№ 35 (364) 


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ТАЛАНТТЫ ТУЫНДЫНЫҢ БАБЫ ТЕҢГЕДЕ ЕМЕС, ҰЛЫ МАҚСАТТА!

168 сағат · 127 рет қаралған

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің рухани-мәдени орталығы Алматы қаласына ат басын бұрып, әдебиет және өнер тарландарына 2009 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды өз қолымен табыс етті.

Президенттік стипендия Елбасының шешімімен жасы ұлғайған әдебиет және өнер қайраткерлеріне материалдық қолдау көрсету мақсатында 1994 жылы 12 желтоқсаннан бері үзбей беріліп келеді. Олардың қатарында Қадыр Мырзалиев, Иван Щеголихин, Қалмұқан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Хадиша Бөкеева, Қасым Жәкібаев, Бибігүл Төлегенова, Бекен Жылысбаев, Фарида Шәріпова, Анатолий Молодов, Роза Жаманова, Асанәлі Әшімов, Гулвира Разиева, Ораз Әбішев, Әмен Хайдаров, Сабыр Мәмбеев сынды көптеген көрнекті жазушылар мен өнер қайраткерлері бар. Бұған қажетті қаржы Елбасының мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламаларды қолдауға арналған жеке қорынан бөлінеді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Төл мәдениетпен тәрбиеленген адамның әруақытта рухы биік, өз Отаны мен халқын сүйіп өтетіні анық. Дүниеге шыр етіп келген әрбір сәби домбыраның қоңыр үні мен халық әнін бойына сіңіріп, тілді біліп, әдет-ғұрыпты көкейіне тоқып өсуі керек. Өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген ұғым жоқ. Оларға қойылатын талап біреу, ол – туынды мазмұнды болуы керек, - деді. Еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген тұста мемлекет мәдениет пен әдебиеттің ақсамауына айрықша көңіл бөледі. Елбасының қолдауының арқасында еліміздегі шығармашылық одақтар жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Ал бұл кезде көршілес елдерде шығармашылық одақтар күйреп, өнер ордаларының есігіне қара құлып салынғаны есімізде. Нұрсұлтан Назарбаев өнер адамдарының мүддесін жоғары қойып, өнердің өрісін кеңейтуге тырысқанын біріміз білеміз. Сол қолдау бүгінде өз жемісін беріп келеді. Қазіргі таңда әдебиет, театр, кино саласындағы тарландарымыз дүниежүзілік додаларда топ жарып, биіктен көрініп жүргені осының арқасы. Сонымен биыл Мемлекеттік стипендияға ақын Светқали Нұржан, актер Дулыға Ақмолда, суретші Қазақбай Әжібекұлы, дирижер Дәурен Ғылымов, сазгер Ержан Серікбай сынды талант иелері ие болды. Осы ретте Президент стипендиясын газетіміздің әдеби редакторы, белгілі ақын, мәдениеттанушы Әмірхан Балқыбек олжалап, Елбасы алдынан зор міндет арқалап шыққанын айта кетуіміз керек.

– Құрметті мәдениет қайраткерлері! Біздің тәуелсіздігіміздің тарихында оңай кезеңдер болған емес. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Осы жылдар ішінде көп іс тындырдық. Бүгінде бізді жауапты жұмыстар күтіп тұр. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды. Қол жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімей, үнемі алға жылжи беруіміз керек. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіру міндетін қойдық. Осындай мақсаттарға жету үшін қоғамдық келісім мен тұрақтылық ауадай қажет. Бұл біздің тарих алдындағы, халық алдындағы парызымыз, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға ат басын бұрған сәтінде өнер ордаларына бас сұғып, мәдениет қайраткерлерімен жиі пікірлесіп тұратыны белгілі. Жиын барысында Елбасы барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызына тоқталды. Мұндай ауқымды бағдарламаны ешбір мемлекет қолға алған емес. Сондықтан бұл бағдарламаны мәдени өміріміздегі тарихи оқиға деп қабылдауға болады. «Мәдени мұра» аясында еліміздің тарихы жайындағы көне жәдігерлер мен кітаптарды әлемнің түкпір-түкпірінен алдырып, қайта бастырдық. Осылайша Қазақстанның тәуелсіз тарихын қайта қалыптастыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. «Мәдени мұра» бағдарламасы шңберінде көптеген ескерткіштер қалпына келтіріліп, халықпен қайта қауышқаны белгілі. Бұл аз десеңіз, әдебиет пен өнердің әлемдік ақыл-ой қазынасының асыл жауһарлары қазақ тіліне аударылғанын атай кетуіміз керек. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруда зиялы қауым өкілдері айрықша үлес қосқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде қазақ тіліне артықшылығына ешкім таласа алмайтындығын ашып айтты. Тәуелсіздік жылдары елімізде 900 қазақ орта мектебі ашылғаны белгілі. Қазір жыл сайын бой көтеріп жатқан мектептердің 70 пайызы қазақ тілді білім ордалары екені баршаға аян. Мемлекет басшысы басқосуда қазақ тілін дамытуға 2005 жылы 150 миллион теңге жұмсалса, былтыр 5 миллиард теңге жұмсалғанын мәлім етті. «Түбінде барша қазақстандықтар қазақ тіліне көшетін болады. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай дәрежеге көтеріледі», – деп Президент кесіп айтты. Тәуелсіздікті нығайтып, экономикамызды дамытсақ – тіл мәселесі шешімін табатыны белгілі. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Жас ұрпақ мектеп бітіргенде үш тілді болсын», – деген сөзінің себебін түсіндіріп берді. Орыс тілінен ажырап кеткен Түрікменстан сияқты елдердің орыс тіліне қайтадан оралып жатқанын, Малайзияның тәуелсіздік алған кезде ағылшын тілінен ажырап, 5 жылдан кейін мектептер қайтадан ағылшын тіліне көшкенін тілге тиек етті. Бұдан кейін өнер адамдары кезегімен сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы лебіздерін білдірді. Мемлекет басшысын мұқият тыңдағаннан кейін, зиялы қауым өкілдері арасынан КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бірінші болып өз ойын айтты:

– Сіз жақында біздің киностудияда болып, ондағы жағдайды өз көзіңізбен көрдіңіз. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында жаңа техникаларды сатып алды. Сол кезде айтқан бір сөзіңіз қазір киногерлер арасында афоризмге айналып кетті. Сонда сіз: «Мен гольфке барып шұғылданғанда, барлығы соған келді. Үлкен тенниске барып едім, жұртшылық соған қарай жылжыды. Енді киноға келдім, осыдан былай ел-жұрт кино жаққа қарай бет бұратын шығар», – деп едіңіз. Біздің киногерлер маған «Нұрсұлтан Әбішұлына осы үшін алғысымызды жеткізіңіз», – деп аманаттады – деді қазақ киносының майталманы. Ал қазақ әдебиетінің ақсақалы Әзілхан Нұршайықов:

– Мен бұл жолы сөйлемейтін шығармын деп ойлап едім. Өйткені, мен сөйлесем Сіздің ел үшін етіп келе жатқан ерен еңбек, қажырлы қызметіңізді жақтап сөйлеймін. Халықтың жағдайын жақсартуға байланысты әр бастамаңызды қостап, қуаттаймын. «Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын», – деген аталы сөз бар емес пе! Маған Қазақстан халқының мамыражай, тыныш өмір сүргені керек. Тыныштықтан тәтті рахат, одан қымбат қазына жоқ. Кешегі қанды соғыста болған солдат ретінде мен мұны жақсы түсінемін – деді қарт қаламгер. Елбасымен өткен емен-жарқын жүздесуде мәдениет қайраткерлерінің айтары да, аманаты да көп екенін аңғардық. Жиын соңында Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің рухани-мәдени әлемінің көкжиегін кеңейту жолында қолынан келген көмегін аямайтындығын мәлім етті.

– Қадірлі ағайын! Өнер мен әдебиетті көркейту ісіне мемлекетіміз үнемі қамқорлық жасап келеді. Бұған дейін де демеп, көмек көрсеттік, алдағы уақытта да қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Алайда, талантты туындының бағы тек қаражатта емес, үлкен мақсат-мұратта, ұрпақ үшін мұра болатындай қадір-қасиетте екенін ұмытпайық, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрлан ЖҰМАХАН.

Пікірлер

Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!