Дефициттен – профицитке
Экономика · 107 рет қаралған
Үкімет бюджеттің жаңа нұсқасында 83 миллиард теңге дефицит болатынын заңдастырды
Жыл басталғанына екі ай толғанда 2009 жылдың күзінде талқылап, қабылдап бекіткен Қазақстан Республикасының 2010 жылғы бюджеті қайта қаралып, толықтырулар енгізіліп, оны «Нұр Отан» ХДП мақұлдап, Парламент қарауына ұсынды.
Біздіңше бюджеттің жаңа нұсқасы Парламент көңілінен шығуы тиіс. Өйткені қазірдің өзінде атқарушы билік өкілдері мен депутаттар: «Бұл нұсқада Елбасымыздың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қарастырылған барлық әлеуметтік мақсаттағы толықтырулар енгізілген», – деп жатыр. Біз де оған күмәнданбаймыз. Оның үстіне жаңа нұсқада әлемдік рыноктағы мұнайдың бағасы барреліне 65 доллардан болады деген шама алынған екен. Орайы келгенде айта кетейік, біздің елімізде соңғы жылдары бюджеттің 3 нұсқасы жасалады. Біріншісі – «пессимистік» деп аталып, әлемдік рыноктағы шикізат бағасының түсуіне орай мұнай баррелінің 40 доллардан төмен болған жағдайында қолдан келетін шаралар жоспарланады. Екіншісі – негізгі, ал ресми тілмен айтсақ, «базалық» нұсқа. Мұнда биылға дейін мұнай бағасының барреліне 60 доллар болуы негізге алынып, жыл ішінде атқарылар әлеуметтік шаралар содан түсетін кіріске шақталады. Ал 2010 жылға бекітілген алғашқы бюджеттік жоспардың «базалық» нұсқасында бұл баға барреліне 50 доллар көлемінде болады деп есептелген еді. Үшіншісін, яғни «оптимистік» нұсқаны түсіндіріп жатпай-ақ қояйық, өйткені нұсқаның атауы да көп жағдайдан хабар беріп тұр ғой. Демек, бюджеттің жаңартылған соңғы нұсқасы осы «оптимистік» деген теңеуге лайық деуге болатын шығар. Әрине, Үкіметтегі бюджетті жасаушылар пікірінше солай деуге болады. Өйткені мұнай баррелінің бірден 15 долларға өскен шамасындағы кіріс жағдайында атқарылатын әлеуметтік шаралар қамтылды ғой. Қош.
Енді аздаған шегініс жасауға тура келеді. Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың жыл аяғында Елбасымызға берген есебінде 2009 жылдың бюджетінен 60 миллиард теңге көлеміндегі қаржы игерілмей қалғандығы ашық айтылған. Әрине, бюджет қаражатының осыншама мөлшерде игерілмей қалуы – өкінішті және бұған кінәлі лауазымды тұлғалар құзырлы орындар алдында жауап беруге тиіс, ал біз бұл мақалада осыншама мол қаржы неге игерілмей қалды, оған кімдер жауапты деген сұраққа жауап іздемейміз, тек қана осы қаржының 56 миллиард теңгесі биылғы жаңа бюджетті жасақтауға пайдаланылғанын ескерте кетпекпіз. Енді орайы келіп тұрған жерде Елбасымыздың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткен шәкіртақы мен жалақыны сәуір айынан бастап 25 пайызға өсіру үшін жаңа бюджет нұсқасында 54 миллиард теңге ғана жұмсалатынын естіп-білгендіктен: «Құдайым-ау, 60 миллиард теңгенің игерілмей жатқандығы бұрын да белгілі еді ғой, ендеше бюджеттің бұдан бұрынғы нұсқасын жасаушылар Елбасымызға қайта-қайта айттырмай-ақ, соны неге 25 пайыздық өсімді сәуір айынан бастау үшін пайдалануды қарастырмаған? Неге бұл өсімді жарты жыл кешіктіреміз, – деді» деген сұрақтың көкейге тірелгенін айта кетпекпіз. Тағы да қош.
Еліміз даму арнасына түскеннен бергі жылдардағы жасалған бюджеттің бәрінде, «әлемдік рынокта мұнай баррелінің бағасы 60 доллар болады» деген бір ғана санмен нысанға «байланып қалдық». Ал әлемдік рыноктағы сол мұнайдың бағасы барреліне 147 доллар болған кезін де көрдік. Бірақ біздің жоспарда мұндай қомақты санды былай қойғанның өзінде, тіпті 100, 90, 80, ең болмағанда, 70 деген сан да көрініс таппады. Соның салдарынан әр жылды аздаған «профицитпен» және жүздеген миллиард теңгені құрайтындай игерілмеген тәуелсіз қалдықпен (неосвоенный свободный остаток) қорытындылап жүрдік. Бірақ соның өзінде мұнай бағасы бюджет жоспарында алынған межеден екі еседен астамға артық болғанның өзінде бюджет «профициті» көңіл көншітпеді. Одан әрқашан да игерілмей қалған тәуелсіз қалдық әлдеқайда көп болатын. Неге бұлай? Тағы да қош.
2010 жылдың бюджеті сөйтіп жаңа нұсқада «жұмыс істейтін» болады. Жоғарыда айтып кеттік, онда мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасы барреліне 65 доллар болуы негізге алынған. Осындай жағдайдың өзінде жаңа нұсқада 83 миллиард теңгелік дефицит болатындығы қарастырылыпты. Біріншіден, жаңа жыл басталғаннан бері әлемдік рыноктағы мұнай бағасы барреліне 76-77 долларлық деңгейден түскен жоқ. Ал алда бүкіл дүние жүзінің нағыз жұмыс істейтін уақыты жаз маусымы тұр. Демек, мұнайға сұраныс қазіргіден әлдеқайда өседі. Оның үстіне дүние жүзі мемлекеттерінің, оның ішінде АҚШ, Жапония, Еуроодақ елдері, Қытай, Ресей, тіпті өзіміздің Қазақстан 2010 жылға белгіленген экономикалық жоспарларында мұнайды қажет ететін тұстар ерекше көп болып тұр. Айталық, біздің Қазақстан мен Ресей секілді мемлекеттер жол құрылысына ерекше көңіл бөлсе, Қытай, Жапония, Германия, Румыния, Италия, Грекия химия өнеркәсібіне «арқа сүй-ейтінін» мәлімдеп үлгерді. Бұларда да негізгі шикізат ретінде мұнай пайдаланылады. Қысқасы, дүние жүзі бойынша мұнайға сұраныс 2009 жылғыдан шамамен 10-15 пайызға өсетіні анық. Ал мұнай экспорттайтын елдер өндіріс көлемін ұлғайтуға кейбіреуі қабілетсіз, кейбіреуі, дәлірек айтсақ, Венесуэла мен Иран ықылассыз. Қазіргі таңда бүкіләлемдік мұнай рыногында аталған екі мемлекет шамамен 20 пайыздық үлесті иемденетінін ескерсек, онда «қара алтынға» талас басталары сөзсіз. Бұл – бағаны өсіретін жағдай. 2009 жылдың яғына қарай мұнай баррелі 2010 жылы 100 доллардың көлемінде болады деген Халықаралық валюта қорының сарапшылары таяуда Иран басшылығының тарапынан: «Егер Еуроодақ бізді оқшаулау саясатынан бас тартпайтын болса, онда бұл аймаққа мұнай экспорттауды мүлде доғарамыз» деген сыңайдағы мәлімдеме жасалған соң-ақ, «2010 жылы мұнай баррелі 150 долларға сатылып қалуы мүмкін, одан әрі бұл көрсеткіш өсе береді, сөйтіп, ол 200 доллардан да асады» деген болжамдарын жариялай бастады. Әрине, біз мұнай баррелі 100 доллардан артыққа бағаланатын кезді бұл мақалада «ұмыта» тұрамыз. Ал оның 90 доллар болатынына кәміл сенеміз. Демек, сарапшылардың осы ең төменгі мөлшерін де емес, дәл қазіргі ақиқатты ғана негізге алғанның өзінде біздің бюджеттің жаңа нұсқасының өзінде шамамен 10-12 доллар «ескерілмей» қалғанына қынжыламыз. Қынжылатындығымыз – бұл жинақтала келгенде миллиардтаған доллармен есептелетін мол қаржы болып шығатындығы. Сол ескерілмей тұр. Бұл – бір.
Екіншіден, бюджеттің жаңа нұсқасында 2010 жылғы жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі екі пайызды құрайды деп алынған екен. Бұған да күмәндіміз. Айталық, Елбасымыз 2009 жылғы «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде атқарушы билікке таяудағы бес жылдықты жүзеге асыратын жеті міндетті жіктеп, көрсетіп беріп, соларды орындаудың нәтижесінде еліміздің ішкі жалпы өнімі қосымша құны мол тауарлы өндіріс арқылы жеті триллионға өседі дегені баршаның есінде. Бұл бес жылдықтың әр жылында шамамен 7-10 пайыздық өсім ала отырып, ішкі жалпы өнім мөлшерін 45-47 пайызға көбейту дегенді білдіреді. Егер біз бес жылдықтың осы алғашқы жылында және Ұлттық қордан 8 миллиард доллар көлеміндегі, сондай-ақ сыртқы инвесторлардан 5 миллиард доллар көлеміндегі ауқымды қаржы игерілетін жобалар құрылысы басталатын жылы бар болғаны екі пайыздық өсіммен шектелсек, онда қалған 4 жылдың әр жылында 11-12 пайыздық өсімге қол жеткізуге тиіс болып шығамыз. Бұл – ақиқатқа қаншалықты жақын? Біздің болжауымызша, жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі биыл 4-5 пайыздан кем болмайды. Бәлкім, одан да жоғарырақ болар. Өйткені, әлемдік қор биржаларындағы біздің экспорттық тауарларымыздың бағасының өсуі – соңғы 9 айдан бері дәйекті құбылысқа арналған. Көмірсутектері де, металл түрлері де, минералдар да, тіпті, күз кезінде арзандап кеткен астық та қымбаттап жатыр. Бұл натуралды өсімді былай қойғанда, біздің ел үшін биылғы жылы номиналды өсім де тіркеледі деген сөз. Ішкі жалпы өнімнің өсуіне отандық сауда капиталы да оң әсер етеді. Ол ол ма, 2009 жылды өздерінің ішкі мәселелерін шешумен өткізген отандық қаржы жүйесінде де қарқынды қызмет басталады. Осы соңғы айтқан екі саланың өзінен ең кемі 15-20 пайыздық өсім алуымыз әбден мүмкін. Өйткені, қазақстандық тұтынушылардың жеке кірісі Президентіміздің Жолдауына сәйкес 25 пайыздық өсімге ие болады ғой. Ал ол банк секторы мен сауда капиталына «жан бітіретін» қозғаушы күш болары сөзсіз.
Үшіншіден – Қазақстан, Ресей, Беларуссия Кеден одағы қалай болғанда да өзінің оң нәтижесін беруі тиіс. Бұл ең алдымен үш мемлекет арасындағы сауда-саттық жүйесі бойынша тауарлардың іркіліссіз еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, ақыр аяғында қаржы айналымын жеделдетеді. Сондай-ақ транзиттік тасымал да өсетіні анық. Қытаймен екі арада жасалған соңғы келіссөздер нәтижелі болса, ол екі мемлекеттің арасындағы алыс-берістің 15 миллиард доллар көлеміне жетуін қамтамасыз етеді. Бұларға қоса Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен «бизнеске қолайлы жағдай» туғызылатын болды. Салықтық жеңілдіктер де өмір ақиқатына айналады. Демек, кәсіпкерліктің, дәлірек айтсақ, шағын және орта кәсіпкерліктің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсетін шағы келді. Осылардың өзі-ақ 2010 жылғы ішкі жалпы өнім өсімі бюджетте белгіленгендегіден кемі екі есе жоғары болатынына сендіріп тұрғандай.
Төртіншіден, Елбасымыздың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында негізі қаланған еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қазір «құлдыраудан бас көтере алмай жатқан» Батыстың дамыған мемлекеттеріндегі қор биржаларының құнсыздануын тоқтатпай жатқан құнды қағаздары әбден мезі қылған қаржылы топтың назарын өзіне мейлінше аударған бір нысан болып шықты. Біздің білетініміз жекелеген «өсімқорлар» болмаса, қаржылы топтың басым бөлігі байлығының жыл сайынғы 5-10 пайыздық өсіміне шүкіршілік ететіндер. Ал бұлар үшін Қазақстанның 10 жылдық бағдарламасындағы индустриалды-инновациялық жобаларға инвестиция құю – таптырмайтын олжадай көрініп тұр. Олар біздің бұл жобаларымыз көз алдаушы дүние емес, өмірлік маңызы бар, ұзақ мерзімді пайда көзі екенін жақсы біледі. Әрі-берідесін қажетті шикізаттардың бәріне дерлік бай Қазақстанның индустриялдандыру бағдарламасы құр арман емес, қол жететін және аса пайдалы іс екені шала сауаттының өзіне де түсінікті жағдай. Мұндайда әзірге біздің ойымызға кірмеген тұстан да ішкі жалпы өнімнің өсіміне үлес қосылары анық. Ол – өндірістік мақсаттағы жобаларға шетелдіктердің тікелей инвестициялары түрінде келеді. Қазірдің өзінде бізге 25 миллиард долларлық шетелдік тікелей инвестиция белгілі.
Қорыта айтқанда, халық та, біз де Президент Н.Ә.Назарбаев тапсырмасының орындалатынына сенеміз. Оған қоса онжылдық индустиялды-инновациялық даму бағдарламасының орындалуы – «Нұр Отан» ХДП беделіне негізгі өлшем болмақ. Бағдарлама қалай орындалды, ол қандай нәтиже берді, міне, осы көрсеткішке қарай халық алдындағы беделі өлшенетінін еліміздің іргелі партиясының қарапайым мүшелерінен жетекшілеріне дейін жақсы түсінеді. Сондықтан да, осы уақытқа дейін ескерусіз қалған кейбір кемшіліктер уақыт өте келе тағы түзетіледі ғой деген сенімдеміз.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН.


Пікірлер
Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!