеге асыруын талап ететінін атап айтқан жөн. Алайда жұртшылықтың белсене қатысуынсыз және әр азаматтың қолдауынсыз оның діттеген міндеттерінің бәріне қол жеткізу мүмкін емес. Бұл орайда қоғамымыздың барлық мүшелерінің, барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының құқықтық саясаттың аса маңыздылығын терең түйсінуінің мәні зор екендігін атап айтар едік. Сондай-ақ, құқықтық сана мен құқық тәртібін көтеруге жалпы даярлықтың, қоғамда қабылданған нормалар мен ережелердің барлығын ынталылықпен орындаудың, азаматтардың Отанымыздың одан әрі дамуына, Қазақстанның әлемдік аренадағы ролі мен беделінің артуына белсенді үлес қосуының мәні де аса зор болмақ.

Ал, бұл кезде…
Бас прокурор Қайрат Мәми мен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Қарасай аудандық прокуратурасының жаңа ғимаратының орнын белгілеп, құрылыстың іргетасына болашақ ұрпаққа жазылған аманат салынған қалайы сауытты орналастырды.
Бас прокурордың Жетісу жеріне келуінің басты себебі – 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасынының негізгі қағидалары мен басты мақсаттарының мәнін талқылап, Алматы облыстық прокуратурасының өз міндеттерін атқаруда және осы құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруда қолға алатын шараларының жай-жапсарын білу. Осыған орай, Алматы облыстық прокуратурасының мәжіліс залында ҚР Бас прокуроры мен Алматы облысы әкімінің қатысуымен облыстық деңгейдегі құқық қорғау, сот органдарының жетекшілері мен барлық аудандар мен қалалардың прокурорларының басын қосқан үлкен жиын өтті. Осы басқосуда қысқа болса да, нұсқа сөйлеген Бас прокурор 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын да тарқата түсіндіріп, онда айтылғандар толыққанды жүзеге асса, еліміздің құқықтық мемлекет ретіндегі мәртебесі де барынша артатындығына айрықша тоқтала отырып, Алматы облысындағы құқық қорғаушылар жұмысына біраз сын айтты.

Келесі »