№ 35 (364) 


ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

Жаңалықтар · 429 рет қаралған

НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДЕН БАСТАУ АЛДЫ

4 АҚПАН. ПАВЛОДАР

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы ел аумағында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын кең ауқымда насихаттау, түсіндіру жұмыстарын Павлодар облысынан бастады. Елбасы Жолдауына өздерінің ықыластарын білдіру үшін қала төрінде орналасқан «Астана» спорттық-сауықтыру кешеніне 3 мыңнан астам адам жиналды.

Насихат жұмыстарының өндірісті өңірден бастау алғанының өзіндік себебі бар. Елімізде жүзеге асып жатқан 162 индустриялық-инновациялық жобаның 12-сі Павлодар облысының еншісінде. 55 мыңға жуық мүшесі бар «Нұр Отан» партиясының ірі бөлімі де осы аймақта екені белгілі.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын қолдауға арналған «Нұр Отан» ХДП форумға мұнай өңдеу, металлургия, машина құрастыру зауыттарының және Ақсу ферроқорытпа зауытының, Екібастұз ГРЭС-1 және Екібастұз ГРЭС-2 стансыларының жұмысшылары, зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, дәрігерлер мен студенттер қатысты.

Елбасы Жолдауын қолдауға арналған «Нұр Отан» ХДП форумының ашылу салтанатында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Жолдауды насихаттау жұмыстары барлық облыстарда жүргізіледі. Себебі, бұл тарихи құжаттың әрбір сөзі еліміз үшін де, әрбір қазақстандық отбасы үшін де жаңа даму жолдарын ашып берді. Қазақстаннан басқа ешбір мемлекет, ешбір елдің президенті дамудың нақты жоспарларын нақтылап бермеген», — деді.

Сол секілді партия Төрағасының бірінші орынбасары партия бастамасын қазақстандықтардың қолдайтынына сенім білдіріп, еліміздің алдағы 10 жылдық дамуының нақты бағыттары көрсетілген тарихи құжатта айтылған әрбір жобаны абыроймен атқару – барлық ел азаматтарының басты міндеті екенін айтты.  Ал облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев үстіміздегі жылы өңірде Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогы іске қосылып, ГРЭС-1, Павлодар мұнай-химия зауыты мен «Ромат» фармацевтикалық зауытының жаңартылу жұмыстары жүргізілетінін, хлор мен каустикалық соданы өндіру қолға алынып, қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылатынын мәлім етті. Осыған орай, Бақытжан Сағынтаев өңір тұрғындарының Елбасы Жолдауына ықыласы ерекше екенін және Президент бастамаларын барлық қазақстандықтар сияқты павлодарлықтар да қызу қолдайтынына зор сенім білдірді. Ал, Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысшысы Медет Дүйсембаев жас мамандарға Үкімет тарапынан жасалынып жатқан қолдауларға ризашылығын білдірсе, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының өкілі Рымтай Шөкеев саяси партиялар мен ұйымдардың ортақ диалог жасауына жол ашқан Елбасының ұсынысы ойынан шыққанын айтты.

Елбасы Жолдауына алдыңғы қатарлы өндірістік кәсіпорын жұмысшылары мен білім және денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері, «Жас Отан» Жастар қанаты өкілдері өз қолдауларын білдірді. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арынның айтуынша, ел болашағы ғылыммен тығыз байланысты. Мұны Елбасы биылғы Жолдауында да қадап айтты. Сол секілді облыстық мәслихаттың депутаттар корпусы аймақта кәсіби білім беру деңгейін көтеруге бар күштерін жұмылдырмақ. Оның барлығы өңірдегі өндіріс алыптарында өз мамандарымыздың жұмыс істеуіне жол ашпақ.

Жолдау жұртшылықтың көңілінен шыққаны шындық. Форумға жиналғандар биылғы Президент Жолдауына «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолынан» кейінгі «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп баға берді. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы Қазақстанның жеделдетілген инновациялық дамуы үшін, әр өңірді индустрияландыру үшін зор мүмкіндіктер береді. Жолдауды насихаттау, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта барлық облыстарда жүргізілетін болады.

Думан БЫҚАЙ.

5 АҚПАН. АҚТӨБЕ

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінше орынбасары Нұрлан Нығматулин Елбасының Жолдауын кең ауқымда насихаттаудың іс-шара жоспарын бұдан кейін Ақтөбеде жалғастырды. Еліміздің таяу онжылдықтағы индустриялық-инновациялық дамуының бағыттарын айқындаған маңызды құжат ақтөбеліктерді тың істерге құлшындырып отырғаны да рас. Ақтөбе – өнеркәсібі дамыған, серпінді жобалар көптеп жүзеге асырылып жатқан өлке. Ақтөбе мұнай қондырғылары зауытына жиналған үш мыңнан астам адамның Елбасы ұсынып отырған Қазақстанның жаңа онжылдықтағы стратегиялық бағдарламасына бір кісідей қолдау білдіруінің өзі – тәуелсіз еліміздің ертеңінен үлкен үміт күтуге болатынын аңғартса керек. Іс-шараға өндірістік кәсіпорындар жұмысшылары, денсаулық сақтау және білім салаларының қызметкерлері, зиялы қауым, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, студенттер, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.

Түрлі ұрандар мен транспарантар көтерген халық «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінше орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықовты салтанатты жағдайда қарсы алды. Жиында сөз алған Нұрлан Нығматулин Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауын – тарихи маңызы зор құжат деп атап өтті. Бұл Жолдаудың бұдан бұрынғы жолдаулардан ерекшелігіне тоқталды. Бұған дейінгі Жолдаулар бір жылдың аясында атқарылар шаруаларды қарастырса, енді таяудағы он жылға бағдар ұсталғанын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын айқындап бергенін жеткізді. Партия басшысы Елбасы Ақтөбені ел экономикасының локомотиві деп бағалағанын тағы бір еске түсіріп, өңірде жалпы сомасы 6 млрд. доллар болатын жиырмадан астам индустриялдық-инновациялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. Мұның өзі өңірдің экономикалық мүмкіндігінің, табиғи ресурстарының мол екендігін айғақтайтынын айтты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған нақты іс-қимыл жоспары қазақстандықтарды түрлі салада әлемдік жетістіктерге сай етіп қана қоймай, сол жетістіктерді өзіміздің жасауымызға жол ашады. Алдағы он жылдың міндеттері «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа әрі негізгі бағдарламасы болады, – деп түйіндеді өз ойын Нұрлан Нығматулин. Облыстық Мүгедектер қоғамының төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Чемоданов Елбасының сарабдал саясатының, азаматтық ұстанымының арқасында қол жеткен жетістіктерімізге ризашылығын білдірді. Оның тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындап келе жатқан облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың атына да жылы лебіз айтты. Шынында да облыста Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, ауғандықтарға, Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға, халықтың басқа да әлжуаз топтарына жеңілдіктер қаралған, олардың мұң-мұқтажы үнемі назарда ұсталады. Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова Президенттің стратегиялық бағдарламасында жоспарланған маңызды жоба «Батыс Европа – Батыс Қытай» көлік жолы бойынша жұмыс істейтін мамандарды даярлауға баса назар аударса, Ақтөбе педагогикалық институтының студенті Мәншүк Дүмбаева жастар мәселесіне тоқталды. Акцияда сөз алғандар Елбасының өңірлерді дамыту, экономикалық даму орталықтарын қалыптастыру, әлеуметтік-экономикалық серпінділікті қамтамасыз ететін қайта құруларды жүзеге асыру жайлы ойларын ортаға салды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов Елбасы Жолдауында бағдарланған жұмыстарды жүзеге асырудың толық мүмкіндігі бар екенін, экономикалық дамудың алғышарттары жасалғанын баяндады. Сондай-ақ Жолдаудағы алға қойылған міндеттерді бұлжытпай орындау қажеттігін, дамыған елу ел емес, алғашқы ондықтарға бағдар ұстау керектігін әңгімеледі. Елбасы Жолдауын елдің ертеңіне қызмет ететін маңызды құжат деп бағалады. Ал Жолдауды ақтөбеліктер де қызу қолдайтынына сенім білдірді.

Сол күні «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс он бірінші конференциясы өтті. Облыстық филиалдың жаңа төрағасы болып, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев сайланды. Конференцияда облыстық филиалдың Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілгенін айта кетуміз керек.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Ақтөбе облысы.

Пікірлер

Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!