БИЗНЕС-LEDІ
Экономика · 64 рет қаралған
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ӨРГЕ СҮЙРЕП КЕЛЕДІ
Еліміздегі шағын және орта бизнестің 50 пайызына жуығы әйел кәсіпкерлерлерінің үлесінде. Жалпы, нарықтық қоғамға өткелі бері шағын кәсіпкерліктің шаруасы нәзік жандыларға қол екенін көрсетіп келеді.
Бұл – біздегі шатқаяқтап тұрған шағын бизнестің жүгін неше жылдан бері қажымай-талмай сүйреп келе жатқан әйел затының шын мәнінде «қырық жаны бар» екенінің дәлеліндей. Республикамызда кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген төменетектілердің ұзын саны 3 миллионға жуық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы қожалықтардың да 10 пайызын әйелдер басқарады екен. Негізінен, нәзік жандылардың бизнесі көбінесе 5-10 жұмыс орнына ғана лайықталып ашыла беретіні рас. Бір есептен, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында олардың жұмысы аса көп елене бермей, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай көмектен көп жағдайда қағылып келгені де осыған байланысты секілді. Себебі, осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктердің денін үлкен кәсіпорындар көргені жасырын емес. Десек те, кейінгі жылдары мемлекетіміз ішкі жалпы өнімнің негізін құрайтын шағын және орта кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер басқаратын бизнеске ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, бір ғана 2008 жылы әйелдер басқаратын 60-тан аса шаруа қожалықтарына ауылдық несиелік серіктестіктер желісі бойынша 3 млрд. теңгеге жуық несие берілген. Жалпы, нәзік жандылар несиені үнемді пайдаланудың арқасында алған қарыздарының 99 пайызын қайтаратындығын дәлелдеген. Осыған орай, Елбасы былтырғы жылдың наурызында өткізілген Қазақстан әйелдерінің V Форумында еліміздегі іскер әйелдер кәсіпкерлігін несиелеу үшін қаржыны екінші деңгейдегі банктермен келісіп орналастыру бағдарламасын құруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кәсіпкер бикештердің бизнесін қаржыландыру үшін бөлінген 835 млн. теңге көлеміндегі қаражатты игеруге 4 банк қатысуда. Бүгінде қаржының белгілі бір бөлігі «БанкЦентрКредит» пен «Еуразиялық банкке» орналастырылған. Қалған қаражатты игеру үшін «Цеснабанк» пен «Дельта Банкке» орналастыру жөнінде келісімдер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламасы шеңберінде қаражат көлемін осы жылдың аяғына дейін 2 млрд. теңгеге ұлғайту жоспары бар. Себебі, бүгінде елімізде 290 мың шағын және орта кәсіпорын, 700 мыңдай кішігірім бизнесі бар жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың 7 пайызын іскер әйелдер құрап отыр. Олай болса, жоғарыда айтылған қаржы еліміздегі кәсіпкер әйелдер санының көбеюіне негіз болмақ. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламалық несиелер департаментінің директоры Қанат Сұлтанғазиевтің айтуынша, несие алу үшін ең алдымен банктерден қойылатын талаптарға сәйкес болу керек. Бұл дегеніңіз – кәсібіңіздің алған қаржыны қайтаруға мүмкіншілігіңіздің кепілі. Дегенмен, бағдарлама аясында берілетін несиеге ешқандай шектеу жоқ. Аталған қаражатты ауыл шаруашылығы, сауда және басқа да кәсіп түрімен айналысқысы келетін кез келген нәзік жандының алуына мүмкіндік бар. Статистикалық мәліметтерге қарағанда қазіргі күні елімізге сырттан 30 млрд. долларға жуық тауар келеді. Белгілі экономист-ғалым Рахман Алшановтың есептеуінше, соның 10 млрд. долларға жуық тауарын өзімізде жасауға болады екен. Олай болса, шағын және орта бизнестің құлағын ұстаған жандардың мойнына артылар жүктің салмағы да ауырлай түсетіні анық. Сонымен қатар, ел кәсіпкерлері үшін тағы бір маңызды жайтты айта кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы ақпанның 26-сында Президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің бірінші отырысында беріліген тапсырмасына сәйкес, наурыздың 10-ынан бастап Мемлекет басшысының ресми сайтында (www.akorda.kz) «Бизнесті Президенттік қорғау» деп аталатын арнайы бөлім ашылмақ. Ендігі уақытта кәсіпкерлер сайттың осы бөлімі арқылы өздерін толғандырған мәселелер жөнінде Елбасына тікелей жүгінуіне мүмкіндік алып отыр.


Пікірлер
Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!