№ 21 (501) 


Тәуелсіздік құрдастары: Тұрар Әбдібаев

УАҚЫТ.kz · 404 рет қаралған

Бұлқыныс пен ұмтылыстың арқасында «қазаққа теңдік пен кеңдік қашан келер екен» деген Алаш арыстарының ақшаңқан армандары орындалып, ойрандалып ортасына түскен ордамыз қайта тіктелді. Толығымен…

ТӘУЕСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ: Мәди Жұмабеков

УАҚЫТ.kz · 475 рет қаралған

Шіркейлі — ақын Таспа мен Күдерінің, қаламгер Қалтайдың, жазушы, аудармашы Әбіраш Жәмішұлының, Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтың ауылы, діндар кісісі көп, киелі топырақ. Көне тарих пен қазіргі құт қонған қадірі де аз емес, заманында дүрілдеген даңқы да бар. 1955 – 1983 жылдары кеңшарды басқарған Жаңабай Азаматовтың кезінде ауылдың аты Алтын кітапқа жазылды, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Осындай айтулы ауылда тәуелсіздік құрдасы Мәди Нағиұлы Жұмабеков тұрады.

ҮШ ҮМІТ

Мәди осы озық ауылда өскен азамат. Өзі ел тәуел­сіздігімен түйдей құрдас, 16 желтоқсан күні өмірге келген. Өткен күндер естелігін анасы Бақыт Дүйсен­байқызынан асып айтар ешкім жоқ, сондықтан әң­гіменің әлқиссасын осылай бұрдық.

– Азаттықты аңсамаған адам некен саяқ. Бәріміз де елдің бүтіндігін, дербес мемлекет болуды армандадық. Ал, Қазақстанның тәуелсіздік туы желбірегенде қуан­ғанның бірі мен болдым. Себебі сол мәртебенің ме­рейі мен үшін ұмытылмастай. Соған сәйкес жеке өмірімде үш қуаныш орын алды. Алдымен сүйген адамымды жолықтырып, отбасын құрдық. Екінші, оқу бітіріп, мектепке мұғалім болып жұмысқа орна­лас­­тым. Үшіншісі – Мәдиім, перзент сүйдім. Міне, осы үшеудің үміті бізді биік белестерге жетеледі.

Әлі есімде, елімізде өтпелі кезеңнің ауыртпалығын кешіп отырған кез еді. Азық-түлік тапшы, дүкендер талон жүйесімен жұмыс істейді. Барға қанағат, жоққа сабыр сақтаған егде кісілердің «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген дәруіш сөзі денге қуат берді, демеді. Жаспыз, жігерімізді жаныдық. Алдымыздан ақтаңдай арайлап ататын ақ түйенің қарны жарыла­тын дәулетті заман шығатынына шынайы сендік. Оның үстіне ұл туылса қай қазақ та бөркін аспанға атады емес пе, шаңырақ шаттығы көл-көсір қуаныш­тан кем түспеді. Салмағы 3 келi 300 грамм болып туылған ұлды ұлттық дәстүр бойынша менікі деп мен­шіктеу әбес қой, атасының баласы дедік те оның есімін қоюды өзіне бердік. Жасыратыны жоқ, сол уақыттарда сәнге айналған еуропалық есімдерді күткенмін, бірақ атасы Мәди болсын депті. Шаған перзентханасындағы әйелдер «ақын, сазгер, би болған Мәди бабамыздай болса, қандай арманың бар» деп жұбатып жатты. Шындығында, шырайлы, шырын сөзге емес, тегіне сай текті, еліне сай епті азамат болса дегенмін іштей. Сонан соң жасы жиырмаға жетсе үйлендіріп, дүркіретіп той жасаймын деп арманда­дым. О тоба, періште әумин десе керек, биыл жиырма жасында, яғни алтыншы қараша күні келін түсіргелі жатырмыз. Сегізінші сыныптан жұбы жазылмаған Гүлзина енді біздің үйдің бағы болмақ. Құда да, құдағи да көрген жердің керемет кісілері. Құдай қосқан құдалықтың қызығына келіңдер. Сөз басында үш үміт дедім ғой, жолдасым Нағи сенімді серігіме айналды, арқа сүйер тірегім болды. Үш перзент сүйдім. Екінші үмітім ұстаздықтан – қазір Ә.Жәмішев атындағы №129 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына көтерілдім. Үшіншісі – Мәди балам, отбасының ғана емес, ағайын-туыстың да, тіпті ауылдың да бетке ұстар азаматы атанды. Міне, ана бақыты деген осы болар!

БАТЫРЛАРДЫҢ БАЛАСЫ

Бұл ауылдан Кеңес Одағының батыры да шыққан дедік. Ал, енді Мәдидің қос әжесі Сәнімкүл мен Ба­зар­күл де өмірге он перзент әкелген батыр аналар. (На­ға­шылары Мұсаевтар әулеті де осы ауылдың байырғы тұрғындары). Аталары Зұлпықар мен Дүйсенбай болса, елдің алдында жүрген елеулі егінші болыпты. Ауылдың атын аспандатқан күріш дақылының дәреметін танытуда да, табысын асыруда да аталған кісілердің ат салысуы аз болмаған. Сон­дықтан күрішші болу Мәди үшін таңсық емес. Болашақ келіннің де төркіні күріш егумен кіндіктес шаруақор адамдар. Мұны берекенің басына, жақсы келер қасына деп түйдік. Бақыт айтады: «Мен он баланың кенжесімін. Өзімнен үлкен әпкем көпбалалы отбасыға келін болып түсті. Үйіне қыдырып бара қалсаң, тіршіліктен қолы босамайды, бір сәт дамылдамайтын. Кейін мен де осындай үлкен отбасыға келін болдым. Сонда сезгенім — көптің аты көп, тынысың да кең, тамырың да терең тартады екен. Бір қайын ағам комбайнер, бірі темірден түйін түйген ұста, бірі мал-жанның бағбаны, әйтеуір ынты­мағы жарасқан, жұдырықтай жұмылып тұратын жанбыз. Бес келін білек түргенде бір қауым­ның ша­руасын ептей бере­міз. Қысқасы, қай мәселе де ағайын­ның ауыз­бірші­лігімен бітеді ғой, біздің осын­дай бір­лігі бекем база­рымыз бар».

Әрине, ауыл деген қазақтың алтын діңгегі болған­дықтан сол ортада өскен баланың да болжамы бөлек, көзқарасы да қарақты келеді. Еңбекке де олақ емес, омыраулы орнымен озық тұрады. Мәди Жұмабеков­тың бала күнінен Зұлпықар атасының ақылын тың­дап, зейінді болып жетілгені мектептен көрінді. Бастауыш сыныпты кілең бестікке бітіріп, ес біліп, етек жапқанда шамалы төрт араластырып алды. Бұ­нысы білімі нашарлады деген емес, әкесі Нағидың қолқанаты болуымен бағалануы керек. Темір-терсекке үйірсектеу болды да көлік жүргізуді бесінші сыныптан бағындыра бастады.

Бірде ол:

– Әке, маған үлкен жолдың бойынан жер алып берші, – деді.

– Оны қайтесін?

– Жанар-жағармай құю стансасын ашқым келеді.

Қаршадай баланың батыл қадамына, нарыққа бейіміне әке іштей риза болды. Бірақ, ойын баласының жәй қызығушылығы шығар деді де қойды. Асылы, қазақ «екі атаның ортасында өскен бала дана болады» деген ғой, ой орамы оқтаудай, сөзі нық бітім-болмысы оның пысық әрекеттерін білдіре түсті.

Әу баста, мал шалып, көпке шілдехана жа­сап беріп жатып Зұлпықар атасы: «көрде тұр, рақатты осы баладан табасың» депті. Сол сөз расқа айналып жатыр. Туасы, батырлар ауылынан батырлар шыға­тыны шындық па деп қаламын. Тау баласы тауға қа­рап өссе, Мәдидің де межесі кері кетпейтіні белгілі еді.

МЕКТЕПТІҢ МЕРЕЙІ

Саған өтірік, маған шын, ол үздік оқушы ғана емес, қоғамдық жұмыстарды атқарудың да алды болды. Былайша бесаспап десек болады. Мерекелік сайыстарда Мәдидің мәртебесі биіктей береді. №129 орта мектепте өтетін қандай мәдени шара Мәдисіз мәнді емес. Доп қуу, асық ату қай баланың да ермегі болар, бірақ спорт әбжілдер мен намыстыға тән та­лапты сұрайды. Оның футбол, волейбол, жүгіру секілді жарыстардың шаңын шығармаса, шекесінің қызуы қайтпайтын. Тіпті, «Жігіт сұлтаны» сайысында бас жүлде алған. Кейбіреудің «шешесі мұғалім бол­ғасын әбден үйреткен ғой» деп сырттай тон пішетіні бар. Алайда оның қабілет-қарымы келіспей тұрса байқауға бел шешіп бармас еді.

Жаны жібектей, бала десе бауырмал алғашқы ұстазы Айшат Ерболатованың естелігі еске түсті. – Өзі еркелеу еді. Бірақ тәртіпсіз емес. Қозыдай томпақ, өте сүйкімді. Салт-санаға сергек, үлкен кісімен қос қолдап амандасады. Апай деп алдымды кесіп өтпей­ді, тәрбиелі болды. Мінезі ашық болды. Жаттау-тақпақты жедел жаттап, екпіндеп тұрып айтып бе­реді. Сөйткен бала ғой, қазір ер жетті. Соңғы кезде мынадай ой келеді: «Осы мен бір-ақ баланы оқыт­қамын-ау» деген. Олай дейтінім, Мәди жолай көріп қалса, көлікті кілт тоқтатып, керек жерге жеткізіп тастайды. Ұстазға шәкірттен мұнан артық қандай ыстық ықылас керек, – деді ол. Ал, тарих пәнінің мұ­ғалiмi Маржан Абытова болса: – Мәдидің қатарынан көп артықшылықтары бар. Әсіресе, біреуге көмек­тескісі келіп тұратын жанашыр қасиеті маған қатты ұнайды. Біз нарық заманына көшкелі егде кісілерге қайырымдылық, қамқорлық жасауды ұмыт қалды­рып жүрміз. Сондай сәтте оның әлгіндей ерек­шелігі жаныңды жадыратады, үміт пен сенімді жоймаудың нышанын сездіреді. Қай ұстаздың басты мақсаты саналы азамат тәрбиелеп, елімізге қызмет ететін, елін сүйетін, жалпы бойынан жақсы қасиеттер көруді көздейтін негізді алға тартады. Сол мақсаттың бір па­расы Мәдимен ақталып жатыр деп толық айта аламын, –деді.

Мәди тоғызды бітірісімен Қызылорда қаласын­дағы «Болашақ» университетінің колледжіне оқуға түсті. Ойы – заң маманы болу тұғын. Колледждегі оқу өмірі оны есейтті, қоршаған дүниеге деген ой өрісін кеңейтті. Оқи жүріп Шіркейлі туралы шынайы пікірлер қалыптасты. Әке-шешесіне деген шексіз махаббаты маздап, жиі ойланатын болды. Жастар түгелімен оқу іздеп кетсе, ауылды кім гүл­дендіріп, кім өркендетеді. Кемел келешекке берік сенім ұялату жастар жауапкершілігінде емес пе? Осындай маза­сыздық Мәдиді тың идеяларға же­теледі.

Колледжді тәмамдаған бойда ауылға жол тартты. Әкесіне көмектескісі келді. Үйде отбасылық ақыл­дастық жасалды. – Шырағым ұлым, болашақ білім­дінің қолында, оқуыңды жалғастыр. Ал, егінді дамы­тамын десең, сырттай оқығаның жөн, – деді әкесі Нағи.

Келісім бойынша ол Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік университеті тарих факульте­тінің заңгер мамандығына сырттай оқуға түсті. Қазір екінші курста оқиды. Бұл жөнінде университеттің проректоры Наурызбай Байқадамов: «Мәдидің шық­қан тегі мен оқуға деген талабын жақсы білемін. Еңбеккерлiгi бір бөлек. Жастардың ауылды көркей­туге ұмтылысы жақсы бастама ғой. Елбасының түпкі идеясы осы бағытқа жастарды жұмылдыруды көз­дейді, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп қабылдады. Бұл нәтижесіз емес, «Дипломмен – ауылға!» жобасы жүзеге асып келеді. Әлеуметтік сала мамандары ауылға топтасып жатыр. Жалпы, жақсыға жаттық жоқ, Мәди секілді азаматтардың ауылға бет­бұрысы бізді қуантады», – деді.

ОТБАСЫ ОРАЙЫ

Заңғар биіктерді зейінді адам бағындырады. Қай ата-ана болмасын ұл-қызының ұлағатты, білімді болғанын қалайды. Сол себепті ынта-ықыласын ұр­­паққа көп бөлуге тиісті. Бақыт балаға аналық мейі­рімін төксе, Нағи болса әкелік ер мінезділікке, ең­бек­кештікке тәрбиелейді. Бәлкім, осы ұлттық педа­­­го­­гиканың маңыздылығы артса керек, отбасы орайы көпке үлгі болып келеді. Жақында бұл отба­сы арнайылап облыстық «Отбасы – алтын діңгек» сайы­­сына қатысуға шақырылды. Мұндай көңілді және интеллектуалдық сауалдардан басқа спорттық сайыс­тар да қамтылды. Отбасы құрамын әке мен шеше, шаңырақтың тұңғышы Мәди, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің үздік сту­денті, екінші перзенті Алтынай және кенже қыз, екінші сыныпта оқитын Жанерке құрады. Барлық сайыс сындарынан сүрінбей, топжарған Жұмабеков­тер байқаудың жеңімпазы атанды. Сөйтіп үлгілі отбасының үлгілі үрдісі аймаққа да танылды.

Расында, Жұмабековтердің әулеті жақын-жуыққа белгілі, қиын-қыстауда бір-бірін жамандыққа қал­дыр­майтын, жақсылыққа жетелейтін бауырмал­дық ізгілігі ұзын сонар әңгіменің желісіне татиды. Нағи­дың еңбектегі нәтижелі нышандары бір отба­сының ғана емес, ағайын-туманың да тіршілігіне талғажу болады. Сондықтан егін жинау науқанында әулеттің әлділері жұмыла күш жұмсайды. Бұл отба­сы­ның бірыңғай егінге бет бұруы 1997 жылы басталды. Нағи Жұмабеков осыған сай «Нағи» шаруа қожалы­ғын ашып, қарамағына 40 гектар жер алған. Жыл сайын еткен еңбекке қарай өнім алу өзектілігі дами түсті. Биыл гектарына орташа 50 центнерден өнім келіп отыр.

– Заман ағымына бейімделу, отбасы бюджетін толықтыру тек ата-ананың ат салысуымен шектелмеу керек. Отбасы жауапкершілігі ортақ міндет деп білемін. Сол себепті әкеге, оның шаруашылығына көмектесу басты борыш деп есептеймін. Қажет десе комбайн жүргізуге, су суаруға, жер жыртуға дайын­мын, тіпті өндірілген өнімді саудаға шығаруға үйрендім.

Мемлекет Басшысы өзінің дәстүрлі Жолдаула­рында ауылды көркейтуді, еңбек қолына бір бағыт­тағы жұмыспен шектелмей, қосымша мамандыққа даярлауды тапсырып келеді. Осы сенімді ақтауға біз берік болуымыз шарт. Ауылда жұмыстың көзі көп. Бір егіннің айналасында жүріп, көптеген істен кеш қалуға болмайды. Қазір инновациялық-индустриялық дамуды таңдаған елміз. Сондықтан өңдеу техноло­гиясына баса назар аударудың тиімділігін күн тәрті­бінен түспегенін қалаймын.

Бүгінде Қызылорда облысында қамыстан құры­лыс материалдарын шығару қолға алынып отыр. Сол қамыс әрбір ауылда өседі. Біз құрылысқа өте қажетті материал ретінде қыс айларындағы бос уақыттарда қамыс оруға мән берсек қандай жарасымды. Шүкір, қазіргі тоқшылықты, сондай-ақ елдің әлеуметтік жағдайы жақсарғанын үй құрылысын жүргізудің қарқынымен де өлшеуге болады. Бұл деген сөз елдің еңбекке еті үйреніп, өмірмен күресудің мәнісін түсінгенін білдірсе керек. Мен замандастарыма, құр­бы-достарыма ауылда қалып еңбек етуге үндеймін. Бәсекені жаппай жоғары білім алу деңгейімен емес, уақыт тапшылығында тұрған жұмысшы мамандықта­рымен өндірісті, ауыл шаруашылығын толықтырумен есептеген жөн. Білесіз бе, ауылдағы механизаторлар­дың көпшілігі орта жасқа келген, немесе денсаулығы сыр берген ағалар ғой. Ал, олардың жұмысын алмас­тыратын іні болмаса сабақтастық үзіліп қалмай ма? Мені толғандыратын сауалдың бірі осы болып тұр, —дейді Мәди Жұмабеков бізбен әңгімеде.

Жас та болса бас бола білетін Мәдидің биік мақ­саттары баршылық екен. Алдағы уақытта егіс көлемін арттырып, күріштен алтын таулар тұрғызу қамын­дағы оның әрекеттері бір отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың мерейін шығару болып тұр. Ол күріш өсі­рудің озық үлгісін қалыптастырған «Мәді қажы» ЖШС-не жетекшілік жасайтын білікті басшы Аппаз Камалладин секілді абыройы асқақ көкелеріне ұқ­сағысы келеді. Олардан үйренері көп.

Айтпақшы, осыдан он жыл бұрын ел тәуелсіздігі мерекесінде Сырдария аудандық әкімшілігі Те­реңөзекте тәуелсіздік құрдастарын жинаған болатын. Аудан бойынша 16 желтоқсан күні туылған жалғыз ұл Мәди және үш қыз бар болып шықты. Әкімшілік оларды құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстаған еді. Биылғы мерекенің базарлығы онан да қомақты болар деп ойлаймыз.

Мәдидің ел тәуелсіздігімен бірге есейіп, елге танылған есімі Сыр бойынан да асып жатса қандай қуанышты. Бүгінгі күрішші Мәдидің келешегі қай дәрежеде бола­тынын бір Тәңірге ғана тән жағдай. Біздің бір білеріміз, оның уақытпен үндестігі, заман талабына еті тірілігі, еңбектен ерінбейтін, құлшынысы алымды екендігі шығар, ал, ішкі әлемінде толысып жатқан толағай мәселелері әлі сыртқа мәлім емес. Қарашаның басында қуанышы бар, Гүлзина есімді арумен бас қосады. Қалыңдық колледжді тәмамдағалы тұр. Сәті келген істің салмағы жеңіл емес пе, той көбейсін, тума-ұрпақ терең тамыр тартсын дейміз. Бұған республикада таралымы ең көп газеттің біре­гейі «Дала мен Қаланың» 148348 оқырманы қосылып, жақсы ырымға куә болмақ. Атадан ақыл, әжеден нақыл алған немере, әке-шешенің ұлағатына ұйыған ұрпақ түбінде ұлтымыздың да мақтанышына айнал­са екен. Әзірге тәуекел дейік!

Қаныбек ӘБДУОВ.

Шіркейлі ауылы,

Сырдария ауданы,

Қызылорда облысы.

жолашар

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

«Нұр Отан» ХДП Сырдария аудандық

филиалының төрағасы, аудан әкімі:

– Сырдария – келелі көкжиектен көрінген, хал­қының бірлігі де, тірлігі де бекем, егін егу мен еңбек ырғағын еселеген іргелі аудан. Бүгінде аудан диқан­дары 18756 гектарға күріш дақылын орналастырып, одан орташа 53,5 центнерден өнім алып отыр. Ал, тікелей күрішпен айналысып жатқан 400-ден астам шаруа қожалығы бар. Олардың тобынан Шіркейлі ауылын­дағы «Нағиок шаруа қожалығын да көреміз. Жалпы, жастардың ауылға тұрақтауын, ауылды гүлдендіруге ат салысуын мемлекеттік бағдарлама­лардың ауыл үшін үлкен қолдау мен қамқорлық жасауынан туындады. Елбасының дәстүрлі Жолдауы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді көздесе, бұл орайдағы аудан тынысы айтарлықтай кеңіді. Мәселен, биылғы берекені өткен жылғы нәтижемен салыстыруға келмейді, уақыт қозғалысымен өсу үстінде. Сыр бойы үшін күріш ең бағалы дақыл. Сондықтан ол әрбір қызылордалыққа құнды. Еңбек етемін дегенге ауданда жер жеткілікті, аграрлы аймақ тұрғынына қашанда жол ашық. Ал, Мәди Жұмабеков секілді жастардың ауылға бетбұрыс жасауы көңіл қуантады, бұл ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына қо­сылған үлкен үлес деп есептеймін.

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,

Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы:

– Мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» жобасы жастардың қаладан шығып, елді мекендерде еңбек етуіне үлкен ықпал жасады. Бұл тікелей ауылшаруа­шылығы саласы бойынша жүзеге асып келеді. Өткен 2009-2010 жылдары Қызылорда облысында 1098 әлеуметтік сала мамандары ауылға тартылды. Ал, 2010 жылы жеңілдетілген несиемен 330 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2011 жылы 204 әлеуметтік сала мамандары бетбұрыс жасап отыр. Осындай нәтиже елге елеулі ерекшеліктер әкелуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын жастар қалаға қарай көш түзеп жатты. Бұл барлық аймаққа тән фактор еді. Енді ауылға ықылас қоюы мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдаулардың нышаны десек дұрыс. Ауылды дамытуға байланысты облыс әкімі қаржылық қамқорлық көрсетіп, егін мен мал шаруашылығына баса назар аударып отыр. Солардың ішінде Сырдария ауданы жылдағы дәстүрмен күріштен мол өнім алып келеді. Бұл береке ел бірлігінің айнасы, халықтың жұмыла көтерген жұмыстарының белгісі.Тәуелсіздік құрдасы Мәди Жұмабековтың ауылда қалып, күріш егісімен айналысуы өте құптарлық іс. Өйткені ауыл­дың келешек иесі осы жастар үлесіне тиеді. Сондықтан бел шешіп кіріскен бүгінгі бейнет ертең­нің зейнеті екеніне дау жоқ.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры:

– Ежелден еңбектің екпінді қазығы қағылған Шір­кейлі ауылын бес саусақтай білемін. Қолмен канал қазып, ауылға аяқсу әкелген ардақты әкелеріміз бен аналарымыздың аманаты ақталды, береке қа­ланған, табысы артқан ауылға айналдық. Небір ауыр замандар өтті, небір азамат еңбекпен ерте есейді, маңдай терінің қызығын көрмей кеткендер қаншама. Солардың бүгінгі жалғасы жастардың түйсігі жетіп түсініп, танымы біліп таңдаған ауыл өмірі нағыз ұлтымыздың ұлағатты ұясы ғой. Ғылымның неше атасы ауылдан түлеп шығады, ұлттық педагогика да, тарих та, инновациялық тех­нология да ауылдан пісіп жетіледі. Ал, ауылдың халқы қандай, су сұрасаң сусын беретін дархан пейіл иесі емес пе?! Қаланың бір жылы ауылдың бір күніне татымайды, ауылда береке баршылық. Мәдидің ата-әжесін де, арғы бабаларын да білемін, еңбек майданының ерлері. Осындай ататектің ұрығы ұлағатсыз бола ма? Бұл әулет те, баланың нағашылары да қара еңбектен құдіретті рахат тапқан, ұрпақ тәрбиесінде тағылымы мол өнеге қалыптастырған. Сондықтан жақсы әкеден жаман бала туылмайды деп айта аламын.

Тәуелсіздік құрдастары:

УАҚЫТ.kz · 718 рет қаралған

Кешегі Орта Азия жастарының комсомол ұйымына жетекшілік жасаған Ғанидың ту тіккен топырағынан бүгінде тамаша азаматтар өсіп келеді. Толығымен…

Тәуелсіздік құрдастары: Ержан Садинов

УАҚЫТ.kz · 378 рет қаралған

Газетіміздің «Тәуелсіздік құрдастары» айдарының кезекті санында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «Аграрлық-биологиялық» факультетінің күндізгі бөлім студенті, «Садинов» шаруа қожалығының алтын астығын алақанға салып, баптап өсіріп отырған жас диқан Ержан Әлібайұлын сөз етпекпіз. Толығымен…

Тәуелсіздік ҚҰРДАСТАРЫ: Нұрбол Төлегенов

УАҚЫТ.kz · 598 рет қаралған

Газетіміздің «Тәуелсіздік құрдастары» айдарында білім мен ғылымда, өнер мен спортта, кәсіпкерлік салада бағын сынап, ел намысын ту етіп көтерген Тәуелсіздік құрдастарының бір парасын жұртшылыққа таныстырып келгенімізді көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Айдарымыз­дың бұл жолғы қонағы қарапайым маман иесі. Толығымен…

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚҰРДАСТАРЫ: Нұрсұлтан Оңғарбаев

УАҚЫТ.kz · 549 рет қаралған

Қазір кәсіпкер көп. Талмай талпынып, іркілмей ізденіп шаруасын шырқ үйіре дөңгелетіп, атын шығарып үлгергендері де аз емес. Сол дүрмектің ішінде жанарынан ұшқын атқан, көкірегінде оты бар,
намысты, жігерлі бүгінгі ұрпақ өкілдері – жалындаған жастар да бар. Солардың бірі – Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы «Қазыбек» бизнес орталығының директоры Нұрсұлтан Оңғарбаев. Толығымен…

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚҰРДАСТАРЫ: Жансая ЕДІЛХАН

УАҚЫТ.kz · 443 рет қаралған

Еліміздің, жеріміздің ертеңгі алтын арқауы – жастар туралы сөз еткенде, әрдайым болашақпен байланыстыра, арман мен қиялға ұштастыра жазатынымыз рас. Бұл – өсер елдің белгісі. Толығымен…

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ: Жандарбек Бұлғақов

УАҚЫТ.kz · 1,674 рет қаралған

«Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» деп ата-бабаларымыз елдің мұң-мұқтажын, шерін әрдайым батыл жеткізе алатын атпал азаматтарға қарата айтса керек. Толығымен…

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ: Нұрбек Матжани

УАҚЫТ.kz · 693 рет қаралған

Біз үшін Азаттықты аңсаған көтерілістердің барлығы да ардақты. Мейлі, ол қандай сипатта болмасын, тарихтың таразысына салсақ қазақтың бостандығы үшін қанын төккен есіл аруақтар алдында мәңгі бақи қарыздармыз. Толығымен…

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ: Айнұр МАХМЕТОВА

УАҚЫТ.kz · 768 рет қаралған

Ол өнерді сүйеді. «Өнер» деп өмір кешуге дайын. Оның мақсаты – дара озып, дархан сахнаның саңлағына айналу. Біздің бүгінгі сөз етпек кейіпкеріміз – өнердің ең кербез түрін меңгерген жас биші Айнұр МАХМЕТОВА. Толығымен…

Келесі »