БАНК КАПИТАЛЫН ҚАЙТСЕК ТИІМДІРЕК ПАЙДАЛАНАМЫЗ?
Экономика · 216 рет қаралған
Таяуда өткен Үкіметтің алқалы мәжілісінде мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев сөз сөйлеп, 2009 жылғы жұмыстарында қол жеткізген жетістіктерін баяндаған лауазымды тұлғаларға орын алған кемшіліктерді атап-атап көрсетіп берді.Жасыратыны жоқ, атқарушы билік өткен жылы тындырымды жұмыс істеді. Десек те, сол жыл біздің еліміздің қаржы-экономикалық ағзасында қордаланған мәселелер бар екенін де анықтап берді. Мәселен, миллиардтаған доллармен саналған мол қаражат жинай алған олигархтарымыз сол байлығын пайдалануда сауатсыздық танытты. Соның салдарынан отандық қаржы жүйесіне мемлекеттің «араласуы» қажет болды. Қазір жағдай біршама қалыпқа келгендей. Солай бола тұрса да, банк капиталын тиімді пайдануға кедергі келтіріп тұрған түйінді мәселелер сол күйінде қалуда. Елбасымыз: «Банктер тікелей банктік қызметпен айналыссын», – дей отырып, олардың сақтандыру компаниясы, ипотекалық-құрылыс компаниясы секілді тағы басқа толып жатқан еншілес кәсіпорындарының болмауы қажеттігін атап көрсетті.
Турасына келсек, адамзат өркениетінде банк жүйесі өз өндірісін бастаған сәттен бері көптеген мемлекеттердің басшылары осынау аса маңызды құрылымдағы «құйтырқы» жүйелермен «арпалысып» келеді. Айталық, «ұзын доллар» саясатын өмірге әкелген АҚШ Президенті Теодор Рузвельд қазіргі әлемге кеңінен танымал алпауыт «Морган Групп» қаржы жүйесінің негізін қалаушы Морганмен екі сайлау аралығындағы қызыметі бойына күресіп, зорға дегенде азынаулақ жеңіске жеткен болатын. Сондағы тұңғыш олигарх Морганның қаржы пайдаланудағы жүйесі дәл бүгінге дейінгі біздің олигархтар пайдаланып келген жүйе екенін еске сала кеткіміз келеді. Мол қаражатқа ие болған Морган экономиканың өндірістік, қызмет көрсету, тасымал, сауда салаларын банк капиталымен біріктіріп жіберіп, өзінің де, өзгенің де дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтірген болатын. Ақшаны басқаруда «кландық» жүйе орнықтырған еді. Олар тек қана ақшадан ақша жасаумен айналысты. Негізінен «тауар – ақша – тауар» тізбегі бұзылды. Түптеп келгенде, бұл тұтастай АҚШ экономикасын 1928 жылғы «алапат күйзеліске» (великая депрессия) алып келді. Дәл осындай жағдай 2000 жылдардың басында Оңтүстік Кореяда орын алды. Дәл осындай жағдай 1997 жылғы Оңтүстік Шығыс Азия дамушы мемлекеттерінде дағдарыс туғызды. Дәл осындай жағдай ақыр аяғында 2007 жылдың тамызынан кейін Қазақстанның екінші деңгейдегі банк жүйесін ел экономикасына қызмет етуге қабілетсіз жағдайға жеткізді. Өзіміздегі жағдайға талдау жасар болсақ, екінші деңгейдегі банктерді құрушы олигархтар мәселен, Алматы қаласының көлеміндегі құрылысқа жарамды жер телімдері мен ескі үйлерді сатып алу жұмысын бәсекелесе жүргізді. Бұл істі олар өздерінің еншілес компаниялары арқылы атқарды. Бұл – ақыр аяғында құрылыс шаршы метрінің шарықтап кетуіне жол ашты. Кейбіреулер өзін ақтағысы келіп, құрылыс бағасының қымбаттығы құрылыс материалдарының басым бөлігі импортталғандығының салдары дейді. Мұның да бағаға әсері болғаны сөзсіз. Десек те, бағаны асқақтатып жіберген сол құрылыс алаңдарын сатып алудағы бәсекелестік еді. Бұған дәлелді алыстан іздеп жатудың қажеті шамалы. Айталық, 2009 жылы да құрылыс салынды. Бұл жылы да, қажетті материалдардың басым бөлігі импортталды. Десек те, шаршы метрдің бағасы 750 доллардың шамасында болды. Ал, 2007 жылдың тамызына дейін бұл көрсеткіш 3000 доллардан асқан еді. Мінеки, өндіріс, құрылыс және қаржы капиталдарының бірігіп кетуі, елге осындай зиян келтірді. «Мұндай зиян қалайша түзеледі?», – деген сұраққа нақты былайша жауап беруге болады: «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» деген қазақ мақалы өз қызметін атқарып шығады. Яғни, әлгі болашақ құрылыс алаңдарын сатып алуға бәсекелескен, сөйтіп, жер телімдерінің құнын өсірген банктердің еншілес компаниясы. Дағдарыс келіп, халықтың төлем қабілеті әлсіреген шақта, бағаның түсуіне байланысты банктер енді өздерінің бастапқы ақшаларын да қайтара алмайтындай жағдай қалыптастырады. Яғни, ақшасын ешкімнен даулай алмайды. Еш жерден өндіре де алмайды. Мінеки, болмыстың ақиқаты, осы. Демек, Елбасымыз банктер тек қана банктік қызметпен айналыссын, олардың түрлі еншілес компаниялары жойылсын деп қатаң тапсырма берген сөзіндегі мақсат – болашақта еліміздің қаржы жүйесін осындай келеңсіз жайдан аман сақтау болғаны сөзсіз.
Жасыратыны жоқ, біздің Елбасымыз, қаржы жүйесіндегі мұндай олқылықты әлемдік дағдарыстың алғашқы бастау сәттерінде-ақ көре білді. Сол дер кезінде көре білгендіктің нәтижесінде мемлекет 2007 жылдың өзінде екінші деңгейдегі банктерге Ұлттық қордан 4 миллиард доллар көлемінде несиелік көмек-қаржы берді. Банктердің жыртығы мұнымен де жамалмайтыны уақыт өте келе айқындалып шықты. Ақыр аяғында 2009 жылы Елбасының тікелей нұсқауымен өмірге келген мемлекеттік «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қоры еліміздегі «БТА банк», «Альянс банк», «Халық банк», «Қазкоммерц банк» секілді ең ірі қаржылық құрылымдардың басқару акцияларын мемлекетке сатып алды. Сөйтіп, екінші деңгейдегі жекеменшік коммерциялық қаржы капиталына мемлекеттік қаржы капиталы араласып, дер кезінде қолға алынған бұл шара тұтастай қаржы жүйеміздің аман сақталуын қамтамасыз етті.
Мемлекет екінші деңгейдегі банктердің акционері болып, жұмысына араласқан кезде мұндағы былық одан әрі айқындала түсті. Ақыр аяғында мемлекет басшысы сол былықтарды тудырушы вирус банктердің еншілес құрылымдары екенін ашық мәлімдеді. Бұл отандық банк жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізетін бір істің өмірге келуін жеделдете түскен мәлімдеме болып шықты. Жасыратыны жоқ, бүкіл дүниежүзінің дамығаны бар, дамушысы бар барлық мемлекеттері дерлік өздеріндегі банк жүйесіне түрлі мөлшерде көмек көрсетіп жатыр. Еуропа елдерінде де, АҚШ та да банк жүйесіне дәл біздегідей көмек жасалды. Бір қызығы біздің Елбасымыз банк жүйесін таза банктік қызметпен айналысуға көшіру туралы мәлімдемесін жариялаған шақта АҚШ Президенті Барак Обама да осы сала бойынша мемлекеттік жаңа бағдарламаны қолға алатынын айтты. Алып елдің олигархтары бұған қарсы шықты. Бірақ, Президент өз бағдарламасын бекіттірді. Бізде де, Президенттің ұсынысы өмір ақиқатына айналады деп сенеміз. Сондықтан да, орайы келгенде «АҚШ реформасы қандай болмақ?» – деген сұраққа жауап бере кетейік. Өйткені, бәлкім мұндағы реформадағы жаңалықты өз реформамызда пайдалануға да болатын шығар.
Сонымен, АҚШ банк жүйесіндегі реформаның барысында банктер екіге бөлінетінін мұндағы басты жаңалық ретінде қабылдауымыз керек. Дәлірек айтар болсақ, бұдан былай бұл елдегі банктер инвестициялық және тұтынушылық қызмет көрсету банктері болып өзінің негізі жұмыс мазмұны жағынан ерекшеленілетін болады. Инвестициялық банктер экономиканы және өмірдің басқа салаларындағы тиімді жобаларды инвестициялауға қаржы салады да, тұтынушылық қызмет көрсету банктері өндірілген тауардың өтімділігін қамтамасыз етуге жұмыс істейтін болады. Бір сөзбен айтқанда, бірінші топтағылар – қаржыны экономиканың қанына айналдырады, екінші топтағылар – тұтыну несиелерін үлестіреді. Импорт–экспорт жүйесіне қызмет көрсетеді. Енді Америкадағы бұл жаңалықты біздің ел өмірімен салыстыра сөйлейтін болсақ, онда біздің банктеріміздің барлығы дерлік осы уақытқа дейін тек қана тұтынушылық қызмет көрсету банктері болып келгені белгілі. Мұның сыртында олардың ақшадан-ақша жасаушы басқа да құрылымдары болды. Айталық, ірі банктеріміздің барлығында дерлік еншілес сақтандыру компаниялары, жинақтаушы зейнетақы қорлары болғаны рас қой. Мінеки, бұлар ақшадан-ақша жасаушы ғана құрылым болып шығады.
АҚШ-та болатын реформаның негізгі маңызды тұстарын атап көрсеттік. Қалай болғанда да, бұл көңіл аударарлық іс секілді. Біз өз елімізде, алдағы уақытта, екінші деңгейдегі банктерімізге осындай айырықша статустар береміз бе, әлде сол банктердің акционерлері ретінде банк капиталының қаққа бөлініп, оның бір бөлігі инвестициялық, екінші бөлігі – тұтынушылық несиелер болуын қамтамасыз етеміз бе, оны тиісті орындар шеше жатар. Ең бастысы, әйтеуір, сеңді қозғалтатын бір шара керек. Өйткені, 19 жылдық тәжірибеде көрінгендей банк капиталын тиісті басқару – тек қана қадағалау қызметін күшейту арқылы мүмкін болмайтынына толық көз жеткіздік. Айталық, прокуратура, қаржы полициясы секілді құқық қорғау органдарын есептемегенде, елімізде Ұлттық банк пен Қаржыны қадағалау және қаржы ұйымдарының жұмысын бақылау агенттігі жұмыс істеді ғой. Екінші деңгейдегі банк менеджменті осы екі мемлекеттік қаржы жүйесіне есеп беріп тұрды. Солай бола тұрса да, миллиардтаған доллардың қаржысы «қолды болды». Демек, бүгінге дейінгі банк туралы заңымыздағы «банктік құпия» өз қызметін атқарды дей аламыз. Заңдағы бұл бап әлі де өз қызметін атқара береді. Оны сызып тастауға әсте болмайды. Демек, екінші деңгейдегі банк жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін ондағы капиталды екі бағытта яғни, инвестициялық және тұтыну несиелік салада жұмыс істету керек шығар. Алғашқысы – сенімді, екіншісі – табысты. Иә, дәл солай. Олай болатын болса, банк капиталының міндетті түрде бірдей мөлшердегі екі қоржыннан құрылуын заңдастыра отырып, біз екі қоянды бір оқпен атқан болып шығамыз. Қаржымыздың қайтарылымы сенімді болады және екінші қоржын арқылы «тәуекелі мол» іске жұмсалған қаржымыз жоғары табыс әкеледі. Мінеки, біз өз білгенімізді осылайша түсіндірдік. Ал, екінші деңгейдегі банктер жүйесіне қандай өзгерістер енгізеді, оны Президент тапсырмасын орындаушылар айқындай жатар. Тек «өгіз де өлмеуі, арба да сынбауы қажет».
Жұмабек ЖАНДІЛДИН.


Пікірлер
Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!