№ 35 (364) 


Тіршілік тірегі

Жаңалықтар · 179 рет қаралған

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әйел-аналардың бір тобымен кездесіп, оларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

– Бүгінгі таңда қыз-келіншектер мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ер-азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Көптеген әйелдер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды медицинаны дамытуға атсалысып жүргендігін атап өтуге тиістімін. Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында жан аямай қызмет атқарып, істің басынан табылатын барлық аналарға, қарындастарға, қыз-келіншектерге шынайы алғысымды білдіремін.

Қазақстанда әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторларында, шаруашылықтың әртүрлі салаларында ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-қарымын іскерлікпен көрсетіп келеді. Өмірге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелеп, тіршілікке тірек болған асыл жандарға деген құрмет біздің елімізде ерекше деуге болады. Біздің елімізде отбасылық құндылықтар сақталған, дегенмен қазір әлемнің әр түкпірінде қантөгістер тоқтамауда. Террорлық әрекеттің салдарынан баласынан айрылған аналар зары таусылар емес. Теледидар арқылы күн сайын көріп отырғанымыздай Ирактағы, Ауғанстандағы жарылыстардан қаншама бейбіт тұрғындар опат болуда. Түптеп келгенде мұның бәрі дінаралық, ұлтаралық қақтығыстың негізінде болып жатқан дүниелер. Қазақстан ынтымақ пен бірліктің арқасында ұлтараздықтың ауылын айналып өтуде. Аллаға шүкір, аналарымыз қақтығыстан қапаланып көз жасын төккен жоқ. Міне, осындай ойларды да алға тартқан Елбасы: «Әйелдер отбасындағы емес, сонымен елдегі тыныштықты сақтаушы болып табылады. Отбасында сыйластық болса онда бәрі тыныш деген сөз. Егер әйелдің көзінде жас болмаса, бұл дегеніңіз елдегі жағдайдың жақсылығын, елдің тыныштығын білдіреді. Егер әйелдің көзінен нұр шашылып тұрса, онда оның жанында тіреу болатын нағыз ер-азамат барын, балалары жақсы өмір сүріп жатқандығын білдіреді», – деді.

Сонымен қатар, Елбасы қалада да, ауылда да әйелдердің арқасында тіршілік етіп жатқан еркектердің де бар екендігін, мұндай масылдық пиғылға жол бермеу керектігін айта келіп, ер-азамат қашанда отбасының күнкөрісін қамтамасыз етулері керек. Еркектер әйелдерге тек 8 наурыз мерекесі күні ғана құрмет көрсетпей, оларды әрдайым қамқорлыққа алулары керек, – деді.

Жалпы, «Баласыз ана – жеміссіз ағаш» демекші, адамның байлығы балалардың санымен өлшенген ғой. Сондықтан да Қазақстанда мемлекет тарапынан анаға жасалынатын қамқорлық үнемі Елбасының басты назарында. Мәселен, 2008 жылы баланың тууына байланысты бір жолғы жәрдемақы екі есеге ұлғайтылды. Баланы күту жөніндегі жәрдемақы 1,6 есеге өсті. Өткен жылы мұндай жәрдемақыны 160 мыңнан астам қазақстандық отбасы алды. Ал, биылғы жылдан бастап, «Алтын алқа» наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеген аналар алуда. «Күміс алқамен» алты бала тәрбиелеген аналар марапатталуда. Бұл марапатқа ие болған аналар ай сайын 8 мың теңге көлемінде мемлекеттен жәрдемақы алатын болады.

Пікірлер

Өзіңіздің пікіріңізді қалдырыңыз!