Ақ үй Ақордаға ағынан жарылды
168 сағат · 208 рет қаралған
ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барып, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен келіссөз өткізді.
Келіссөз барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысындағы іс-қимылдар және Нұрсұлтан Назарбаевты Барак Обаманың шақыруы бойынша үстіміздегі жылдың сәуір айында АҚШ-та өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке келу сапарының бағдарламасы талқыланды. Өз кезегінде Хиллари Клинтон Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін АҚШ-тың қолдайтынын және Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін және Қазақстан Президенті Ақ үй басшысының шақыруын қабыл алғанына риза болғанын жеткізді. «Қазақстан ядролық қарудан бас тарту жөнінде әлемге жақсы үлгі көрсетті. Қазақ елін ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде сындарлы әрі маңызды кезеңдер күтіп тұр. Бұл ретте АҚШ өзі тарапынан Қазақстан бастамаларын қолдау білдіреді»,– деді Хиллари Клинтон ханым.
Қанат Саудабаев өз тарапынан ЕҚЫҰ-ның Қазақстан төрағалық еткен жылындағы басты іс-шараларының арасында Сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитін Алматы қаласында шақыру ниеті барын және оған Хиллари Клинтонды ресми түрде шақыратынын жеткізді. Елбасының бастамасымен Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті туралы идеяны тараптар мүдделестікпен талқылап, бұл мәселе жөнінде белсенді жұмыстар жүргізуге келісті.
Бұдан кейін Қанат Саудабаев АҚШ-тың Энергетика министрі, Нобель сыйлығының иегері Стивен Чумен кездесіп, екі ел арасындағы дәстүрлі, атом және қайталама энергетика бойынша ынтымақтастық мәселелері талқылады. Қазақстан мен АҚШ арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа да үлкен көңіл бөлінді. Қазақстанның уран өндіруден былтыр әлемде бірінші орынға шыққандығы, ал АҚШ әкімшілігі бірнеше АЭС салу туралы бағдарлама қабылданғаны жайында сөз болды. Осыдан кейін Қанат Саудабаев Вашингтоннан Нью-Йорк қаласына ат басын бұрып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.
Н. ӘУБӘКІР.


Пікірлер
Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!