№ 35 (364) 


ИННОВАЦИЯ, ТЕК ҚАНА ИННОВАЦИЯ!

Экономика · 305 рет қаралған

АЛДАҒЫ ОН ЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ – ОСЫ!

Қаңтардың 21 мен 23 аралығында Мәскеуде «Ресей және әлем: жаңа мыңжылдықтағы жаңа талаптар» атты халықаралық конференция өтті. Ғаламдық экономиканың алдағы он жылдықтағы дамуының әртүрлі шарттарын қарастырған дөңгелек үстелде «Жаңа онжылдықтағы бюджет», «Онжылдықтағы әлеуметтік талаптар», «Қаржы-несие саясатындағы жаңа талаптар», «Инновациялар кеңістігі», «Сыртқы экономиканы қолдаудың аймақтық бағдарламалары» атты өзекті мәселелер көтерілді.

Аталған басқосуға біздің елдің атынан барған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Келімбетов «Инновациялар кезеңі» деген тақырыпта сөйлеп, «Самұрық-Қазынаның» дағдарыстан кейінгі Қазақстан экономикасын модернизациялаудағы жаһандық экономика дамуы тұрғысынан көзқарасын білдірді. Қайрат Нематұлы айтқандай: «Инновациялар кезеңі келді. Егер, қазір саяси ерік танытпаса, кейіннен инновациялық дамуда серпін беретін, әлемдік экономикалық лидерлердің қатарында бірге тұру қиындай түседі. Сондықтан, Кедендік одақта бірге жұмыс істеуіміз – Ресей мен Қазақстанды осы инновациялар жарысында бірге жүріп, әлемдік даму тенденциясынан қалып қоймауға әсер етеді». Сондай-ақ, қор басшысы ресейлік аудиторияға Қазақстанда 2010 жылдың қаңтарынан бастап, индустриалдық-инновациялық дамудың бес жылға арналған бағдарламасының жүзеге асырыла бастайтынын айтты. Бұл бағдарлама бойынша дәстүрлі, бұған дейінгі жолға қойылған салалардағы және ресурстарды аймақтарға жұмылдырған артықшылықтар пайдаланылады. «Біз өзіміз үшін Қазақстанда алдағы 10 жылдықта диверсификацияның 2 түрінің болатынын анықтап алдық. Біреуі – шикізаттық саладағы және осы саламен қатысты салалардағы диверсификация, бізде мұнай баршылық, сондықтан, мұнай-химиясын дамытуымыз керек.Бізде металл да баршылық, сондықтан, металлургияның әртүрлі қырларын, оған қатысты салалардың дамуына мән береміз. Яғни, энергетикалық эффектіні түсінуіміз қажет. Егер бізде аграрлық өнім мол болса, онда Кедендік одақ көлеміндегі ортақ рынокта агроөңдеуді дамытудың болашағы бар. Ал, диверсификацияның екінші типі – ол екінші бағытымыз. Бұл – бизнес-бастамаларға, жоғарғы технологиялық трансферттерге, экономикада жақын арада пайда болатын қызмет көрсету салаларының арқасында дами алады», – деді ол. Бұған қоса, Қ.Келімбетовтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры индустриялдық бағдарламаның жүзеге асуына өз құрамындағы даму институттары арқылы қатыспақ. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы жобаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға да мүмкіндік бар. Қазіргі күні қордың құрамындағы «Қазақстан Даму банкі», «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Kazyna Capіtal Management», «Қазақстанның Инвестициялық қоры» АҚ, «Экспорттық операцияларды сақтандыру Мемлекеттік корпорациясы» АҚ компаниялары 212 жобаны мақұлдады, оның 160-ы қаржыландырылу үстінде. Елімізде осы жобалардың жүзеге асуымен 46 000 жұмыс орны ашылмақшы. Жалпы, «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялары 2009 жылдың алғашқы жартыжылдығында ел экономикасына құйылған бүкіл инвестицияның 12 пайызын құраған.

Пікірлер

Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!